- Advertisement -

«МҮМКІНДІК АЗ» ДЕП МҰҢАЙМА

123

- Advertisement -

Әсіресе, мектеп бітірер тұста «Болашақта кім боламын? Қандай мамандықты таңдағаным дұрыс? Таңдаған кәсібім жоғары сұранысқа ие бола ма?» деген сынды сансыз сауалдар барлығымызды да толғандырғаны рас. Түлектер үшін ең жиі қойылатын бұл сұрақтарға жаңылмай жауап табу өте маңызды. Балалықпен қоштасып, үлкен өмірге аяқ басқан әрбір саналы адам ең әуелі сол өзі өмір сүрген ортаға пайдалы қызмет етуді ойлайды. Өзінің әлеуетіне қарай қолынан келгенше ел дамуы мен жаңғыруына үлес қоссам дейді.
Ал ол үшін меніңше, ең алдымен, әркім өмір алаңындағы өз орнын дәл таба білуі шарт. Өз орнын таба білген адам ғана халқына, отбасына мейлінше пайдалы іс атқара алады.
Таудай талабымды арқалап мен де көңілім қалаған кәсіптің қыр-сырын меңгеріп жүрмін. Бұйыртса, қаламының құдіреті арқылы қоғамға қызмет ететін, билік пен халықты байланыстырушы дәнекер болатын болашақ журналистпін. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студентімін. Бірақ, қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқып жүрмін. Өйткені, қазіргі жаңа жүйе, түрлі бағдарламалар жоғары білім аламын деген кез-келген жасқа кең жол ашады. Бастысы, оқуға деген талабыңыз болса болғаны.
Студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығынан «Erasmus» бағдарламасына 1987 жылдан бастап 1,9 миллион адам қатысқан екен. Қазіргі таңда бұл бағдарламаға әлемнің 30 елі, Еуропа университеттерінің 90 пайызы, 31 мемлекеттен 3100-ден астам ЖОО қатысады. Ал «Erasmus Mundus» бағдарламасы стипендиясының екінші консорциумы аумағында тек 2009-2010 жылдары Қазақстанға 20 стипендия тағайындалыпты. «Tempus ІV» бағдарламасының 10 жобасына 2008 жылдан бері қазақстандық 15 жоғары оқу орны, 67 студент, магистранттар мен оқытушылар қатысып келеді. Сонымен қатар, бүгінде елімізде ЖОО тарапынан шетелдік университеттермен (Ұлыбритания, Испания, Германия, Чехия, АҚШ, Канада, Ресей және т.б.) 80-нен астам меморандум негізінде бірлескен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып отыр.
Сондықтан да, мектеп бітіріп отырған жас талапкер! Сіздердің қалаған елде, таңдаған қалада білім алуға мүмкіндіктеріңіз орасан. Сан алуан бағдарламаларды пайдалана отырып, діттеген маман иесі болып шығу үшін беріліп отырған мүмкіндіктерді жіберіп алмаңыздар!

Майра ІЛЕС,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті.

Алматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support