- Advertisement -

Рухы өр, тамыры терең елміз

122

- Advertisement -

Жалғас Толғанбай,
Қазақтың
М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының әртісі.

Маған театр актері ретінде тәуелсіздік басыма бармақтай бақ берді. Сол азаттықтың ақ таңында еліміздегі ең таңдаулы оқу орындарының бірі Т. Жүргенов атындағы қазіргі өнер академиясын театр-кино актері мамандығы бойынша бітіріп шыққан соң өнердегі жолым басталды.
Еліміздегі таңдаулы өнер ордаларының бірі әрі бірегейі Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына жұмысқа орналасқан соң бекзат, бекзада өнердің туын әлім жеткенше көтеріп келемін. Оқуға түспес бұрын «Жігіт сұлтаны» республикалық байқауында да жұлдызым жарқырай жанған болатын. Мұның бәрі – тәуелсіздіктің жемісі ғой.
Академиялық театрда жүріп, қазақтың кемеңгер тұлғасы, данышпаны жөніндегі «Абай» қойылымында негізгі рөлдерді сомдауым, «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», «Қилы заман», «Қамар сұлу» «Әпке», «Жаужүрек» «Шәкәрім» секілді және көптеген қойылымдарда өзіме тиесілі барлық рөлдерде мүмкіндігімше көрерменнің көңілінен шығуға тырысқаным – ол да осы еркіндіктің арқасы. Рухы азат, тәні бекем ел ғана ұлтының руханиятын түгендейді, тарихтан тағылым алады. Әлемдік деңгейдегі классикалық туындыларда Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» граф Паристің, Гоццидің «Турандот ханшайымында» Тартальяның рөлдерін сомдауым – шығармашылығыма жаңаша серпін берді. Осы өнер саласында жүріп, сан алуан мемлекеттердегі фестивальдерде қанжығам майланды. Тағы да рахмет, саған, Тәуелсіздік!
Театрдан бөлек, «Ағайындар» фильмінде тергеушінің, «Жайлаудағы оқиға» фильмінде Байдың, «Мент» фильмінде подполковниктің рөлдерін және өзге кинотуындыларда бірқатар рөлдерді ойнау, сомдау бақыты да тәуелсіздік жылдарының еншісінде.
Азаттықтың ақ таңында қазақ елі мені «Ұят болмасын», «Біздің көшенің тұрғындары», «Әй, әйелдер-ай, әйелдер-ай!», «Сиқырлы әріптер», «Дудар-ай» секілді «Хабар» телеарнасынан таратылған хабарлар арқылы жіті тани түсті.
Біз, Алаш жұрты, қазақ елі – тарихы ықылым заманнан басталатын халықпыз. Қазыбек би айтпақшы, «ешкімге соқтықпай, жәй жатқан елміз». Былтыр Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойы туған өңірім, қасиет дарып, құт қонған Жамбыл жерінде тойланғаны – жан семіртті, көңіл тоғайтты. Кеудемді мақтаныш сезімі керней түсті. Қараханидтердің ізі қалған ғаламат шаһардың жүздеріне мейірім тұнған халқы осынау тойды жоғары деңгейде өткізгенін әр жақтан келген меймандар жарыса айтып жатқанда төбеміз көкке екі елі ғана жетпей қалған шығар. Бұл да тәуелсіздіктің арқасы емей немене? Қызыл империяның тұсында азаттық, қазақтық жайлы айтушы ма едік?
Ширек ғасырдың бедерінде еліміздің руханият саласы, оның ішінде театр, кино саласы мемлекеттің қамқорлығын сезініп келеді. Жанкешті өнердің маңайында жүргендердің бәрі де мұны жан жүрегімен сезінеді. Түйсінеді. Біз – Алаш даласы мен баласына еркіндік әперемін деген мақсатты ұстанған ұлт көсемдерінің лайықты жалғасы болуымыз керек. Көк Туымыздың көкте желбірей беруі үшін әрбір азамат жан аямауы қажет. Әлгі әндегідей: «Көк Тудың желбірегені, жаныма қуат береді, таласқа түссе жан мен ту, жан емес, маған керегі, көк Тудың желбірегені» деген ұстаным әрбір жүректе атой салып тұрса, Қазақстанның алмайтын асуы, бағындырмайтын белесі болмайды деп ойлаймын.
Тәуелсіздіктің алғашқы ширек ғасырын тойлайтын да кез жақындап келеді. Барша жерлестеріме бақыт, табыс тілеймін. Елбасымыз аман болсын! Бір тудың астына жиналған бейбіт елдің шаңырағы шаттыққа тола түссін. Жамбылдық жерлестеріме сәттілік серік болып, мерейіміз асып, абыройымыз асқақтай берсін демекпін!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support