- Advertisement -

АЛАШ АРЫСЫ

192

- Advertisement -

Қазақтың өткен тарихын, оның тәуелсіздікке ұмтылу жолдарын сөз еткенде біз Алаш қозғалысын аттап өте алмаймыз. Бүкіл қазақ даласын азаттық идеясына жұмылдырған бұл ұлы қозғалыстың тарихы мен тағылымы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Алаш қозғалысының жетекшілері нағыз патриоттар ғана емес, сонымен бірге жоғары дәрежелі білім алған. Орынбор, Омбы, Семей, Алматы, Ташкент, Уфа, Қазан, Мәскеу, Петербор секілді шаһарлар тәрбиесін көрген, өз заманының көзі ашық зиялылары болатын. Халық алдында беделі бар, халықты соңынан ертіп, сөзін өткізе алатын алаш азаматтарына «нағыз ұлтшылдар», «реакцияшыл буржуазияның өкілдері» деген негізсіз айыптар да тағылды.

Ал негізінен алғанда, алаш қайраткерлері 1917-1920 жылдары Алаш Орда деген атпен ұлттық мемлекеттің алғашқы іргетасын қалап, Қазақстанның егемендігі туралы ұран тастаған еді. Олардың қатарында халқымыздың аяулы перзенттері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев сынды қазақ интеллигенциясының жарқын тұлғалары болды.
Он тоғызыншы және жиырмасыншы ғасырлардың тоғысқан тұсында патшалық Ресейдегі қалыптасқан аса күрделі саяси-экономикалық ахуалдың көршілес қазақ жеріне өзіндік әсер еткені аян. Сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты да парасатты қандастарымыз үлкен оқиғаларға кеңінен үн қосып, сайын далаға ұлы қозғалыстың нақ солар арқылы тамыр жайғанына тарих куә.
Дарқан даламызда туып, кеңпейіл халқымыздың ұлттық дәстүр, салт-санасынан нәр алған, білім нәріне Еуропада қаныққан қандастарымыздың арасында шоқтығы биігі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов болатын. Өкінішке қарай, күллі алаштың мақтанышы, қазақ даласындағы осы аттас саяси партияны ұйымдастырушы әрі оның бірегей көсемі, Қазан төңкерісі кезінде құрылған Қазақ Алаш Үкіметінің тұңғыш төрағасы туралы мәлімет көп емес. Рас, қоғамдық-саяси жүйе өзгеріп, жариялылық салтанат құра бастаған алғашқы жылдарда осынау тарихи тұлға туралы қалам тартқандар да болды. Бұл игі шара, әсіресе, 1989 жылғы сол кездегі КСРО Жоғарғы Соты Пленумының Әлихан Бөкейхановтың бұрынғы қылмыстық ісі мен оның 1937 жылы ату жазасына кесілгендігін заңсыз деп тапқан шешімінен кейін күрт өрістегені аян. Міне, дәл осы тұста шетелдегі қандасымыз Хасен Оралтай және өзіміздегі бірсыпыра ғалым-зерттеушілер, тарихшылар, журналистер мен жазушылар ол туралы көптеген құнды деректерді алға тартты. Аяулы жанның бұрын-соңды жарияланбаған еңбектері баспадан жарық көріп, көпшіліктің қолына тиді. Әрине, ірі саяси және қоғам қайраткеріне, алаштың асыл азаматына мұның аздық ететіні анық.
…Ол 1866 жылы Семей облысының Қарқаралы уезіндегі Тоқырауын болысына қарасты №7 ауылда дүниеге келген. Бұл қазіргі Ақтоған ауданына қарасты аумақтың бұрынғы «Қаратал» кеңшарында орын тепкен және 1992 жылдан бастап осы елді мекен Әлихан Бөкейхановтың есімімен аталады. Сол өңірдің белді де беделді адамы болған оның әкесі тоғыз жасар Әлиханды Қарқаралы медресесіне дәріске берген. Тумысынан талабы таудай зейінді өрен дін саласындағы білімді місе тұтпай, сол жердегі үш жылдық орыс-қазақ мектебінен бір-ақ шығады. Бұл бастауыш мектепті үздіктердің қатарында тәмамдаған ол 1886 жылдың қоңыр күзінде Омск каласындағы Сібір темір жолының құрылыс инженерлерін даярлайтын техникалық училищесіне қабылданады.
Сібірдегі ең ірі қаланың бірінде қазақтың қара домалағының білім мен ілімге деген құштарлығын айғақтайтын құжаттар Омск мұрағатында көптеп сақталыпты. Мәселен, мына бір сарғыш тартқан қатынас қағазды ОТУ директоры Н.Е.Доброхотовтың Қарқаралы уездік бастығының атына жолдаған ресми хатында: «Имею честь покорнейше просить продолжать выдавать Султану Алихану Нурмухамедову (ол кезде Бөкейхановтың аты-жөні осылайша еді) стипендии киргизских обществ (патшалық Ресей кезінде қазақтарды осылай атайтын) в размере учебное заведение крайне желательно в виду весьма отличных его поведения» деген жолдар бар. Сондай-ақ, училище бастығының 1980 жылғы 29 мамырдағы №5279 санды келесі қатынас хаты мына төмендегі мағынада:
«…Во верном мне училище имеется четыре киргизских мальчика, которые все поедут на каникулярное время к родным:
1. Джусуп Сатыбалдин в Акмолинский Уезд; 2. Нуртай Нурушев в Семипалатинский Уезд; 3. Мухамбет-али Серкебаев в Кокчетавский Уезд и 4. Султан Алихан Нурмухамедов в Каркаралинский Уезд, сверх того последний, как окончивший полный курс наук в училище изъявил желание поступить в Санкт-Петербургский Лесной институт, о чем отношение от 11 мая с.г. за №247, Господину Каркаралинскому Уездному начальнику, возбуждено мною ходатайство о разрешении Нурмухамедову Алихану поездки в г. Санкт-Петербург с выдачей соответствующих ему прогоных, для поступления в Лесной институт».
Нева жағалауындағы Ресей астанасында аталмыш институтты төрт жыл оқып тауысқан асыл азамат Омскіге қайта оралып, 1905 жылға дейін шенеуніктік қызметте болады. Нақ осы жылдары алғыр қазақ жігіті конституциялық демократия («кадет») және социал-революционерлер («эсер») сияқты партиялармен тығыз байланыс орнатады және олардың органы болып табылатын «Степной край», «Иртыш» және «Голос степи» сияқты газеттерде мақалаларын жиі-жиі жариялап тұрады. Ал 1901 жылы ол Ресей жер игеру министрлігі құрған арнайы экспедиция құрамына еніп, алдымен Тобыл губерниясы, кейіннен Павлодар, Өскемен, Қарқаралы, Семей және сол кездері Ақмола облысына қарайтын Омбы (Омск) уездерінің экономикалық-шаруашылық жағдайы мен мәдениетін кеңінен зерттейді және құнды еңбектерін баспасөзге жариялайды. Осы ретте Ә.Бөкейхановтың сол тұстары жарық көрген «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» деген кітабының мән-мазмұны өте жоғары. Ағылшын ғалымдарының оған берген бағасы: «А.Букейхан был… историком, экономистом, фольклористом. Он был первым ученым, который с научной точки зрения проанализировал казахский эпос и фольклор».
Омбы қаласындағы он төрт жыл (1894-1908 ж.ж.) оның өміріне елеулі өзгерістер ендірген есте қаларлықтай кезең еді. Әлекең Мәскеу ауыл шаруашылығы қоғамының 1899 жылы осында ашылған бөлімшесіне басшылық етті. Бірінші орыс революциясына белсене қатысқандардың бірі ретінде түрмеге де түсті. Қапаста жатқан Ә.Бөкейханов 1906 жылғы Ресей Думасына Семей өңірінен сайланған депутат ретінде босатылып, Санкт-Петербургке қайта оралады. Өкінішке қарай, аталмыш Думаны ақ патшаның қуып тарқатқаны тарихтан мәлім. Сол кезде императордың осы туралы жарлығына қарсы шығып әйгілі «Выборг жағалауының мәлімдемесіне» қол қойған 200 Дума депутатының қатарында ол да бар-тұғын. Сол үшін де оның үш ай абақтыда отыруына тура келген.
Әлихан Бөкейхановтың қайда жүрсе де «қазақ» деп соғатын жүрек дүрсілін оның ғылыми-зерттеу еңбектері мен публицистикалық шығармаларынан айқын аңғаруға болады. Осы орайда, оның қазақ және орыс тілінде таза жаза білгендігі талайды тамсандырған. Әсіресе, оны сол кездері қазақ жерінің шұрайлы өңірін ақ патшаның бейберекет орыс мұжықтарына күштеп үлестірілуі қатты алаңдатқаны шығармашылығынан анық байқалады. Шаруа баққан қазақтардың шұрайлы жерден бұлайша күштеп айырылуының қаншалықты қайғы-қасіретке әкеп соғарын алғашқылардың бірі болып болжаған осы абзал жан еді. Міржақыптың «Қазақ жерлері» деген өлеңі нақ осы тұста жазылған-ды. Ол 1908-1915 жылдары Самара губерниясында жер аударылып жүргенде, «Кадет» партиясының саяси жетекшісі, Ақпан төңкерісінен кейін Ресейдің тұңғыш Премьер-Министрі болған А.Керенскиймен үш рет кездесіп, қазақ елі мен жеріне қатысты өзекті мәселелерді алға тартқан. Мұның өзі А.Керенский уақытша үкімет басына келген соң Ә.Бөкейхановтың Батыс Қазақстанға төтенше комиссар болып келуіне септігін тигізген сыңайлы.
Дәл осы жылдары Ресей халықтарының бірінші мұсылмандар съезінде сөйлеген сөзінде Қазақ Автономиялық Республикасын құруды табанды түрде талап еткені белгілі жайт. Оны 1916 жылғы саяси ахуал да бейжай қалдырмағаны хақ. Алайда, оның Омбыға келуіне рұқсат етілмей, Орынборға қоныстануына тура келген-ді. Осы қаланың Думасына сайланған ол 1913-1918 жылдар аралығында шығып тұрған «Қазақ» газетімен (редакторы алаштың аяулысы Ахмет Байтұрсынов) тығыз байланыс орнатып, оның бетінде 250 публицистикалық шығармасын жариялайды.
Орынбордағы кезеңі Ә.Бөкейхановтың «Алаш» партиясын құрып, оның құрамында Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет Байтұрсынов, Досым Сүлеев, Мағжан Жұмабаев, Құмар Қарашаұлы, Жүсіпбек Аймауытов, ағайынды Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер, Мұхамеджан Тынышпаев және басқа да асыл азаматтармен бірлесе әрекет еткендігімен тарихқа енген. Ал осы саяси партияның органына айналған «Қазақ» газетінде ана тілімізге алаңдаушылық білдірген пікірлердің сол кезде-ақ көптеп басылғаны көп мәселеден хабар бергендей.
Жан-тәнімен ел мүддесі мен оның болашағын ойлаған «Алаш» партиясының серкесі 1917 жылғы ақпан революциясына мол үміт артқан-ды. Алайда, А.Керенскийдің уақытша Үкіметі Әлиханның өтінішіне құлақ аспай, қазақтарға автономиялық статус беруден үзілді-кесілді бас тартты. Ал бұған керісінше, Томск қаласында өткен Сібір халықтарының съезі оның автономия құру идеясын құптаған болатын. Сол съезден оралған Әлихан Бөкейханов 1917 жылдың желтоқсанында екінші бүкілқазақтық құрылтай ашып, онда «Алаш» атты Қазақ автономиялық мемлекеттік құрылымды жариялайды. Құрылтайға қатысушылар оны бірауыздан осы мемлекеттің тұңғыш Премьер-Министрі етіп сайлайды.
Сөз жоқ, бұл қазақ халқы үшін ұмытылмастай тарихи кезең еді. Өкінішке қарай, аталған автономияның өмірі ұзақ болмады. Керенский Үкіметі құлап, Сібір өңірі ақ гвардияшылардың қолына өтті. Омскідегі адмирал Колчак үкіметі Ахмет Байтұрсынов бастап барған делегацияны қабылдағанымен, «Алаш» автономиясын мойындамады. Ендігі жол – бұрын-соңды іш тартпаған «большевиктерге» бас ұру ғана еді. Сөйтіп, 1919 жылғы «Алаш» партиясының кезектен тыс съезі амалсыздан осы ауыр шешімге барды. «Большевиктер» үкіметіне қызмет етуден үзілді-кесілді бас тартқан Әлихан Нұрмұхамедұлы бұл декларацияға қол қоймай, жалғыз өзі қарсы шықты.
Осы шешім «Алаш» асылдарының жолын екі айырды. Большевиктердің қойған алғышарттарына көнуге мәжбүр болған бұрынғы «алаштықтарға» Кремль кешірім жарияласа, Ә.Бөкейханов ұлтшыл ретінде Семей түрмесіне қамалды. Тек Тұрар Рысқұловтың И.В.Сталинге жазған өтініш хатынан кейін ол абақтыдан босанып, Мәскеуге жол тартты.
…Ол он жылдай Мәскеудегі пәтерінде жұмыссыз отырды. Ара-тұра Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және Мағжан Жұмабаевтардан қаржылай көмек келіп тұратынын ол кейінірек естелігінде жазды. Ал 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін, жаппай жазалау науқанынан ол да құтыла алмады. КСРО Жоғарғы Әскери соты «үштігінің» 1937 жылғы 27 қыркүйектегі үкімімен ату жазасына кесілді. Үкім сол күні-ақ орындалған болатын.

Жамбылбек ШОҚЫБАС,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support