- Advertisement -

«ӨРДЕШ ТӨС, БІЛЕУ ДЕНЕ, ШОЙЫНДАЙ СОМ»

165

- Advertisement -

сәкен ақын осылайша жыр арнаған Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына – 145 жыл

Ол дәуірде Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Вейланд Шульц секілді дүниежүзіне танымал балуандардың дәуірі жүріп тұрған еді. Сондай сом білекті балуандарды тізерлетіп, алаштың атын аспандату қиынның қиыны болғаны да рас. Жиырмасыншы ғасырдың теңдессіз батыры Қажымұқан Мұңайтпасов үшін сол бір империяның дәуірі жүріп тұрған шақта, әлгі империяның буына мастанған Ресей балуандары атойлап тұрған кезеңде елдің атын шығарып, қазақты күллі әлемге мәшһүр ету – оңайға соқпағаны ақиқат.
Саналы ғұмырын күреске арнаған қазақ балуаны өткен ғасырда әлемнің жиырма сегіз елін аралап, елу алты медальді мойнына ілуі қалай десек те ерлік қой. Тарихи дереккөздеріне сүйенсек, алаштың атын асырған Қажымұқан Мұңайтпасов 1871 жылы 7 сәуірде Ақмола өңіріндегі Сарытерек болысына қарасты Жәдік деген жерде жарық дүние есігін ашыпты.

«Атандым Мұқан палуан, бала жастан.
Ішінде күштілердің болдым астам.
Талай-талай жерлердің дәмін татып,
Өтті дәурен осылай біздің бастан»,

– деген өлең жолдарының өзінен Қажымұқанның бала кезінен-ақ күреске үйір болып, шарболаттай ширығып өскендігі байқалатындай. Иә, Қажымұқан сол бір қиын дәуірде орыс байларына, дәулетті адамдарға жалданып, той-томалақтарда көзге түсіп, «Бала балуан» атанғаны да мәлім.
Қазақ сахарасынан шыққан алып күш иесі алғаш рет 1906 жылы жасындай жарқырады. Германия жерінде жалауы желбіреген әлемдік додада қатарынан оза шауып, бәйге алды. Алайда орыс билігіне қазақ азаматының атой салғаны ұнамағандықтан, Қажымұқан орыс палуандарының атымен күресуге амалсыздан көнді. Бір басында бірнеше лақап аты болды. Тіпті саясаттың спортқа араласқаны соншалық, «бізде жапондықтар да күреседі» деген екі желеу бір сылтау айтылып, Қажымұқанды «Ямагата Мухунури» деген лақап атпен боз кілемде белдестірген. Сонымен қатар, Мухан, «Иван Чёрный» сияқты лақап есімдері де болған көрінеді. Одан кейінгі халықаралық аламанда ол «Қара Мұстафа» деген атпен сайысқа түсіпті. 1910 жылы ол алғаш рет мұхит асып, Оңтүстік Америка құрлығына табаны тиіпті. Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен еркін күрестен болған біріншілікте ол Америка чемпионы атанады.
Патша үкіметі құлаған кезеңде балуанның отбасы азамат соғысы мен аштықтың салдарынан біраз қиындықты да бастан өткеріпті.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Қажымұқан ел басшыларына оған «Ел аралап, цирк өнерін көрсетсем, сол арқылы ақша тауып, майданға көмектессем» деген ұсыныс айтады. Бұл ұсынысты үкімет қолдап, екі жылға жуық жүріп цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша табады. Оны мақсатты жұмсай да білгені мәлім.
Ұлт ақындары «Өрдеш төс, білеу дене, шойындай сом» деп жырлаған Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына биыл 145 жыл толып отыр. Оның ерлігі барша қазақ балуандарына үлгі екені ақиқат.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support