- Advertisement -

Әмбебап мал базары

187

- Advertisement -

Тараз қаласының
қай тұсынан және қашан ашылады?

18Тараздың солтүстік-шығысына қарай орналасқан «Бурыл» мал базары өткен ғасырдың ортасынан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Білетіндер 1957 жылы ашылғанын айтады бұл базардың. Жарты ғасырдан астам уақыт адамдардың малмен сауда-саттық жасауына қызмет еткен бұл нысан бүгінде заман талабына сай болмай отыр. Осыны ескерген облыс басшылығы базарды басқа аумаққа ауыстыру жөнінде арнайы хаттама да жасаған. Облыс әкімі К. Көкірекбаевтың төрағалығымен 2014 жылы 3 ақпанда өткен облыстық аппараттық кеңестің №3 хаттамасының 11-тармағында Тараз қалалық әкімдігі мен облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасына «мал базарын қаладан тысқары жерге шығару» міндеттелген.
17Алғаш атбасын тірегеніміз мал базары болды. Жексенбі. Күн көтерілмей жатып-ақ базар маңы ығы-жығы халық. Әрине, бекер жүрген жоқ. Біреулер мал жетелеп, қауға кіріп бара жатса, енді біреулер шығып келеді. Оның да жетегінде мал. Бірлі-жарым тоқты-торым уақ малын сырттан-ақ саудалағысы келгендер аула алдында тұр. Олардың тізбегі іргеден өтіп жатқан күрежолдың бойына дейін созылған. Бір топ адам оларды қауға кіргізудің әлегінде. Әлде төлейтін қаупұлынан қаша ма, әлде «шаруасын» оған кірмей-ақ реттегісі келе ме, әлгі бірлі-жарым мал ұстағандар табандап, қарсылық танытуда. Қайшылық туған жерде айқай-шу шығатыны айтпаса да түсінікті, шаңқ-шұңқ дауыстар шығып жатыр.

16Бұл – қаудың сыртындағы жағдай. Іштегі қарекет одан да қарбалас. Мұнда, әсіресе, делдалдардың бәсі басым. Олар сатушылардың өздеріне аманаттаған малын өткізудің қамында. Кейбіреулеріне сұраған бағасынан төмендеу айтсаң бәлеге қалғаның, «аулақ жүр» деп айқай салудан тайынбайды. Қой байланған екі-үш қатарға іргелес сиыр саудасы қызып жатыр. Зеңгібаба түлігінің адамзат үшін ағарған мәселесіндегі орны бөлек. Сондықтан мұнда сиырдың сүттілігі, қанша рет бұзаулағаны, тұқымы туралы болады әңгіменің негізгі желісі. Мұнда да сол делдалдар тап бір өзінің малын саудалағандай сиырдың мақтауын келістіріп-ақ жатыр.
Қаудың шығыс бүйірінен кіріп жатқан кейбір көліктің үстіндегі малын түсірмей жатып саудалау да базардың жазылмаған «заңы». Онымен ала қойса жақсы ғой, мал иесін емексітіп барып, жалт бұрылатындар да жетіп жатыр.
Үлкен қораның түкпіріне қарай жылқы орналасқан. Небір құйрық-жалы төгілген, қамысқұлақ, қоянжақ, ботатірсек жылқыны көрудің өзі ғанибет! Олардың кейбіреуі ерттеулі. Мініп көруіңізге де болады. Соғымдық жылқы, сауынға лайық құлынды бие, күш-көліктік мініс аты… осылай рет-ретімен кете береді. Мұнда ер-азаматтардың қарасы көп. Толыбай сыншыдайын толғай сөйлеген орта жастағы жігіт ағасының маңайына топталғандардың құлақтары сөзде, көздері мақтауы келіскен жылқыны ішіп-жеп барады.
Сөйткен мал базардың көлік кіретін және мал өтетін залалсыздандыру кедергілеріне жөндеу жұмыстары жүр-гізілмеген, дезинфекциялық дәрі-дәрмектерді сақтайтын арнайы қойма, сатуға әкелінген малдың ветеринариялық ілеспе құжаттары, төлқұжаттары болуы, тағы басқа ветеринариялық іс-шаралар жөнінде хабарлайтын радио торабы жоқ екен. Ветеринариялық ілеспе құжаттары жоқ ірі қараны оқшаулау орны үлкейтуді қажет етеді. Ірі малдарға ветеринариялық, клиникалық тексеру үшін де орын бөлінбеген, малдың ветеринариялық құжаттарын тексеру үшін кіреберіс қақпаға шлагбаум орнатылмаған. Базар тараған соң малдың қиын тастайтын шұңқыр жоқ. Міне, осындай қаптаған «жоқтар» мұндағы жұмыстың «Ветеринария туралы» Заң мен Үкіметтің Қаулысымен бекітілген «Жануарлар мен құстарды өсіруді, сатуды жүзеге асыратын нысандардың ветеринариялық талаптарға» сай емес екенін аңғартты. Осы кемшіліктерге орай, базар иелері, жеке кәсіпкерлер М. Қадіров пен А. Абдуалиеваға (базарлары жолдың екі бетінде қатар орналасқан) Тараз қаласының бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы А. Түйтебаевтың тарапынан «Ветеринария саласындағы Қазақстан Республикасы заңдары талаптарының бұзылуын жою туралы» нұсқама да берілген. Бірақ, ол нұсқама да күні бүгінге дейін орындалмапты.Себебін сұрағанымызда ескі базар иесі, жеке кәсіпкер Мұқан Қадіров былай деді:
– Маған берілген нұсқамадағы талаптармен келісемін. Дегенмен, әр базар өткеннен кейін (мал базары аптаның жексенбі күні ғана жұмыс істейтіні белгілі) келесі сенбіге дейін техникалық тазалау, сенбі күні дезинфекциялық дәрілеу жұмыстарын жүргізетінімізді, мал байлайтын және қамайтын орындарды жөндеуден өткізетінімізді жоққа шығаруға болмайды. Ол жұмыстарға арнайы маман, техника және жұмыс күшін жалдайтынымыз түсінікті. Бұл жөнінен санэпидқадағалау, қалалық әкімдік тарапынан ерекше ескерту болған емес.
Кәсіпкер әңгіме төркінін осы жерден кілт бұрды.
– «Ескіні жамағанның есі кетер» деген бар, қазіргі базардың орны талапқа сай келмейтіні біраздан бері сөз болып жүргендіктен, қаржыны бекер желге шашқымыз келмейтіні рас. Мал базардың орнын жаңалау жөнінде облыстық әкімдік тарапынан хаттама бар екені баршаға мәлім. Менің жаңа мал базарын ашуға жер беруін сұранып өтініш жасағаныма көп болды. Осы мәселенің түйіні жуырда ғана шешілгендей. Маған 1,6 гектар жер бөлуге ауызша ғана нұсқау бар. Ол жерді көрдім де. Талапқа сай келеді. Бірақ, әзірге жұмыс бастау мүмкін болмай отыр, өйткені, жер әлі де басқаның иелігінде.
Кәсіпкердің айтуынша, жер құжаттары рәсімделсе, базар құрылысын бастап кетуге сақадай-сай дайын.
Кәсіпкер М. Қадіровке уәде етілген 1,6 гектар жер «Жасыл Тараз» ЖШС-ның иелігінде екен. Қажеттілікке қарай, одан алып, кәсіпкерге беру қала әкімінің жер қатынастары бөлімінің құзырында. Ал, олардың мәселені осы уақытқа дейін неге сағызша созып жүргені белгісіз? Бұрынғы базардың алып жатқан аумағы – 1,3 гектар жер. Кейінгі ауызша уәде берілген жер одан небәрі 0,3 гектарға ғана үлкен. Әр базар сайын 500-600 ірі мал, 1000-нан астам қой-ешкі саудаланатынын ескерсек, жаңа базар мәселесін жедел шешу қажет сияқты.
Ол базар қандай болуы керек? Өркениет талаптарына сай сауда нысанының аумағын, айналасын көріктендіру, көгеріштендіру – міндетті іс. Облыстың түкпір-түкпірінен мал әкелінетіндіктен ол маңда қонақ үй, автокөлік тұрақтары, сауда және қоғамдық тамақтандыру орындары болғаны да дұрыс. Тіпті, бұл базарда жабық қора-жайдың да артықтығы жоқ дер едік. Демек, онда малдың жемшөп, қорасы да ойластырылуы керек. Жаңа талапқа сай базар болған соң, онда қасапхана да болғаны жөн. Өйткені, қалалық тұтынушылар алған малын сонда сойдырып, ішек-қарнын аршытып, бас-сирағын үйіткізіп әкеткісі келеді. Оны көріп те жүрміз. Осылардың бәрі туралы сөйлескенімізде көпті көрген азаматтар «барлық жағдай жасалған әмбебап мал базары болуы үшін кемінде 5 гектардай жер керек» дегенді айтты. Бұл да құлаққа кіретін сөз.
Көрген көзде жазық жоқ. Көрдік, зерттедік, зерделедік. Содан көкейге түйгеніміз: мал базарын қала сыртына көшіру – маңызды іс. Ендеше, жаңа әмбебап мал базары Тараз қаласының қай тұсынан және қашан ашылса да, жеделдеткен жөн сияқты.

20Болат
ЖАППАРұлы,
«Ақ жол».

 

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

The scene is the only class room for all students in this primary school write my paper for cheap from grade 1 to grade 6

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support