Қордай шаруаларынан көп нәрсе үйренуге болады

119

Меже – 60 мың тонна

Елбасы ауыл шаруашылығы саласы мамандарына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және өндірілген өнімнің, әсіресе, ет және ет өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруды міндеттеп келеді. Бұл мәселе «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 61-қадамында айқын көрсетілген. 2016 жылы еттің экспорттық көлемін 60 мың тоннаға жеткізу туралы нақты міндет алға қойылып отыр. Ал ол мүмкін бе?
Ет экспортын еселеу үшін мал санын көбейту керек. Дұрысы, ауыл шаруасына жағдай жасау қажет. Ол үшін алдымен тұрғындарға «Бизнестің жол картасы – 2020», «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламаларының тиімділігін түсіндіру керек. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шаруасын дөңгелетіп отырған агроқұрылымдардың тәжірибесін тарату да маңызды.
Қазақстан – Ресейді ет және ет өнімдерімен қамтитын бірден-бір ел. Биылдың өзінде еліміз көршімізге экспортталатын ет көлемін 60 мың тоннаға жеткізуі керек. Сол үшін қазірде өңірлерде 60-қа тарта мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Солардың бірі – «Медет» шаруа қожалығының ірі қара бордақылау алаңы.

«Медеттің»
бір жылдық өнімі –
612 тонна

«Медет» шаруа қожалығы облыстағы санаулы асыл тұқымды етті мал өсірумен айналысатын, экспортқа ет шығаруға қауқарлы агроқұрылымдардың қатарына жатады. Шаруа қожалықтың мал ұстайтын баздары ауданның бір-бірінен қашық екі аймағында орналасқан. Мәселен, Ноғайбай ауылдық округінің Жалаңаш, Қосқайнар, Қашқын аталатын күздеу, қыстауларында 4500 «Еділбай» қойы, 250 жабы жылқы және 350 қазақы ақбас сиыр өсірілуде. Онда жеті сарайы, шабындығы мен жайылымын қосқанда жеті мың гектардан астам жері бар. Қолдағы малдың барлығы асыл тұқымды.
Ал Степное ауылдық округіне қарасты «Арал» ауылындағы жабық баздарда қазір 1500 ірі қара бордақыға кіргізілген. 2014 жылдың өзінде шаруа қожалық осы жердегі малды сойып, 612 тонна сиыр етін сатылымға шығарыпты. Былтырғы өнім 400 тоннаны құраған.
– Қой мен жылқыны біртіндеп азайтып жатырмыз. Есесіне сиыр малын көбейтіп, бірыңғай осы салаға ден қоймақ-пыз. Мына жерде алдағы уақытта бір мезгілде 3000 ірі қара бордақыланатын болады, – деді қожалық басшысы Кенжебай Тілеубердиев өзінің «Аралдағы» шаруа жайымен таныстыра жүріп.

Министрдің
ұсынысы

Бүгінде бұрынғы «Георгиевка» кеңшары тауарлы-сүт фермасының орнында жаңа кешен бой көтеріпті. Ескі фермадан екі баз және бұрынғы сүрлем орлары, жемшөп қоймасы қалған. Басқасының бәрі соңғы жылдары Кенжебайдың өз қаражатына жаңадан салынған қора-жайлар. Өткен жазда Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков жұмыс сапарымен келгенінде шаруашылық басшысының осы нысанға 400 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсап жатқанын естіп, таңданған. «Бордақы малы суықтан қорықпайды. Ірі қара семіртетін орынды жан-жағынан мұншама қымтап бетондаудың қажеті қаншалықты? Малды ашық орында байлаусыз бос жіберіп семіртсе де болар еді» деп өз пікірін де білдірген.
Қазір сол кезде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының дені аяқталып, әрқайсысы 750 ірі қара сыятын жаңа төрт баздың екеуінде мал бордақыланып жатыр. Ұзынынан төрт қатарда байланған бұқаларға азық арнайы жабдықталған минитрактормен таратылады, су мал алдындағы астауға түтікпен жіберіледі. Көңі қолмен тазартылып шығарылады. Бордақыға байланған бұқалардың ішінде салмағы бір тоннадан асатын ірілері де бар екен. Қоңдысы алдымен етке жіберіліп, орнына жас бұқашықтар әкеліп қойылуда.
Министрдің ұсынысы бойынша қожалық басшысы малды байлаусыз семіртуге арналған ашық базды да салыпты. Қазір онда алты айдан асқан бұзаулар өсірілуде. Бір жастан кейін олардың еркегі бодақыға алынып, ұрғашылары тауға өсімге жіберіледі. Өткен жылы екі жүзге жуық сиыр бұзаулаған көрінеді. Дегенмен, өз төлі есебінен ғана мал санын еселеп, өнімді арттырып, экспортқа жол ашу мүмкін емес дейді қожалық басшысы. Сондықтан, ол мемлекеттің көмегіне сүйенуді жөн санапты.

«Сыбағадан» тиген сыбаға

Осыдан екі жыл бұрын «Медет» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасымен 18 миллион теңгеге 120 ірі қара алса, өткен жылдың соңында тағы 250 сиыр сатып алуға 45 миллион теңге несие алыпты. Несие шарты бойынша әр сиырды 180 мың теңгеден сатып алу белгіленген. Бірақ, өсірген малының кейін еселеп өнім беретін асыл тұқымды болуын қалайтын Кенжебай өз қалтасынан қаражат қосып, ақбас сиырдың бір жастан асқан асыл тұқымды жүз құнажынын әрқайсысын 310 мың теңгеден сатып алған. Енді қалғанын да солай таңдап алмақшы. Шаруа қожалықтың бордақылау алаңдары мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасымен мал алған өзге қордайлық әріптестерімен қатар, облыстың Жуалы, Байзақ, Талас, Меркі аудандарының бірқатар шаруашылықтарынан несие шартымен әкелінген малымен де толығуда. Бордақылау кешеніндегі бір мезгілде семіртілетін мал санын үш мыңға жеткізудің осындай жолдары да қарастырылып отыр екен.
Мал азығын өзінде әзірлейді

Дегенмен, бордақыдағы малды құнарлы жемшөппен үзбей қамтамасыз ету оңай емес. Қожалық мал азығының 90 пайызын сырттан сатып алады. Нақтырақ айтсақ, сол аймақтағы жемшөп өсіретін өзге шаруалардың қысқа дайындаған мал азығы. Жемшөпке деген сұраныстың өсуі өз кезегінде қордайлықтардың бұл кәсіппен тиянақты айналысуына итермелеуде. Қазірдің өзінде мал бордақылаушыларға келіп, биыл жемшөптік дақылдардың қай түрінен қанша көлемде өсіруге болатынын біліп, тапсырыс қабылдап жатқандар бар.
Шаруа қожалық былтыр 2,5 мың тонна сүрлем, 110 мың тай пішен, жүздеген тонна жемді сатып алған. Енді осындай шығынды азайту қамымен ферма маңындағы елу гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен сүрлемдік жүгері өсіруді қолға алмақшы. Мамандардың айтуынша, орташа есеппен ол жерден төрт мың тоннаға жуық сүрлем бастыруға болады екен. Болашақта тек мал семіртумен ғана шектеліп қалмай, өңделген өнімдер шығаруды қолға алмақшы. Атап айтсақ, шұжық және қалбырлау цехтарын, жабдықталған мал сою орнын ашуды жоспарлап отырған көрінеді.
Шаруа қожалығында барлығы отызға тарта адам еңбек етеді. Олардың әрқайсысына елу мың теңгеден жалақы төленеді екен. Сонымен қатар, жұмыс басында тегін тамақтандырылады.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша жеті пайыздық өсіммен жеті жылға берілген 45 миллион теңге несиені қалай қайтарамын деп бас қатырып жүрген қожалық басшысы жоқ. Өсіріп отырған малынан қайтарым мол боларына сенеді. Былтыр төрт жүз тонна еттің ақысынан бөлек, мемлекеттен 60 миллион теңге субсидия алыпты. Кесек сөйлеп, ірі өлшеп-кесетін, малдың да асыл тұқымды ірісін өсіруге маманданған Кенжебай сынды кәсіпкерлер көбейсе ғана ет экспортын арттыру мүмкін болмақ.
Жалпы, ет экспорты туралы айтқанда, елімізге сырттан келетін импорт жайында сөз етпеуге тағы болмайды. Статистикаға сүйенсек, шетелден тасымалданатын ет өнімдерінің үлесі әлі азаймаған. Бұл нені көрсетеді? Елбасымыз Ұлт жоспарының 61-қадамында атап көрсеткендей, өңделген ет өнімдерін өндіруді мықтап қолға алу қажеттігін аңғартады. Асыл тұқымды мал өсіретін ірі агроқұрылымдар осы мәселе жайын «Медет» шаруа қожалығы сияқты қазірден ойластырғаны жөн.

Құрманбек Әлімжан,
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Comments are closed.