- Advertisement -

Жастарға жаңаша серпіліс керек

92

- Advertisement -

Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың қатысуымен өткен жиында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының 2015 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды. 

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев жыл ішінде Елбасының «Қазақстан–2050» Стратегиясынан және Жолдауларынан туындайтын міндеттерді, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңы мен «Қазақстан-2020: болашаққа бастар жол» атты мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында нақтыланған мақсат-міндеттерге сай жұмыс жүргізгендерін айтты. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда облысымызда 14 пен 29 жас аралығында 277 мың 675 жас бар екен. Яғни, аймақтағы тұрғындардың 25 пайызынан астамы жастар. Бұл үлкен – күш.
Жастар құрған қоғамдық бірлестіктер көптеген әлеуметтік мәселелермен айналысуда. Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 36,6 миллион теңгеге 22 бағытта әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылған. Бұл жұмысқа 22 үкіметтік емес ұйым тартылып, олар жемқорлықтың, теріс діни ағымдардың алдын алу, мемлекеттік жастар саясатын жандандыру мақсатында 500-ден аса іс-шаралар өткізген.
Жастар арасындағы өзекті мәселенің бірі – жұмыспен қамту. Жұмыссыздық деңгейін төмендетуде жастарды «Жасыл ел» жасақтарына тарту, «Студенттік құрылыс және жастардың еңбек жасақтарын ұйымдастырудың тигізер пайдасы көп. «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша жас мамандарды жұмысқа тартумен қатар, тұрғын үй алуларына да мүмкіндік берілуде. Облыс бойынша былтыр 163 маманға жеңілдетілген несие қаралып, 468 жас маман біржолғы көтерме жәрдемақыға қол жеткізіпті.
Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Айбар Әділбақов аудан жастарының белсенді жұмысын айта келіп, Жуалы өңірінде өткен жылмен салыстырғанда қылмыс көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығының» директоры Еркебұлан Апбасов өзі еңбек ететін ауданда округтер аудан орталығынан шалғай орналасқанын, тіпті кейбірі 270 шақырым болатынын, бұл жедел ақпарат беруде қиындық тудырып отырғанын мәселе етіп көтерді. Аймақтағы «Еріктілер» қозғалысының президенті Серікбол Берікқожа ұйымдаспаған жастармен жұмыстарды реттеу және басшылық тарапынан бала тәрбиесіне қатысты лекциялар оқылса деген, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек жастар басқармасына бөлек ғимарат берілсе деген ұсыныс айтты. Сондай-ақ, «Жастар мәслихаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан, «Үкіметтік емес ұйымдар» қауымдастығының төрайымы Айнұр Зәуірбекова да көкейде жүрген ойларын талқыға салды. Көтерілген ұсыныс-сұрақтарға Еркебұлан Есенғалиұлы жан-жақты жауап берді.
Есепті жиынды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қорытындылап, дағдарыс кезеңінде жастар басқармасына жаңа ғимарат салуға мүмкіндік жоқ екенін айтты. Жастар тәрбиесіне қатысты жұмыстарды ардагерлер кеңесімен бірлесіп жүргізу керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, Ерқанат Нұрбапаұлы жастар басқармасы мен орталығы өткізетін іс-шаралардың көбіне науқандық үрдіске бейімділігін, іс-шара өткізудің уақыт талабына сай жаңаша үлгісі ойластырылу қажеттігін, ондай ұсынысты барлық белсенді жастар білдіре алатынын айтып, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының өткен жылғы атқарған есебіне оң бағасын берді.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support