- Advertisement -

Энергетиктер өткен жылды табыспен аяқтады

91

- Advertisement -

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жыл ішінде бюджеттен бөлінген 11 234 миллион теңгенің 99, 9 пайызын игерген. Жыл сайын қазандықтардың негізгі қорын жаңартып, жылу желілерін қайта жаңғырту жобаларын жүзеге асыру нәтижесінде өндірісте энерготиімділікті арттыру мен энергия үнемдеу көрсеткіштеріне қол жеткізілген көрінеді. Әйтсе де, облыс бойынша тозығы жеткен қазандықтардың орташа көрсеткіші 61,5 пайыздан төмендемей тұр. Олардың орталықтандырылған жылумен қамтылу деңгейі 26,4 пайыз екен. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 334,3 шақырымды құраса, Тараздағы магистральды жылу желілерінің 70,1 пайызы ескірген. Ал ішкікварталдық жылу желілерінің 30 пайызы тоза бастаған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің қатысуымен өткен есепті жиында осы мәселелер сөз болды.


Басқарма басшысы Ерік Көшербаев облыстағы электр энергиясы тасымалы, сумен, газбен қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бойынша атқарылған жұмыстар мен білім беру, әлеуметтік-мәдени нысандардың дайындығы, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Нұрлы жол» бағдарламасы және инвестициялық жобалар мен электр энергетикасының бюджеттік жобалары бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесін сөз етті. Қысқы маусымға облыстың бюджеттік мекемелеріне қажетті 66,935 мың тонна көмір толық дайындалды. Бүгінде кәсіпорындардағы отын шығыны – 9,2, электр энергия шығыны – 4,1, желідегі су шығыны 45 пайызға азайды. Кәсіпорындар нормативтік шығындарды азайтудың арқасында біршама көрсеткіштерге қол жеткізіп, «Тараз – Су», «Темір жол – Су – Шу», «Игілік», «Жаңатас – Су – Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындары жылды табыспен аяқтады.
Қазіргі таңда облыстың төрт қаласында халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 82,8 пайызды құрайды. Мұның ішінде Тараз қаласының үлесі 87,1 пайыз. Республикалық бюджеттен (90 пайыз) және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға 8 жобаға барлығы 2645,849 мың теңге бөлініп, оның ішінде Тараз қаласында 3 жобаны іске асыруға 795,659 миллион теңге, Қаратау қаласында 2 жобаға 936,135 миллион теңге, Жаңатас қаласының 3 жобасына 914,055 миллион теңге бөлінген еді. Осы жұмсалған қаржыларға жыл бойы 69,5 шақырым желілер жаңартылып және жаңадан салынды. Осы жобалардың ішінде 5 жоба биылғы жылы аяқталатын болады.
Электр энергиясының өндіріс қуаттылығы 1378 МВт-тық 10 электр стансасының көмегімен іске асырылды. Тұтынылған электр қуатының көлемі 3,613 миллиард кВтс құрады. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 90 миллион кВтс төмен болып табылады. Бұған қаладағы ірі кәсіпорындардың кейбірінің жұмысы уақытша тоқтатылуы әсер еткен.
Электр энергетикасының бюджеттік бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 840,2 миллион теңгеге 17 жоба іске асырылды. Оның дені «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іске асқан. Енді газдандыру мәселесіне келсек, облыс бойынша 377 елді мекен бар. Осының ішінде 150 елді мекен газдандырылған. 2016-2025 жылдарға дейін 162 елді мекенді газдандыру міндеті тұр.
Есеп беру жиынында Тараз қаласы мен Талас, Шу ауданы әкімдерінің орынбасарлары, облыстық білім басқармасы, кәсіпорын, кооператив басшылары жылу маусымының қалай өтіп жатқаны туралы мәлімдеп, әлеуметтік нысандардың қазандықтарының жай-күйін баяндады.
Дегенмен, қысқы маусым кезінде салдыр-салақтықтан орын алған келеңсіз жағдайлар да кездесіп отыр. Жуырда Ақкөл ауылындағы орта мектептің қазандығы жарылды. Мәселе – оператордың қазандықты 2-3 сағатқа қараусыз қалдырғанынан туындаған. Ал істен шыққан қазандықтың су жаңа екенін ескерсек, бір адамның жауапсыздығынан мемлекет қаншама шығынға батып, зардап шеккенін ойлай беріңіз. Осыны баса айтқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бұл жағдай оператор болуға құқығы жоқ адамдардың жұмысқа алынғанынан, бақылаудың тиісті дәрежеде болмағандығынан орын алғанын алға тартты. Жауапты қызметкерлерге осындай қателіктерге жол бермеуді қатаң ескертті.
Жиынды қорытындылаған Бекболат Орынбеков Ерік Көшербаевтың есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп, аудан әкімдері мен тиісті қызметкерлерге орын алған олқылықтарды жою және жауаптыларды тәртіптік жазаға тарту секілді бірқатар тапсырмалар берді.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support