- Advertisement -

Шәкіртақымыз көбейіп, қуанып қалдық

69

- Advertisement -

Сезім Мұратқызы,
ТИГУ-дің студенті.

Ұлт жоспары бағдарламасы іргетасына айналған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадамда» ЖОО қатысты жаңарулар нақты көрсетілген. 77-қадамда экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орындарында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату керектігі жазылған. Ал 79-қадамда білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу жолдары қарастырылған. Ондағы мақсат – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру арқылы білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру.
Жалпы, әлеуметтік салада жүргізіліп жатқан реформалар еңбек өнімділігін арттыруды, дамытуды көздейді. Осы арқылы халықтың әл-ауқатын тұрақтандырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын көтермекші. Ал әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығы өз кезегінде ел экономикасын еселеуге септігін тигізеді. Сондықтан, Елбасымыз Жолдауда әр салада еңбек етіп жүрген қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге тапсырма берді. Әлеуметтік төлемдер, еңбек жалақыларымен бірге шәкіртақының да өсетіні студенттерді қуанышқа бөледі. Осы жылдың бірінші қаңтарынан бастап шәкіртақы 25 пайызға көтерілді. Пәтер жалдап тұратын қаншама студенттер үшін бұл да әжептәуір көмек. Әсіресе, ізденгіш құрбыларым үшін жаңа оқулық сатып алудың сәті түсті деп ойлаймын. Кітап қорын қалыптастыру үшін қаржы керек болса, ол енді студенттердің қалтасынан табылады дегенге сенемін. Ұлт жоспарының 79-қадамын жүзеге асыру үшін де ендігі кезекте ағылшын тіліне қосымша ақылы курсқа жазылып, үлес қосуға да болады.
Қазіргі экономикалық ауытқулар болып тұрған уақытта шәкіртақының өсуі студенттер үшін де әлеуметтік көңіл күйдің жақсаруына, оқуына алаңсыз бас қоюға көмектеседі. Студенттің материалдық жағдайы түзу болса қалада баласы оқып жүрген ауылдағы ата-ана да тыныш ұйықтайды. Елімізде жыл сайын қаншама білім гранттары бөлініп, талапты студенттер әр қалада тегін білім алуда. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып жүрген талапты жастар да баршылық. Осылардың барлығы Елбасымыздың халыққа көрсеткен қамқорлығы, халықтың сапасын жақсартуға жасаған бастамалары.
Біздің оқу орнымыз жыл сайын заманына қарай оқу материалдық базамен жаңарып, жаңа оқу ғимараттарымен толығуда. Әр сала бойынша зертханалар ашылып, студенттердің тереңірек, сапалы білім алуына жағдай жасалуда. Шетелден келген ғалымдар оқу орнымызға аялдап дәріс оқиды. Осылардың барлығы болашақта сапалы кадр дайындау үшін жасалып жатқан жұмыс. Бәсекеге төтеп бере алатын кадр дайындау – Елбасымыздың еліміздегі барлық ЖОО-ға жүктеп отырған тапсырмасы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support