- Advertisement -

Ұлы дала елінің болашағы – жастар

71

- Advertisement -

Облыс аумағында «Қазақстан – 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы қалай жүзеге асырылуда? Жастарды қоғамдық-саяси өмірге белсене араластыру, оларды мәдениет, экономика, білім процестеріне тарту жұмыстары қандай деңгейде жүргізілуде және жастардың құқықтары мен заңды мүдделері қаншалықты қорғалып отыр? Осы мәселелер облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында қозғалды. Жиынды облыс әкімі, облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің төрағасы Кәрім Көкірекбаев ашып, жүргізді. 

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев «Қазақстан – 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының бірінші кезеңін облыс көлемінде жүзеге асыру мақсатында 2013-2015 жылдарға арналған жұмыс жоспарының Тараз қаласы мен Байзақ, Меркі, Мойынқұм, Сарысу аудандарында орындалуы тиісті дәрежеде жүргізілмегендігін айтты. Сонымен қатар, Тараз қаласы мен аудандарда мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуы бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысында бірқатар кемшілікке жол берілгендігі анықталғанын сөз етті.
«Зерделеу жұмыстары жүргізілген ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі нұсқаушы мамандардың 30 пайыздан астамы тек іс-шара өткізумен ғана шектелетіні, жастар саясатына қатысты салалық бағдарламалардың атын білгенімен, кеңес беруде біліктіліктерінің жетіспейтінін көрсетті. Зерделеу қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктер талқыланып, оларды жою бойынша бірқатар тапсырмалар мен ұсыныстар беріліп, ол хаттамаға енгізілсе де, атқарылған жұмыстар туралы Тараз қаласы мен Мойынқұм ауданы тарапынан бүгінгі күнге дейін тиісті ақпарат берілмей отыр», – деді Еркебұлан Жиенәліұлы. Сондай-ақ, ол ресурстық орталық мамандарының білімі мен біліктілігін арттыру, олардың әлеуетін көтеру кезек күттірмейтін мәселе екенін назарға сала отырып, тұжырымдаманың екінші кезеңінде өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, балалар мен жасөспірімдердің қозғалысын дамыту, жастарды еңбекке баулу, оларды жұмыспен қамтуға жағдай жасау, жастар кәсіпкерлігін қолдау секілді бірнеше бағытта нақты шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Серік Жүнісбеков жастар арасындағы құқық бұзушылықтар азаймай тұрғанын айтып, бірқатар ауыр қылмыстардың жасөспірімдер қолымен жасалғанына қынжылыс білдірді.
Жиында жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту жолдары туралы облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиев, Талас ауданында мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуы туралы Талас ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қартабаев есеп берді.
Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы жиынды қорытындылай отырып: «Жастар мемлекеттің дамуы үшін стратегиялық ресурс болып табылады. Мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты – жастардың азаматтық, әлеуметтік дербес тұлғалық, қалыптасуын жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық жағдайларды жасау мен нығайту», – деді. Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылуы қажеттігін ескертіп, тиісті мамандарға тапсырмалар берді.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support