- Advertisement -

Балалардың бақытты сәті

90

- Advertisement -

Жылдағы дәстүр бойынша, кеше облыс орталығындағы «Баласағұн» орталық концерт залында облыс əкімі Кәрім Көкірекбаевтың балаларға арналған Жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекелік іс-шараға Тараз қаласы мен аудандардағы аз қамтылған және көп балалы отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ Қ. Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінің және отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін, облыстық мектеп-интернаттарда оқитын ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қоса алғанда, барлығы он ұлттың өкілін құрайтын 100 бала қатысты.

Биылғы балаларға арналған жаңажылдық шыршаны ұйымдастырушылар «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» атты тақырыпты таңдаған екен. Сəйкесінше, жыл бойы асыға күткен мерекенің тақырыбына сай костюмдер киіп, мереке қуанышына бөленген балалардың жарқын жүздері, бақытты балалық шақты паш еткендей әсер қалдырды. Олар өздерінің назарына ұсынылған өңірдегі үздік балалардың шығармашылық ұжымдары күшімен қойылған театрландырылған қойылымды сүйсіне тамашалаған. Арагідік ән бастаушыларға құйқылжыған балғын дауыстармен өздері де қосыла ән шырқап, музыка ырғағымен мың бұралып би де биледі. Бұдан кейін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жаңажылдық шыршаға жиналған балаларды мерейлі мерекелерімен құттықтады. Іс-шараға қатысқан әр балаға облыс әкімінің атынан құттықтау хат тапсырылып, оларға планшет, жұмсақ ойыншық пен тәттілер сыйлыққа берілді. Соңынан балалар мерекенің басты кейіпкерлері Аяз ата, Ақшақармен және мерекеге келген өзге де қонақтармен бірге жаңажылдық шыршаны айналып, ертегі кейіпкерлерімен бірге ертегі әлеміне саяхат жасады.
Жаңажылдық шыршадан кейін оған қатысушылар облыстық тарихи-өлкетану мұражайын аралап көрді, облыстық қазақ драма театрында жаңажылдық театрландырылған қойылымды тамашалады, «Қазақ хандығы» монументіне саяхат жасады, «Тараз-Арена» спорт кешенінде болды. Облыс әкімінің жаңажылдық шыршасына қатысқан және Кәрім Нәсбекұлының қолынан бірінші болып мерекелік сыйлық алған Мойынқұм ауданының Көкжелең ауылындағы Б.Момышұлы атындағы мектептің 4-сынып оқушысы Даниял Әуесбек бізбен ой бөліскенде: «Мереке көңілімізден шықты. Балалардың бақытты ғұмыр кешуіне қажетті жағдай туғызған Қазақстан сияқты ғажайып елде дүниеге келгеніме қуанамын», – деді. Осы пікір, ой-тұжырым жаңажылдық шыршаны қызықтаған әр бүлдіршіннің бал-бұл жанған жайдары жүзінен де аңғарылып тұрды.

Сапарғали ӘЛІБАЙ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support