- Advertisement -

Боз кілемде бақ сынайды батырлар

101

- Advertisement -

Қазақ күресінің алыптары Қазақстан Республикасы қазақ
күресі федерациясының кубогы жолындағы бәсекені бастады

Қазақ елінің төл спорты қазақ күресінен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында клубтық командалар арасында Қазақстан Республикасы қазақ күресі федерациясының кубоктық бәсекесі басталды. Кіл мықтыда кім мықтыны айқындайтын бәсі биік додаға еліміздің әр өңірінен 16 команда топқа түсіп, өзара бақ сынасады. Сегіз салмақ дәрежесінде сынға түсетін клубтар арасындағы кубоктың екінші кезеңіне Қызылорда мен Жамбыл облысының командасы іріктеусіз жолдама алып отыр. Екі өңірде де қазақ күресіне баса ден қойылғаны назарға алынған.
Айтулы аламанда еліміздің екі дүркін «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алған Бейбіт Ыстыбаев түйе балуандар додасында бағын сынаса, Шығыс Қазақстан облысының намысын «Қазақстан барысы» жобасында екі мәрте топ жарған оғландар Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсынов секілді саңлақтар қорғауда. Жарыстың алғашқы күнінде Алматы қаласының балуандары Атырау облысынан келген қарсыластарынан 6:2 есебімен айласын асырса, Оңтүстік Қазақстан облысының үкілеп әкелген үміттері Ақтөбе облысының өрендерін 7:1 есебімен ойсырата жеңді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының ұйымдастыруымен, облыс әкімдігінің қолдау көрсетуімен ұйымдастырылып отырған кубоктық доданың жүлде қоры да қомақты. Дуы басым аламанда қарсыластарынан оза шауып, бірінші орын алған команда 10 миллион теңгеге иелік етсе, жүлделі екінші орынды еншілеген клуб 5 миллион теңгенің сертификатын қанжығаға байлайды. Ал үздік үштіктен көрінген командаға 2 миллион теңге жүлде бар. Жалпы десі басым додада сегіз командаға жүлде қарастырылған. Айталық, сегізінші орынды еншілеген ұжымның өзі 400 мың теңгеге иелік ететін болады.
Жалпы мамандар тарапы федерация кубогында қайсы командалар топ жаруы мүмкін деген сауалға нақты жауап бере алмай, бірнеше өңірдің өрендерін фавориттер қатарына қосып отыр. Мәселен, кейбір мамандар Жамбыл облысы мен Шығыс Қазақстан облысының саңлақтары жеңіске жетуі мүмкін десе, енді бір мамандар қызылордалықтар мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының өрендерін де жүлде жолында жанталасады деседі. Айтпақшы, доданың ең ауыр салмақтағы балуаны Оңтүстік Қазақстан облысының үміті Жұманазар Ерсұлтанов екен. Біз өз кезегімізде екі дүркін «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев бастаған жерлестерімізге тек қана жеңіс тілейміз. Кубоктық бәсеке бүгін аяқталатын болады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support