- Advertisement -

Экспорттық әлеуетіміз артып келеді

84

- Advertisement -

257
Абдалы Нұралиев,
облыс әкімінің
орынбасары.

Орайы келгенде айта кету керек, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, жыл басынан бері өңірімізде ауыл шаруашылығы саласында жалпы 146,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда біршама өскен, 104,3 пайызды құрады. Егін егілетін егістік алқабы 587,9 мың гектарға жетіп, 1,3 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы министрлігінің талдауына сәйкес меморандумда белгіленген индикативтік көрсеткіштер бойынша облысымыз 77,8 пайыздық көрсеткішпен жоғары межеге қол жеткізді. Соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы өндірісі 72,5 пайызға өсіп отыр.
Биыл шаруалар үшін қолайлы жыл болды. Облыс бойынша 241,6 мың гектар жерден масақты дәнді дақылдар орылып, әр гектардан 16 центнерден өнім алынды. Жалпы, 385,7 мың тонна астық бастырылды. Былтырғы жылмен салыстырғанда 182,7 мың тонна өнім артық алынды.
Бір айта кететіні, осы жылы өңірімізде алғаш рет 143 гектар жерді интенсивті баққа айналдыру ісі қолға алынды. Атап айтсақ, Жамбыл ауданындағы Рустам Ғанижановтың «Шохай Жеміс» және Асылбек Қырықбаев басшылық жасайтын «Агро kz» шаруа қожалықтары, Рашид Шоңбаев жетекшілік ететін «Алтын Алма» ауылдық тұтыну кооперативі, Әлтайыр Болсынбековтің иелігіндегі «Сады востока» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 98 гектарды, Меркі ауданындағы Ахзат Шарипов басқарып отырған «Ақарал» өндірістік кооперативі мен Совет Қалманбетовтің «Совет» шаруа қожалығы 40 гектарды, Байзақ ауданындағы Наурызгүл Ниетбаева басқарып жүрген «Ниет» шаруа қожалығы 5 гектарды үдемелі алма бағына айналдырмақ болып, көшеттер отырғызды.
Облыста ағын суды үнемдеу және өнім көлемін арттыруға қол жеткізу мақсатында су үнемдеу технологиялары қолданысқа кеңінен енгізілген алқап көлемі 8147 гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 63,3 пайызға артты. Биыл Байзақ және Меркі аудандарында өткен «Егінжай күні – 2015» дала семинарында жаңашылдыққа бет бұрған Байзақ ауданындағы Мауыт Фазулов басқаратын «Талап» шаруа қожалығы мен Меркі ауданындағы Қанат Шайхиев жетекшілік ететін «Сыпатай батыр» ЖШС-ның жұмысы таныстырылып, өңір шаруаларының су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы мол өнім алуға болатынына көздері жетті.
Соңғы жылдары мамандарымыз Қырғыз, Қытай Халық Республикасы және Белоруссия мемлекетіне барып, ауыл шаруашылығы саласындағы әлемдік озық технологиялармен танысып, тәжірибе алмасуда. Жалпы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың сала ісін дамытуға ерекше ден қоюының нәтижесінде шетелден инвесторлар тартылып, экономикалық, мәдени қарым-қатынастарды дамыту мақсатында келісімдер жасалды. Малайзия елінің ханзадасы Якуб мырзаның малайзиялық кәсіпкерлермен бірге Меркі ауданында «Агростан» серіктестігінде жаңазеландиялық жоба негізінде бордақылау кешенінің құрылысын қолға алуы – осындай келіссөздердің жемісі. Алдағы уақытта бордақылау кешеніне 50 мың басқа дейін мал әкелу жоспарлануда.
Өңірімізде ет өндірісін арттыруға көп көңіл бөлінуде. Бүгінде Мойынқұм ауданында «Мойынқұм Агро» ЖШС 3 мың басқа арналған бордақылау кешенін салып, 5 мың мүйізді ірі қараға арналған репродуктор-шаруашылық құруда. Олар Ресейден 600 асыл тұқымды мал әкелді. Агроқұрылым басшыларының интенсивті шаруашылыққа көшуге талпыныс жасауының арқасында облыста мал саны артты. Мүйізді ірі қара саны 4 383-ке, қой мен ешкі 33,9 мыңға артса, жылқы 2 311-ге, түйе 179-ға өсті. Бұл көрсеткіштің өсуіне асыл тұқымды мал өсіретін Т. Рысқұлов ауданындағы Халит Базаралиев басқаратын «Луговой жылқы зауыты» серіктестігі, Сайранбай Дөненбаев жетекшілік ететін «Шәушен», Байзақ ауданындағы Сәкен Рәпілбеков басқаратын «Бапыш-Сейсенбай» шаруа қожалықтары, Қордай ауданындағы Дүйсехан Қошалиевтің иелігіндегі «Қақпатас-Қордай» және Жуалы ауданындағы Егор Кох басшылық жасайтын «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Жамбыл ауданындағы Алпысбай Жұмахановтың басқаруындағы «Пионер қой зауыты» өндірістік кооперативінің үлесі мол.
Салаға инвесторлар тарту арқылы ет өнімдері өндірісін дамыту келешекте етті экспортқа шығаруға қажетті инфрақұрылымды толық қалыптастыруға негіз болуда. Бұл бағытта Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік халал ет өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауқымды жобаны қолға алып отырғанын айта кету керек. Олар 2016 жылы етті қайта өңдеу кешенін іске қосуды жоспарлап отыр. Егер бұл жоба жүзеге асса, облыстағы мал бордақылау алаңдары кешенді шикізатпен қамтамасыз етілетініне сенім мол. Осылай толық циклды ет кластері ұйымдастырылып, алдағы уақытта өңделген ет өнімдері экспортқа шығарылатын болады.
Жалпы, облысымызда Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 60 және 61-қадамдарында нақтыланған ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту мәселесі шешімін табуда. Мемлекет басшысы нұсқаған даму бағытын таңдаған Шу ауданындағы Айман Шотайқызы жетекшілік ететін «Айшот» қожалығы күніне 2,5 тонна сүт өңдейтін шағын сүт цехын іске қосса, Байзақ ауданындағы Исмаил Фазлиев басқаратын «Ағали» шаруа қожалығы қазанда күніне 3 тонна сүт өнімдерін өңдеп шығаратын цех ашты. Т.Рысқұлов ауданындағы Әбубәкір Әбди басшылық ететін «Астана» шаруа қожалығы мен Меркі ауданындағы Азиз Хейроевтың иелігіндегі «Севиль-Меркі» серіктестігі де сүт өңдеу цехын іске қосуды жоспарлауда. Бұл өз кезегінде өңірдегі өндірілетін сүтті қайта өңдеу үлесін 40 пайыздан 53 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік туғызып отыр.
Бүгінде облысымызда «Ырыс» бағдарламасы бойынша 12 тауарлы сүт фермасын құру жұмыстары жүргізілуде. Биыл өңіріміз «Сыбаға» бағдарламасы аясында 3700 сиыр сатып алып, жоспар 100 пайызға орындалды. Сонымен қатар, 4950 мал бордақылау алаңдары құрылып, жылдық жоспардың көрсеткіші 126,9 пайызға жетті. Ал 2014 жылдан бастап іске асырыла бастаған «Құлан» бағдарламасы арқылы осы жылы 1871 жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы шеңберінде 21720 асыл тұқымды қой сатып алынды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде облыста асыл тұқымды мүйізді ірі қараның саны 45,8 мыңға жетіп, жалпы пададағы үлес салмағы 15 пайызды, қой 23,6 пайызды, жылқы 23,4 пайызды, түйе 30 пайызды құрап, республикалық көрсеткіштен асып түсті. Жыл соңына дейін ол тағы да 1,5-2 пайызға өседі деп күтілуде.
Жыл басынан бері облыстың ауыл шаруашылығы саласында жалпы сомасы 16 миллиард 263 миллион теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Мұның барлығы еліміздің Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған шаруалардың жемісі. Қазан айында Елбасы Н.Назарбаев «Ауыл шаруашылық кооперациясы туралы» Заңына қол қойғаны белгілі. Бұл құжат сала ісін ілгерілетуге сөзсіз үлкен мүмкіндік беретін болады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support