- Advertisement -

Қымбат кәдесый

151

- Advertisement -

Алтын және күміс ескерткіш
монеталар шығарылды

Тәуелсіз Республикамыздың тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – төл теңгеміздің жарыққа шығып, айналымға енуі. Әр елдің экономикалық жағдайы, экономикалық кеңістіктегі интеграциясы мемлекеттің ақша жүйесіне, оның атқаратын қызметіне тікелей байланысты дейтін болсақ, ұлттық валютамызды шығару тәуелсіздігімізді нығайту жолында түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін қажетті тарихи қадам еді. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің қазіргі қол жеткізген экономикалық табыстарына себепкер болды. 

Осы айтулы күн, яғни Ұлттық валюта – Теңге күніне орай Ұлттық Банктің облысымыздағы филиалының ғимаратында Ашық есік күні ұйымдастырылды. Онда Ұлттық Банк қызметкерлері ұлттық валютаның тарихы мен қорғаныс элементтері жайлы ақпарат беріп, артынша бағалы металдардан жасалған монеталар көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеге қойылған бағалы дүниелердің ішінде көпшілік назары «Мешін жылы» алтын және күміс ескерткіш монетасы мен «Шыбыншы торғай» ескерткіш күміс монетасына көбірек ауды. Монеталардың бет жағында аспан әлеміндегі жұлдыздар шоғырының мифологиялық символдары бейнеленіп, монета металы және оның сынамасы мен салмағы бейнеленіпті. Монетаны айналдыра жалпақ күңгірт жиек жүргізіліп, оның үстінде «500 теңге» деген жазу ойып жазылған қаусырма бар. Сонымен қатар, ағылшын және мемлекеттік тілде «Қазақстан Республикасы» деген жазу мен Күннің стилі бейнеленген. Ал сырт жағында шығыс күнтізбесінің символы мешін бейнеленіп, оны айнала шығыс күнтізбесіндегі қалған он бір символ орналасыпты. Ұлттық Банктің логотипі бар монетаның бұл бетіне де күңгірт жиек жүргізіліп, оның үстіне соғылған жылын білдіретін «2016» ойып қаусырма жазылған. Мұнда да орыс, ағылшын және қазақ тілінде «Шығыс күнтізбесі» деген жазу жазылыпты.
«Ескерткіш монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің теңге сарайы» дайындаған. Олар колекциялық құны бойынша сатуға арналғандықтан, арнайы кәдесыйлық қаптамамен шығарылған. Бір айта кететіні, инвестициялық алтын және күміс монетаны сатып алып оны сақтауға немесе өзге біреуге сыйға тартуға болады. Орыс, ағылшын және мемлекеттік тілде нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған алтын монетаның сынамасы – «Au 999 7, 78 g» ал күміс манета сынамасы «Ag 925 31 1 g». Монеталарды сатып алып, кейіннен қайтадан Ұлттық Банк филиалдарына өткізуге болады. Бағам доллармен есептелетіндіктен ол еш уақытта құнын жоғалтпайды», – дейді Ұлттық Банктің облыстағы филиалы директорының орынбасары Нұрлан Берікбосынов.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support