- Advertisement -

Бірлік биіктерге бастайды

98

- Advertisement -

Лариса Лысова,
Қазақстан халқы Ассамблеясы
облыстық хатшылығының
меңгерушісі.

Достық пен бірліктің көгершінін көкке самғатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы ел татулығының темірқазығына айналып үлгерді. Дәл қазір еліміздегі барша ұлттардың бірлігінен артық ешқандай бақыт та, құндылық та жоқ. Қаншама ұлттың бір шаңырақ астында бір атаның баласындай тату күн кешуі – ел іргесінің бекем болуының да кепілі. Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының ағымдағы жылы 20 жылдығы дүркіреп тойланып келеді. Яки бұл айтулы мереке еліміздің сындарлы кезеңдерден сүрінбей өтіп, толайым табыстарға қол жеткізуі – қоғамымызда берік орныққан ұлтаралық татулықпен тығыз байланысты екенін айғақтай түседі.
Өткен сенбіде Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Оның жұмысына Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев және Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты. Облыстық хатшылықтың атынан аталмыш жиынға мен де барып, қатысып қайттым. Онда өзге елдерден келген әріптестеріміз де болып, өздерінің тұшымды ойларымен бөлісті. Олардың арасындағы Ресей халықтары Ассамблеясы Кеңесінің төрайымы Светлана Смирнова мен Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, әйгілі әнші Иосиф Кобзон, «Еуропадағы мәдениет арқылы – бейбітшілікке» халықаралық қауымдастығының президенті Вильгельм Аугустаттар өздерінің лебізді пікірлерін ортаға салғанын айтқым келеді.
Отырыс жұмысын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы құттықтау сөзін сөйлеген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова «Бүкіләлемдік рухани келісім күнін» Астанада атап өтуге келген қонақтарға ыстық сәлем жолдаудан бастап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен атап өтіліп отырған биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы барлық өңірлердегі өзгерістерге жаңаша серпін беруде екенін тілге тиек етті. Ал Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев осы отырыстың барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының 2025 жылға дейінгі мерзімге арналған жаңа тұжырымдамасының жобасын таныстырды. Айта кету керек, бұл мүлде жаңа Ассамблеяның іргетасын қалайтын жоба болғалы отыр. Мұнда Елбасының ҚХА-ның сәуір айында болған соңғы сессиясында ұйымның алдына қойған міндеттері белгіленген. Осындай игі бастамалар мен мазмұнды әңгімелер жиынның маңызын арттырды.
Ұйытқыдай ұйып отырған еліміз бүкіл әлемге өзінің бейбітсүйгіш саясатымен үлгі десем, еш қателесе қоймаймыз. Атқарылып жатқан шаруалардың барлығы да Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың нақты тапсырмаларынан туындайтыны тағы белгілі. Барша қазақстандықтардың қиындықтарды жұдырықтай жұмыла еңсерумен келе жатқандығы да осы сөзіміздің айғағындай. Осындай келісімнің арқасында алдағы уақыттарда да талай биіктерді бағындыратынымызға бек сенімдіміз.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support