- Advertisement -

Орхон ескерткіштері туған дәуір, ондағы тарихи шындық

490

- Advertisement -

Мырзатай-Жолдасбеков
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.

Тарихтан жиі ұшырасатын Скиф (Сақ), Үйсін, Қаңғы (Қаңлы), Дулат, Оғыз, Қыпшақ – бәрі де Сібірді, Қазақстанды, Орта Азияны, Орта-Төменгі Еділді, Каспий жағалауларын сонау ерте замандардан-ақ мекендеген түркі-моңғол руларының әр кездегі ру-ұлыстық, түрлі бірлестік аттары еді.
Заманымыздың V ғасырынан бастап бұл өңірлерде әлгі аталған бірлестік-мемлекеттердің негізінде түркі халқы қоғамдасып, соның негізінде Түркі қағанаты орнады. Бүгінде түркі халықтары деп аталатын қазіргі әзербайжан, түркімен, қырғыз, қазақ, өзбек, қарақалпақ, башқұрт, татар, алтай, хақас, ұйғыр, чуваш, ойрат, тува халықтары осы Түркі қағанатына топтасқан ру-тайпалар негізінде қалыптасқан.
Түркі халқын әдетте хан басқарған. Ханның Ордасы болған, Ордада ханмен бірге әр уақытта ақылшы жырау тұрған. Ханнан кейінгі басшыны – жабғы (бас уәзір), ханның өз мұрагерін – тегін деп атаған. Ал дулаттар (дулу) билеген Батыс Қағанатында ханнан кейінгі дәреже жора деп аталған.
Әскери демократияға негізделген түркі қоғамында халық: бек (ақсүйек), қара будун (бұқара), құл, күң деп жіктелген.
Күші жағынан да, мекені жағынан да заманының іргелі мемлекеті болған Түркі қағанатының тарихы V ғасырда Хундардан қашып шығып, Алтай тауының түстігіне қоныс тепкен Ашындардан басталады.
Тарихи деректерге қарағанда, Ашындар көшіп келген Алтай тауын ол кезде өздерін түрікпіз деп есептеген қаңлылар, қыпшақтар, төлістер, қырғыздар, байырқылар, басмалдар, құрықандар, отыз татарлар, ізгілер, едіздер, қарлұқтар, кеңгерестер, дулаттар, үйсіндер, сол сияқты бертінде түркі халықтарының негізін құрған басқа да көптеген дала тайпалары мекендеген.
V ғасырдан бастап осы аталған рулардың бәріне түсінікті, ортақ түркі тілі қалыптаса бастайды.
Бүкіл Сібірді, қазіргі Қазақстан мен Орта Азияны түгел жайлаған «ұзын найзалы, жарау атты» түрктер үш ғасыр (VІ- VІІІ ғ.ғ.) бойы кең далада адам айтқысыз алапат, жойқын соғыстарды басынан кешкен.
Түркі халықтарының бірлесуін тарихшылар Бумын қаған үстемдік еткен 545 жылдан санайды.
Бумын – саясатқа мықты, айлакер адам болса керек. 551 жылы өзімен көршілес жужандарды талқандап, көшпелілердің арасында даңқы асқан ол Елханы деген атқа ие болады. Бумын қайтыс болған соң, таққа бірінен кейін бірі қатарынан оның үш ұлы отырады. Солардың ішінен тарихта Муганханның есімі ерекше аталады. Ол өзімен көршілес жужандарды, татабыларды, қидандарды түгел бағындырды.
Түркілердің жойқын соғыстарының біразы Бумын ханның інісі Естеми (Есті-ми, ақылды деген мағынада) ханның атымен сабақтасады. Ол – Бумынның тірісінде-ақ қол басқарып көзге түскен, ханның жабғысы (уәзірі) болған адам. Естеми Батыс жорықтарын басқарған. 555 жылы Шаш (Ташкент) қаласын, Жейхун (Амудария), Інжу (Сырдария) өзендерін қаратып, Арал теңізіне дейін жеткен. Осымен Естеми жорығы тәмамдалады.
VІ ғасырдың 80 жылдары хан тұқымдарының арасындадау-жанжал өршіп, соның салдарынан Түркі қағанаты Батыс және Шығыс қағанаты болып екіге бөлінеді. Жетісу өңіріндегі, Шу бойындағы, Еділдің төменгі, Ертіс, Есіл өзендерінің жоғарғы сағасындағы өзара жауласып, әбден титықтаған түркі рулары Батыс қағанаттың құрамына енеді.
656 жылдың қақаған қысын пайдаланып, Қытай империясы Батыс қағанатқа төтеннен шабуыл жасайды. Тұтқиылдан лап берген есепсіз күшке төтеп бере алмаған нушебилер, дулаттар бірінен соң бірі жеңіліп, олардың басшысы Халлығ қалған қолымен Іле өзеніне шегінеді. Сөйтіп, он оқ халқынан бүтіндей қол үзген ол шегінгеннен шегініп, ақыры Шу өзенінде тізе бүгеді.
Көп жылдар өктемдік еткен қытайлар 692 жылға дейін дулаттар мен нушебилердің 60-70 мыңдаған кісісін қырып тынады. Осыдан бастап Түркі қағанаты күйреді деп есептеледі.
Әбден қорлық көрген түріктер VІІ ғасырдың аяғында Қытай империясына қарсы көтеріліске шығады. Әдепкіде біраз табысқа жеткенмен, Қытайдан жаңа күш келіп, Қарақұмға шегінген көтерілісшілер ақырында, аштыққа ұрынады.
Бірақ түркі халқы бұл жолы жеңілгенмен, тойтарыс алдық деп босқа қарап отырмаған. Бір жылдан соң Гудулу (Құтлығ) басқарған түркі халқының жаңа толқыны қайта өршиді. Құтлығ – әскери білімі бар, айла-тәсілге жетік кісі болса керек. Ол тоз-тоз болған түркі халқын қайта жиып, дана Тоныкөкті соңына ертіп, 683 жылы Қытай басқыншыларынан түркі жерін азат етеді. Осы әрекеті үшін халық Құтлығты Елтеріс (елді теруші, жинаушы мағынасында) хан деп атап кетеді.
Түркі халқын құрап іргелі ел еткен Елтеріс 693 жылы дүние салады. Соңында әлі де балағатқа жетпеген, әжетке жарай қоймаған екі ұлы қалады. Сондықтан да таққа оның інісі – Мочур (Капаған) отырады.
Қапаған тым арманшыл, қиялшыл, қатал кісі болыпты. Ол бір кезде даңқы жайылған Түркі қағанатындай мемлекет орнатуды арман етеді. Оның тым әсіре қаталдығы халық наразылығын күшейтіп, ақыры Қапаған 716 жылы көтерілісшілердің қолынан қаза табады.
Бұл жағдай Елтеріс ханның буыны бекіп, бұғанасы қатайған заңды екі мұрагері – Білге мен Күлтегінді таққа әкеледі.
Кішісі – Күлтегін өте ер болған. Қарлұқтармен арада болған соғыста (711-715) даңқы жайылған жас батыр бұрыннан келе жатқан ата дәстүрін бұзбай, «Білге хан» деген ат беріп, таққа өзінің ағасын отырғызады. Ал, Білге хан болса, інісі Күлтегінді әскер басы етіп сайлайды. Басқаша айтқанда, бұл шын мәніндегі Қағанат иесі деген сөз еді.
Билікті түгел қолдарына алған Елтеріс (Құтлығ) Қағанның үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы (Білге мен Күлтегін) саясатты әуелі ағасы Қапағанмен сыбайлас болған ақсақалдарды жоюдан бастайды. Бұрын-соңды соғысқа араласып жүрген кәрі тарландардан Елтерістің тұсында да көрегендігімен көзге түскен, Қапағанға да кеңесші болған Тоныкөкті ғана ақылшы етіп қалдырып, оған Баға Тархан (мемлекеттік кеңесші) атағын береді. Қарт данышпан бұл кезде 70 жаста еді. Көп кешікпей айлакер Тоныкөк өз қызын Білге Қағанға қосады. Сөйтіп, осы үшеуінің тұсында түркі халқының даңқы қайта жер жарады.
731 жылы Күлтегін қайтыс болады. Батырдың азасына ат қойып ел-елден келген көңіл айтушыларда есеп болмаған. Батырлығының куәсі ретінде оның басына мәңгілік ғажап ескерткіш орнатылды.
Көп кешікпей, 734 жылы дүниеден Білге Қаған да өтеді. Оны сатқындар у беріп өлтіреді.
Таққа отырған Иоллығ-тегін әкесі Білге ханның басына зәулім ескерткіш орнатады. Сөйтіп, ағасына да, әкесіне де арнап тасқа қашап олардың ерліктерін дәріптеген жоқтау-мадақ жырын жазады.
Иоллығ-тегін ақын әрі тарихта болған адам. Ол 739 жылы өз ажалынан қайтыс болады.
Міне, Түркі халықтарының тарихына қатысты және біз осы кітапта жариялап отырған Орхон жырларында (Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштері) бейнеленген тарихи оқиғалардың желісі осындай. Біз мұны негізінен Н.Я.Бичуриннің «Собрание сведений Азии в древние времена (М. – І т, 1950-1953), А.Н.Бернштамның «Собрание сведений о народах обитавших в Средней Азии в древние времена» (Москва, т.І-ІІІ, 1950-1953); Л.Н.Гумилевтың «Древние тюрки» (Москва, 1967) деп аталатын еңбектеріне сүйеніп жаздық.
Түркі қағанатының құрамына енген, бертінде түркі халықтарына ұйытқы болған және Орхон ескерткіштерінде аталатын рулар, тайпалар өте көп. Олардың басты-бастылары жайында қысқаша мынаны айтуға болады:
Төлістер – қазіргі таулы Алтайдың шығыс бөлігін мекендейтін телеуіттердің арғы ата-тегі. Телеуіттер терістігінде – татарлармен, шығысында – тувамен, түстігінде – қазақтармен, батысында алтайлықтармен шектеседі.
Мәдениеті, тілі жағынан түркі руларымен төркіндес келетін ру – қырғыздар. Олар VІІ- VІІІ ғасырларда Енисей бойын мекендеп, өзімен көршілес қарлұқ, құрықан, дубо (тува), меркит тайпаларымен үнемі қақтығысып тұрған.
Тарихшылардың айтуына қарағанда, құрықандар қазіргі якуттердің ата-тегі де, ал қырғыздар – хақастардың арғы тегі. Екеуінің де тілі, әдет-ғұрып түркі тектес. Әйткенмен, қырғыздарды тек қана хақастардың арғы тегі деу жеткіліксіз. Біздіңше көне Орхон ескерткіштерінде жиі кездесетін қырғыздар бірнеше рулардың бірлікті аты болуға тиіс. Өйткені, оларды қазіргі қырғыздардан бүтіндей бөліп қарау дұрыс болмас еді. Сондықтан да байырғы қырғыздарды қазіргі хақас, қырғыз халықтарына бірдей қатысы бар бірнеше рудың бірлікті одағы деп түсінген жөн.
Сырдария мен Амударияның аралығында оғыздар тұрған. Оғыздар – қазіргі әзербайжан, түркпен халықтарының арғы тегінен саналады.
Жоңғария мен Жетісу өлкелерін мынадай елдіктер жайлаған: Қара Ертісте – қарлұқтар, Орталық Тянь-Шаньдағы Іле өзенінің бойында – түргештер, Ертістің жоғарғы сағасында басмалдар тіршілік еткен.
Жоғарыда аталған түркі рулары үнемі бір орында өздерінің алғаш қоныс тепкен жерінде тұрақтап отыра бермеген. Кейде өзара жауласу, соғысу салдарынан, кейде бөгде ру-тайпалардың, яки халықтардың жорық-шапқыншылықтары салдарынан зор жойқыншылыққа ұшырап, бір өлкеден екінші бір өлкеге өтіп, қоныстарын жиі өзгертіп отырған. Сондықтан да болу керек, тарихшылар арасында қазақ рулары түгелдей әуел бастан, өмірбақи көшпелі болды, тек мал шаруашылығымен ғана айналысып, үнемі жөңкіліп көшіп жүрді деген пікір бар. Бұл пікірді түгелдей дұрыс деуге, қостауға болмайды.
Түркі сарбаздары металмен қаптаған қазіргі қазақ тымағы тәрізді бас киім, үстіне жезден істелген ұзындығы тізеден, жеңі шынтақтан сәл жоғары сауыт, аяқтарына етік киеді екен. Жауға аттанған жауынгер сауыт киіп, садақ асынып, беліне алдаспан байлап, білегіне шоқпар іліп, кеудесіне қалқан, қолына найза ұстап шығады екен.
Негізгі баққан, өсірген малдары – қой, жылқы. Жылқының қымызын, қойдың ағын ішіп түріктер малдың қамымен қыс-қыстауға, жаз-жайлауға көшіп жүрген. Осы кәсібі жайында тарихшы Л.Гумилев былай дейді: «Түркілердің әйелге деген құрметін есептемегенде, олардың семьясын ХІХ ғасырдағы қазақтардың семьясынан пәлендей өзгешілігі бар еді деп айтуымызға ешқандай негіз жоқ». (Л.Гумилев, Древние тюрки, М., 1967, 71-бет). Жаз салқын тау қойнауын саялап, қыс түссе жазықты жайлайтын түрктердің басты панасы көшіп-қонуға жеңіл киіз үй болған.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support