- Advertisement -

Ұлы жыраулары

607

- Advertisement -

СЫПЫРА ЖЫРАУ
(XIII-XV ғасырлар)

Сыпыра жыраудың есімі Қорқыт, Кетбұға, Қотан, Жұмағұл жыраулар секілді аңызға айналып кеткен. Кейбір тарихшылар Сыпыра жырау XIV-XV ғасырлар аралығында жасаған деген болжам айтады.
Сыпыра жырау шамамен XIII ғасырдың бірінші жартысында дүниеге келіп, XV ғасырдың орта шенінде өмірден озған секілді.
Сыпыра жырау түркі тілдес қазақ, қарақалпақ, ноғай халықтарының жыраулық поэзиясының бастауында тұрған ең ірі тұлға ретінде танылуға тиіс.

* * *
Құбыладан жылы жел есер,
Арқадан суық жел есер.
Анаға қарап қыз өсер,
Атаға қарап ұл өсер.
Тоқтамыстың уағында
Құлға билік тиген соң,
Жесір қатын, жетім ұл
Қайтіп қана күн кешер?..
Сөз сөйлемен, Қарабек,
Менен саған сөз керек.
Астыңа қара бұл салып,
Үстіңе қызыл себелеп,
Алдаймын деп келдің бе,
Атаңа нәлет сүмелек?!

* * *
Бай баласы байға ұқсар,
Байлаулы тұрған тайға ұқсар.
Би баласы биге ұқсар,
Алтын қанат үйге ұқсар.
Хан баласы ханға ұқсар,
Биік-биік шыңға ұқсар.
Құл баласы құлға ұқсар,
Мал таптаған гүлге ұқсар.
Ханның ұлы қарауыл,
Бидің ұлы шыңдауыл.
Ел ағасы Аға би,
Жұрт ағасы Тағай би,
Батыр ұлы Байназар,
Қожаның ұлы Қосназар,
Қожамын деп, Аллаға,
Күнәкар боп Құдаға,
Құдыңдайсың, бәтшағар!

АСАН ҚАЙҒЫ
(XV ҒАСЫР)

Асан қайғы атанып кеткен Хасан Сәбитұлы 1361-1370 жылдар аралығында Еділ бойында туса керек. Тарихи аңыздар Асанның әкесі саятшы екен дейді. Революциядан бұрын жасаған қазақ тарихшыларының еңбектеріне қарағанда, Асан Алтын Орда ханы Ұлұғ-Мұхамедтің ықпалды билерінің бірі болады. XV ғасырдың 20-жылдарында Ұлұғ-Мұхамед Ордадан қуылғанда Асан өз әміршісімен бірге кетеді. Көп ұзамай Қазанда билік құрған Ұлұғ-Мұхамедтің ақылгөйлері қатарында болған ақын, хан өлген соң Дәшті-Қыпшаққа қайта оралады. 1450 жылдарда Әбілқайыр ұлысындағы тартыс кезінде Керей, Жәнібек сұлтандарды жақтайды. 1456 жылы Шу алқабында Қазақ Ордасы құрылған кезде Асан жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады.

* * *
…Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойынды,
Отын тапсаң тойынды,
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің.
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Eкi семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген,
Еділ деген қиянға,
Еңкейіп келдің тар жерге,
Мұнда кеңес қылмадың.
Кеңестің түбі нараду.

* * *
Нәлет біздің жүріске,
Еділ менен Жайықтың
Бipiн жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң,
Ал қолыңды маларсың
Алтын менен күміске!..

ҚАЗТУҒАН ЖЫРАУ
(XV ҒАСЫР)

Қазтуған жырау Сүйінішұлы шамамен XV ғасырдың 20-30 жылдарында Еділ бойында, қазіргі Астрахань облысының Красный Яр қаласының маңында туады. Көшпенді шонжарлар әулетінен шыққан Қазтуған Еділдің салалары Ақтұба, Бозан бойын жайлаған түркі тайпаларының рубасы көсемі, әскербасы батыры болады. Дәшті-Қыпшақта XV ғасырдың ұзына бойына созылған бұлғақ кезінде оның кімдерді жақтағаны, не істегені белгісіз. Тек ғасырдың екінші жартысында өз қарауындағы руларымен бірге Еділден ауып, Қазақ Ордасының құрамына өткендігін білеміз. Ciрә, бұл — қазақтардың қазіргі Қазақстан жерінің орталық және батыс бөлігін түгелге жуық қайта иеленіп, біршама күшейген шағы, яғни 1460-1480 жылдардың арасы болса керек.
* * *
Алаң да алаң, алаң жұрт
Ақала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау
Қазтуған батыр туған жұрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Kip-қоңымды жуған жұрт,
Қарағайдан садақ будырып,
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт.

* * *
Салп-салпыншақ анау үш өзен,
Салуалы менің ордам қонған жер,
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер,
Жатып қалып бip тоқты
Жайылып мың қой болған жер,
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең,
Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас.
Қайран менің Еділім
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын сiздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!.
ДОСПАМБЕТ ЖЫРАУ
(XVI ҒАСЫР)

Доспамбет жырау XV ғасырдың 90-жылдарының орта шенінде Азау қаласында туады. Сол кезде Донның төменгі ағысын, Азау маңын мекендеген Kіші Орданы билеуші әскери шонжарлар тұқымынан шыққан болашақ жырау заманы мен ортасының талабына сай тамаша тәрбие алып өскен сияқты.
Өз заманындағы талай әскери жорыққа қатысқан жауынгер жырау туыстас түркі тайпаларының арасындағы көп қырқыстың бірінде, 1523 жылдың бас кезінде Астрахань түбінде қаза табады. Өмірмен қоштасқан сәтінде Доспамбеттің жасы әлі отызға да толмаған eді.

* * *
Қоғалы көлдер, қом сулар
Қоныстар қонған өкінбес.
Арыстандай екі бұтын алшайтып,
Арғымақ мінген өкінбес.
Кілең бұздай кілшейтіп,
Көбелер киген өкінбес.
Жұпарын қардай боратып,
Арулар құшқан өкінбес.
Торы төбел ат мініп,
Той тойлаған өкінбес.
Құрама шапшақ көп қымыз
Құйып ішкен өкінбес.
Екі арыстап жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында
Соғысып өлген өкінбес!

ШАЛКИІЗ ЖЫРАУ
(1465-1560)

Қазақ жыраулық поэзиясының атасы – Шалкиіз Тіленшіұлы 1465 жыл шамасында Жайықтың шығыс бетінде дүниеге келеді. Жыраудың әкесі, сірә, сахара феодалдарының бipi болса керек, ал шешеci кейін Кіші жүздің ұйытқысы болған, орыс деректерінде Сыртқы Орда (Заяицкая Орда) аталатын ұлыстың әмірі Мұса бидің қызы екен.
Өз заманындағы саяси күрестердің ешқайсысынан сыртқары қалмаған Шалкиіз Ноғайлыда XVI ғасырдың 40-жылдары басталған Жүсіп пен Исмайылдың әйгілі тартысы кезінде Жүсіп партиясын жақтайды. Алайда, дұшпандары тарапынан қуғынға, достары тарапынан күндеуге ұшыраған жырау көп ұзамай нағашыларымен біржола араздасып, Қазақ Ордасына қайта өтеді. Шалкиіз бір ғасырға жуық жасап, 1560 жылдарда қайтыс болды деп шамаланады.

* * *
Алаштан байтақ озбаса,
Арабыдан атты сайлап мінбен-ді!
Күлікке тастай болып тимесе,
Ycтімe көбе сайлап кимен-ді!
Күмістен eкi қолтық жоқ болса,
Сыпайшылық сүрмен-ді!
Алғаным ару болмаса,
Алдыма алып сүймен-ді!
Дулығамның төбесі
Туған айдай болмаса,
Батыршылық сүрмен-ді!

* * *
Жапырағы жасыл жаутерек
Жайқалмағы желден-дүр,
Шалулығы белден-дүр,
Төренің кежігуі елден-дүр,
Байлардың мақтанбағы малдан-дүр,
Ақ киіктің шабар жері майдан-дүр,
Кешу кешмек сайдан-дүр,
Батыр болмақ сойдан-дүр,
Жалаңаш барып жауға ти,
Тәңірі өзі біледі
Ажалымыз қайдан-дүр!

ЖИЕМБЕТ ЖЫРАУ
(XVII FАСЫР)

Жиембет жырау Бортоғашұлы XVI ғасырдың соңғы ширегі, ХVII ғасырдың алғашқы жартысында өмір cүpeдi. Алшын руын ежелден билеген ipi феодалдар тұқымынан шыққан Жиембет Еңсегей бойлы Ер Есімнің Kіші жүздегі ел басқарушы биі, әскербасы батыры қызметін атқарады.
1627 жылы Қазақ Ордасы құрамынан бөлініп, өз алдына тәуелсіз хандық құрғысы келген Ташкент ханы Тұрсынның көтерілісін басу кезінде де Жиембет елеулі рөл атқарады. Алайда, көп ұзамай-ақ орталық үкіметке сөз жүзінде ғана бағынып, Кіші жүзде дербес билік құра бастаған Жиембеттің өзі де ханның қаһарына шалынады.

* * *
Әмірің қатты Eciм хан,
Бүлік салып бұйырдың,
Басын бер деп батырдың,
Қанын iшіп қанбаққа,
Жанын отқа салмаққа.
Атадан жалғыз мен емес,
Хан ие, iciң жол емес.
Жолбарыстай Жолымбет
Құрбандыққа қол емес.
Жол тосып алып кетіпті
Қалмақтан алмақ сыйыңды,
Қаһарыңды басқалы
Қалың елім жиылды.
Бастап келген өзге емес,
Жиембет-сынды биің-ді.
Малын салып алдына,
Әр саладан құйылды,
Он eкi ата Байұлы
Бip тәңірге сыйынды.
MAPFACҚА ЖЫРАУ
(XVII FАСЫР)

Марғасқа жыраудың өмірі мен өнернамасы туралы нақты деректер сақталмаған. Біз тек оның Есім ханның жорық жырауы болғанын, 1627 жылы Тұрсын ханның бүлігін басуға қатысқанын ғана білеміз. Алайда, біздің заманымызға жеткен санаулы жолдары оның қазақ поэзиясындағы көне дәстүрді жалғастырушы от тілді, орақ ауызды жырау болғандығын көрсетеді. Марғасқа Есім ханның өмірі мен ерлік icтepi суреттелетін жеті мың жолдық «Еңсегей бойлы Ер Есім» атты тарихи жырды алғаш жырлаушы деп шамаланады.

* * *
Ей, Қатағанның хан Тұрсын
Кім арамды ант ұрсын,
Жазықсыз елді еңіретіп,
Жер тәңірісіп жатырсың.
Хан емессің, қасқырсың,
Қара албасты басқырсың,
Алтын тақта жатсаң да
Ажалы жеткен пақырсың!
Еңсегей бойлы Ер Eciм
Есігіңде келіп тұр:
Алғалы тұр жаныңды,
Шашқалы тұр қаныңды!

АҚТАМБЕРДІ ЖЫРАУ
(1675-1768)

Ақтамберді жырау Сарыұлы 1675 жылы Оңтүстік Қазақстан, Қаратау бойында ауқатты отбасында дүниеге келген.
1723 жылы қазақтар ойраттардан ойсырай жеңіліп, бүкіл оңтүстік және шығыс аймақтан айырылған шақта Ақтамберді атақты батыр, Орта жүздің рубасы ақсақалдарының бірі еді. Батыр жырау өзінің белсенді ісімен де, жалынды жырымен де жоңғарға қарсы күресті ұйымдастырушылардың бел ортасында болады, қазақ жасағының алдыңғы сапында шайқасады.
Батыр жырау тоқсан үш жасында, 1768 жылы қайтыс болады. Жыраудың жартылай құлаған күмбезі бұрынғы Семей облысы, Абай ауданының аумағында Жүрек Жота деген төбенің басында тұр.

* * *
Күлдір де күлдір кісінетіп
Күреңді мінер ме екеміз,
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екеміз!
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екеміз!
Ор қояндай жүгінтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Жолбарыстай шұбарды
Таңдап мінер ме екеміз!
Сол шұбарға мінген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екеміз.
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ма екеміз!
Тобыршықты әндіген
Толтыра тартар ма екеміз.
Тобылғы түбi құралай,
Бытыратып атар ма екеміз!
Жарлауға біткен жапырақ –
Жамылсақ тоңар ма екеміз.
Жазыққа біткен бүлдірген –
Сұғынсақ тояр ма екеміз!
Тобылғы сапты қамшы алып,
Тұмар мойын ат мініп,
Қоныс та қарар ма екеміз!
Ел жазылып жайлауда
Жақсылар кеңес құрғанда
Мұртымыз өрге шаншылып,
Бұрын да сөйлер ме екеміз!

БҰҚАР ЖЫРАУ
(1668-1781)

Қазақ поэзиясының тарихындағы ең соқталы тұлғалардың бірі – Бұқар жырау шамамен 1668 жылдары туады. Жыраудың әкесі Қалқаман батыр, сірә, ел билеуші шонжар емес, жеке басының ерлігімен ғана аты шыққан адам болса керек.
Бұқар жай ғана арқалы жырау, ақылшы аға емес, мемлекет істеріне елеулі ықпал етіп отырған қабырғалы биге, өз заманының ұраншысына айналады. Жырау бір ғасырдан астам жасап, 1781 жыл шамасында қайтыс болады. Сүйегі Баянауылда, Далба тауының етегінде.

* * *

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support