- Advertisement -

«жамбыл керамзит» ЭКСПО құрылысына қатысады

85

- Advertisement -

Керамзит – экологиялық жағынан таза, қыста – суық, жазда ыстық өткізбейтін, ғимараттардың төбесі мен еденіне төселетін жылытқыш материал. Ол – топырақ және тақтатасты арнайы пештерде 1200 градус ыстықта күйдіру арқылы өндіріледі. Тақтатастан жасалатын тауардың артықшылығы көп. Оған су тисе езілмейді, құрт-құмырсқа үймелемейді және түрлі жәндіктер ұя салмайды. Тараздағы «Жамбыл керамзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тақтатасты Шу ауданының аумағынан темір жол вагондары арқылы жеткізеді. Өздерінің темір жол тұйығы бар. Кәсіпорындағы екі пеш жылына 90 мың текше метр керамзит өндіре алады. Мұның өзі еліміздегі оған деген қажеттіліктің жартысын өтейді. Кәсіпорын тапсырыспен жұмыс істейді. Облысымызбен қатар Астана, Қызылорда және Өскемен қалаларының тұрғындары серіктестіктің тұрақты тұтынушылары болып табылады.

– Нарықта бәсекеге қабілетті тауарлар ғана өтімтал болады. Сондықтан да біз өнім сапасымен қатар қолжетімділігіне айрықша көңіл бөлудеміз. Газ, бензин бағасы және темір жол тарифі жиі көтерілуіне қарамастан керамзитке деген бағаны 2 жылдан бері өсірмеудеміз. Отыз адам тұрақты жұмыспен қамтылған, он екі бірлік техникамыз бар. Тапсырысқа қарай кейінгі кезде жылына 15-16 мың текше метр өнім шығарудамыз. Өткен жылы 100 миллион теңгенің өнімі өткерілді. Биыл да осы межеден төмендемейміз деген сенімдеміз, – дейді «Жамбыл керамзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тілеубай Жанаев.
Кәсіпорын өздерінде ИСО-9001 сапа менеджменті жүйесін осыдан 7 жыл бұрын енгізген. Әлемдік қаржы дағдарысына байланысты елімізде де құрылыс қарқыны біршама бәсеңдеп қалды. Олар жұмыс ырғағынан жаңылмау үшін жаңа нарықтар іздестіруде. Өздерінің өнімін ЭКСПО құрылысына ұсынбақ. Бұл бағытта бірқатар ізденістер жасалуда. Тауар астаналық сарапшылар назарына ұсынылуда. Олар келісім берсе, екінші пешті де толық қуатында жұмыс істетуге әзірлік жұмыстары қолға алынады. Мұның өзі өнім өндіру көлемін арттырумен қатар көптеген жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берері сөзсіз.
Іскерлігімен танылған Тілеубай Жанаев үздіксіз ізденіп жүретін азамат. Ол көп салалы кәсіпорын құруды ұзақ уақыттан бері армандайтын. Соның сәті биыл түсті. Серіктестік Жамбыл ауданының Бурыл тау аумағынан гипс кенін өндіретін карьер ашты. Гипс – цемент өндіру үшін аса қажетті шикізаттың бірі. Жақында олар Мойынқұм ауданының Мыңарал аумағындағы «Жамбыл цемент компания» ЖШС-мен ай сайын 5 мың тонна гипс кенін темір жол арқылы жеткізіп беруге келісімшарт жасасты. Карьерде он жаңа жұмыс орны ашылды.
– Егер, шикізат өндіру дұрыс жолға қойылып, табыс тапсақ, айналым қаражатын жасақтап, кен өңдейтін цех ашамыз. Онда құрылысқа қажетті гипс өнімдерінің алуан түрі шығарылады. Мұның өзі онда тағы да он жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, – дейді Тілеубай Жанаев.
Т.Жанаев басшылық жасайтын компания қайырымдылық шараларына белсене қатысады. Таяуда Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекелік іс-шарасын өткізу үшін ашылған есепшотқа облыста алғашқылардың бірі болып қомақты қаржы аударды.

Ақылжан МАМЫТ,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support