- Advertisement -

Отандық ет пен сүтке сұраныс артады

101

- Advertisement -

Халқымыз: «Ауру – астан» деп текке айтпаса керек. Адам үшін денсаулықтан асқан байлық пен бақыт жоқ. Арамызда кейінгі кезде шетелдік азық-түліктерді тұтыну арқылы түрлі дертке душар болғандар аз емес. Сондықтан да азаматтарымыз тағамдарды таңдап, талғап тұтына бастады. Тұтынушылар әсіресе, отандық азық-түлікке ерекше ден қоюда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен елімізде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. «Сыбаға, «Құлан», «Алтын асық» және «Ырыс» бағдарламалары арқылы тауар өндірушілерге үлкен қаржылай көмек көрсетілуде. Мұның өзі ет пен сүт өндірісін өркендетумен қатар экспортқа бағдарланған өнім өндіруге игі ықпалын тигізуде.
12Осындай мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Байзақ ауданында да мал басы мен одан алынар өнім көлемі үздіксіз өсіп келеді. Үстіміздегі жылдың 8 айының қорытындысында ауданда меншіктің алуан түрінде мүйізді ірі қара – 35283, қой мен ешкі – 244050, жылқы – 9975, түйе – 830, шошқа – 1400 бас және құс 283550 басқа жетті. Ағымдағы жылдың осы мерзімінде 6554 тонна ет, 25266 тонна сүт, 457 тонна жүн және 4 миллион 854 мың дана жұмыртқа өндірілді. Жалпы, бізде 2800 шаруа қожалығы болса, оның 500-ге жуығы мал өсірумен шұғылданады. Ауданда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 540 ірі қара сатып алу жоспарланса, қазірге дейін 275 бас мал алынды. Бүгінде осы бағдарлама бойынша 11 шаруа қожалық, 127,6 миллион теңгеге несие алуға ниет білдіруде.
«Құлан» бағдарламасы бойынша 34,35 миллион теңге несиеге 127 бас жылқы сатып алынды. Белгіленген жоспар 64 пайызға орындалды. Аудандағы он бес шаруа қожалығы 78 миллион теңге несиеге жылқы сатып алу үшін құжаттарын тиісті мекемеге өткізді. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша ауданда азаматтар 62,9 миллион теңге несиеге 2240 бас уақ мал сатып алды. Он бес шаруа қожалық уақ мал алу үшін 91,6 миллион теңге несие алуға құжаттарын өткізді. Жоспар 112 пайызға орындалды. «Ырыс» бағдарламасы бойынша Түймекент ауылдық округінен бір шаруа қожалық жалпы сомасы 40 миллион теңге несие алуға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мекемесіне құжаттарын өткізді.
Мемлекетіміз асыл тұқымды мал өсірушілерге, ет пен сүт өндірушілерге қыруар субсидия төлеуде. Мәселен, ағымдағы жылдың жеті айында аудан бойынша сатып алынған асыл тұқымды 204 бас отандық мүйізді ірі қара малына 31 миллион 416 мың теңге, 150 бас қой малының 10 асыл тұқымды қошқарына 80 мың теңге және бордақылау алаңдарына өткізілген 177 бас бұқашыққа 4 миллион 248 мың теңге субсидия берілген. «Агали» шаруа қожалығы өткізген 261 тонна сүтіне 2 миллион 610 мың теңге, «Жамбыл құс» серіктестігі өткерген 18 миллион дана тауарлы жұмыртқасына 30 миллион теңге субсидия алған.
Елбасының бес интитуционалдық реформасының 60 қадамында сүт және сүт өнімдері өндірісіне, 61 қадамында ет өндірісі мен өңдеуді дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта ауданда елеулі шаруалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бұрын ауданда сүтті өңдеумен «Лесняк» шаруа қожалығы ғана айналысатын. Шағын кәсіпорын тәулігіне 4 тонна сүт өңдейді. Кейінгі кезде ауданда сүт өңдеуге ниет білдірушілер қатары көбейіп келеді. «Агали» шаруа қожалығы Ресейдің «Сельхозлидер» серіктестігімен келісімшартқа отырып, 20 миллион теңгенің жабдықтарын әкеліп орнатты. Цех таяуда іске қосылғанда тәулігіне 2 тонна шикізат өңдейді. «Жадыра» шаруа қожалығы израильдік «Тесса» компаниясымен бірлесіп, тәулігіне 2 тонна сүт өңдейтін кәсіпорынды іске қосты. «Темірхан» шаруа қожалығы ресейлік «Колакс» серіктестігімен келісімшарт жасасып, тәулігіне 1 тонна сүт өңдеуді қолға алмақ.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы Ресейге 60 мың тонна ірі қара етін экспорттау міндетін қойып отыр. Аудан мал өсірушілері осынау ортақ іске өз үлестерін қосу үшін бірқатар игілікті шараларды қолға алып, жүзеге асыруда. Бұрын ауданда «Ақ ниет» шаруа қожалығы ғана шұжық өндірісімен айналысса, біраз уақыттан бері бұл іске «Мәмбетова» шаруа қожалығы кірісті. «Агали» шаруа қожалығы таяуда шұжық шығаратын цехты пайдалануға береді. Бірқатар агроқұрылымдар өздерінде ет ыстайтын және бұқтыратын цехтар салуға ниет білдіруде. Мал бордақылау алаңдары көптеп салынуда.
«Күлзипа» шаруа қожалығы ірі қара, жылқы және қой семіртетін 300 басқа арналған бордақылау алаңын іске қосты. «Бәйімбет баба», «Дулат», «Байдуанова Р», «Асылбек» және «Түзелбай» шаруа қожалықтары 200-300 бас аралығында мүйізді ірі қара мал бордақылайтын алаңдардың құрылысын өз қаражаттары есебінен салуда. «Тәжібаев Х», «Түзелбай» «Бәйімбет баба» және «Байдуанова Р» шаруа қожалықтары құрылысты толық аяқтап, мал семіртуді бастап та кетті. Келешекте жоғарыдағы агроқұрылымдардың өзі облыс және еліміздің қажеттілігі үшін жылына 200 тоннадан астам сапалы ет әзірлеп, өткереді.
Аудан аумағында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көліктік дәлізінің бойында шағын тауарлы сүт фермалары салынуда. «Асыл мұра қызмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы құны 86 миллион теңгені құрайтын 200 бас сауын сиырға арналған, «Тәжібаев Х» шаруа қожалығы құны 25 миллион теңгелік 200 бас сауын сиырға арналған шағын тауарлы сүт фермасының және «Кеңесхан» шаруа қожалығы құны 43 миллион теңге 100 бас сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын жүргізуде. Аталған фермаларда келешекте асыл тұқымды, сүтті көп беретін аналық бастар өсіріледі. Агроқұрылым басшылары өндірген сүтін өздерінде өңдейтін цех салып, оны шағын дүкендер арқылы жолаушыларға ұсынады. Кластерлік жүйе арқылы өндіріліп, өңделіп, тұтынушыларға өткерілетін сүт өнімдерінің сапасы жоғары, бағасы қолжетімді болады.

Болат Сағынбеков,
Байзақ ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support