- Advertisement -

ҚҰРЫЛЫС НАРЫҒЫ ТЕК ТЕҢГЕМЕН ЕСЕП АЙЫРЫСПАҚ

77

- Advertisement -

Қазақстан қор биржасында АҚШ валютасы құны күн сайын құбылып тұр. Қаржы сарапшылары 1 доллар бағамы 300 теңгеден асады деп болжауда. Бұл, әрине, экономикамыз үшін жақсы емес. Өйткені біздің экономикамыздың көп салалары, оның ішінде құрылыс саласы да бүгінгі таңда долларға белгілі бір тұрғыда байланысты екені рас. Доллардың жиі құбылуы өз кезегінде көптеген істе қиындықтар туғызуда. Мамандар егер оның құбылуы тоқтамаса, тұрғындар өздері-ақ шетелдік валютадан бас тартып, нарықта алып-сатарлар азаяды деген пікірде.
Осы жайлардың барлығын ескере отырып, Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы тұрғын үй құрылысында доллардан бас тарту жөнінде шешім қабылдады. Бұл жөнінде Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев: «Енді қауымдастық мүшелері жылжымайтын мүлік бағасын тек ұлттық валюта бойынша белгілейді. Сәйкесінше, нарықтағы өзге қатысушылардан да соны талап ететін болады. Төл теңгеміздің құнын арттыра түсу мақсатында қауымдастық құрылыс материалдарын жеткізушілермен байланысты қайта қарамақ ниетте. Бұл теңгенің құнсыздануын таргеттеуге, тұрғын үй шаршы метрінің өзіндік құнының шарықтап кетпеуіне ықпалын тигізері сөзсіз. Тапсырыс жеткізушіні таңдарда бұдан былай доллардан гөрі, төл теңгемізге және отандық тауарларға басымдық беріледі» деді. Осылайша, бұдан былай қауымдастық мүшелері төлем құралы ретінде, жылжымайтын мүлік құрылысы және оны сату барысында долларды шектеп, теңгемен есеп айырыспақ.
Бұл үшін бізде барлық мүмкіндік бар деп есептеймін. Мәселен, біз құрылысқа пайдаланатын заттардың 80-90 пайызға жуығы елімізде өндіріледі. Ал кейбір құрылыс материалын Ресейден, Қытайдан толығымен сатып ала аламыз. АҚШ-тан ешқандай құрылыс материалдарын әкеліп жатқан жоқпыз. Қазір біз, мысалы, Қытайдан тауар алатын болсақ, теңгені долларға айырбастаймыз, ал, қытайлықтар долларды юаньға айналдырады. Яғни, тауар айналымында 3 валюта қолданылады. Егер біз юань мен теңгенің немесе рубль мен теңгенің арасындағы айырмашылық бағамын белгілеп, оны тұрақты түрде жетілдіріп отырсақ, тікелей, екі валюта арқылы ғана сауда жасауға мүмкіндік болады деп ойлаймын. Осылайша долларды ығыстыруға мүмкіндік туады.
Долларды экономикамыздан шеттету үшін мұнымен қоса, баспасөз беттеріндегі белгілі бір затты сататын немесе сатып алатын ұйымдардың, риэлторлардың хабарламаларын тек теңгемен жазуымыз керек. Қолма-қолдан гөрі, есепшот, есеп картасы арқылы есеп айырысқан жөн. Сосын сатып алынатын, сататын тауарды электронды түрде сатқан тиімді болады. Бізде бұл жүйе біраз жетілдіруді қажет етеді. Дегенмен, егер АҚШ ақшасынан бас тартамыз деп бел шешсек, мұны міндетті түрде жасауымызға тура келеді. Бұл өз кезегінде салық түсімінің, ақша айналымының көлеңкелі тұстарын да жоюға оң әсерін тигізеді.
Ресейде доллармен есеп айырысуға заңды түрде тыйым салынған. Өзбекстанда да осындай жағдай. Долларсыздандыру үшін халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуден бөлек, біз де заңды түрде валюта айырбастайтын пункттерде долларлық айырбасқа шектеу қойғанымыз жөн. Сонда ғана бірте-бірте ығыстырамыз. Жүйелі жұмыс істесек, долларға тәуелділіктен арылуға әбден болады. Бұл өзімізге де тиімді.
Ал тұрғын үй құрылысы саласында Қазақстан нарығының 60 пайызын қамтып отырған Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы құрылыс материалдарын жеткізушілер мен жылжымайтын мүлік нарығындағы басқа да субъектілермен саясатты қайта қарастыру мақсатында ҚР Үкіметіне үндеу жолдайтындықтарын баспасөз беттерінде жариялаған болатын. Бұл долларсыздандыру бағытында жасалып жатқан алғашқы батыл қадамдардың бірі деп есептеймін.

Рахманқұл БАЙТЕЛИЕВ,
облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support