- Advertisement -

Қабылданбаған сөз иесінде қалады

83

- Advertisement -

Ертеде Жапон елінің бір қалашығында қарт самурай тұрыпты. Ол өз шәкірттерін білімді, ақылды етіп тәрбиелейді екен. Бірде өзінің тәртіпсіздігімен, қатыгездігімен елге аты жайылған жауынгер сабақ барысында ұстазымен ілігісіп қалыпты. Оның өзіндік әскери тактикасы бар болатын. Ол – қарсыласына ауыр сөздер айтып ызаландырады, ал қарсыласы жекпе-жекте ашудың салдарынан бірқатар қателіктер жіберіп, жеңіліс тауып қала беретін көрінеді. Бұл жолы да жауынгер ұстазын ашуландырып, ықтырып алмақ болып, ғайбат сөздің не түрін жаудырып-ақ бағады. Алайда қарт самурай оған қалт етпейді. Әлгі жігіт бұл әрекетін үш рет қайталап көреді. Қарт сарбаз болса, оның айтқан сөзін құлағына да ілмей, алаңсыз сабағын жалғастыра беріпті. Бұған ызаланған жауынгер есікті бір теуіп ашып, кетіп қалады.


Бұл жағдайды қас қақпай бақылаумен болған шәкірттері: «Ұстаз, неге оның мұндай тәртіпсіздігіне жауап бермедіңіз? Оны жекпе-жекке шақыру керек еді!» – деп таңғала сұрайды. Сонда самурай шәкірттеріне:
– Сізге біреу сыйлық алып келіп, сіз қабылдамасаңыз, ол кімнің қолында қалады? – деп қарсы сұрақ қояды.
– Өзінің иесінде, – деп жауап береді шәкірттері.
– Мұның қызғанышқа, ашуға, кемсіту мен мысқылдауға да қатысы бар. Олардың барлығы да қабылдамасаңыз, сол күйінде өз иесінде қалады, – деп түйіпті сөзін самурай.
Бұл өсиет әңгімеге көреалмаушылық, қызғаныш, ашу мен кемсіту жайы арқау етілген.
Расында да біреудің ашумен айтқан сөзін, өзіңізге жасаған көрінеу қысастығын, қияс-қыңырлығын көңіліңізге ауыр алмасаңыз, жүйкеңіз тыныш әрі денсаулығыңыз да қалыпты болады. Осынау жапон даналығы санасызға сабақ боларлық тағылымымен, адамды сабырлы, кешірімді болуға шақыруымен де құнды емес пе?! Әлбетте, солай.

Баймаханбет АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support