- Advertisement -

Жас түлектің жеңісі

94

- Advertisement -

Жамбылдық боксшы Хуршедшох Искандаров жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралды

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жасөспірімдер арасында бокстан әлем чемпионаты аяқталды. 58 елдің «сен тұр, мен атайын» былғары қолғап шеберлері сынға түскен әлемдік аламанда Жамбыл боксының жұлдызы жарқырап жанды. 80 келі салмақ дәрежесіндегі өрендер дуында жерлесіміз Хуршедшох Искандаров күміс жүлдемен күптелді.
Әлем чемпионатына тас-түйін дайындықпен барған ол төрт кездесу өткізді. Өз салмағындағы жиырма алты саңлақтың ішінен қара үзіп, ақтық сынға шыққанға дейін Хуршедшохтың ширек финалдағы кездесуін тамашалаған едік. Финляндиялық Кренар Альюді атойлап жүріп жеңгенін көз көрді. Шабуылдан кейін лезде кейін шегініп, төбелестен гөрі бокстасуға бейімі бар Хуршедшох өзінің мықтылығын сол кездесуде дәлелдеп қойған. Одан кейінУкраина елінің жалғыз үміті Аркадий Карцанды да айқын басымдылықпен ұтып, ақтық сынға жолдама алды.
Хуршедшохқа финалда оңай қарсылас жолыққан жоқ. Жергілікті боксшы Владислав Ивановты ойнап жүріп жеңген кубалық Дайнер Пероның шын мәнісінде мықты екендігін көз көрген. Шаршы рингкте қолды-аяққа тұрмай, тез қимылдап, әр шабуылында соққыны молынан бағыттап, лезде жалт беретін Перо финалда Хуршедшохтан басым түсті. Дегенмен, қазақ боксшысы кубалыққа есе жібергенімен, лайықты қарсылас бола алғанын айта кету керек. Әлем біріншілігінде қазақстандық боксшылар Искандаровтың күмісінен бөлек, бір алтын, үш қола иеленген болатын. 50 келі салмақ дәрежесіндегі қазақ боксшысы Дәулет Нысан алтыннан алқа таққанын да тілге тиек еткен жөн. Біз дода аяқталғаннан кейін боксшының бапкері Абдувахап Абдумаджитовпен телефон арқылы тілдескен едік. «Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына әлемнің 58 елінен 421 боксшы қатысты. Біріншілік тартысқа толы болды. Шәкіртім морокколық, финляндиялық, украиналық боксшыларды айқын жеңді. Күміс жүлдеге қол жеткізгенімізге қуаныштымыз. Жамбылдық Еркебұлан Жұмабеков, Елдар Абдраимов секілді саңлақтар кезінде жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының алтынын алған. Енді Хуршедшох Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов, Бақтияр Артаев, Олжас Сәттібаев секілді саңлақтардың жеңісті жорығын жалғастырса деген тілегім бар» деді өңір мақтанышының бапкері өз ойымен бөлісіп. Біз де жас буын өкілі Хуршедшохқа үлкен жеңістер тілейміз.

 

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support