Баталовтың командасы басым болды

62

Ал  жамбылдық  ардагер  волейболшылар  командасында облыс  әкімі  К.Көкірекбаев  өнер  көрсетті

«Тараз-Арена» спорт кешенінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай және Ұлы Отан соғысының ардагері, ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері Патшабек Тілеубаевты еске алуға арналған ардагер волейболшылар арасында (54 жастан жоғарылар) халықаралық жарыс өтті. Доданы облыс әкімі, облыстық волейбол федерациясының президенті Кәрім Көкірекбаев ашып, Ұлы Жеңістің маңызына тоқталды. Сондай-ақ, ол осы іс-шараның басы-қасында жүрген майдангердің ұрпақтарына алғыс білдіріп, барлық командаларға сәттілік тіледі. 

Доданың жоғары деңгейде өтуіне майдангердің перзенті, облыстық волейбол федерациясының белсенді өкілі Шайнияз Тілеубаев ерекше атсалысты. Жарысқа Өзбекстанның Ташкент қаласынан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы және өзіміздің облыстан командалар қатысты. Бір айта кетерлігі, Алматы облысының құрамасында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есболов, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев секілді белгілі тұлғалар ойнады. Ал біздің облыс командасы құрамында облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы өнер көрсетті. Ақтық сындағы Алматы облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысы құрамаларының ойындары қызыққа толы болды. Бұл сында алматылықтар әдемі ойын өрнегінен жаңылмай, жарыс жеңімпазы атанды. Үшінші жүлде үшін таласта жамбылдықтар Өзбекстан республикасынан келген қарсыластарынан басым түсті.
Жеңімпаз атанған Алматы облысының құрамасын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев марапаттап, сыйлықтарын команда капитаны, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа тапсырды. Жарыс жүлдегерлері мен қатысушылар да марапатталды.

 

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.