- Advertisement -

Жаңа экономикалық саясат – заман талабы

88

- Advertisement -

DSC_6289-Әлемнің экономикалық саясаты, экономикалық саясаттың басты тетігі қаржы үлкен дағдарысқа тағы да тап болып отыр. Жаһандық экономикалық дамудың басты табыс көзіне айналған мұнай саласындағы баға бұрын-соңды болмаған кұлдырауды бастан өткізуде. Осындай күрделі экономикалық кезеңде әлемнің көптеген мемлекеттері дағдарыстан шығу жолдарын саралап, жаңа экономикалық саясатқа көшуді жедел іске асыруға бел буып отыр. Бүгінде әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқынды жолына түскен, қалыпты инвестициялық ахуал орнықтыра алған Қазақстан да мұндай дағдарыстың дауылынан тыс қала алмас еді.
Бір апта бұрын ел Үкіметі мен Ұлттық банк теңге бағамына өзгеріс енгізу туралы шешім қабылдады. Мұндай жағдай көптеген елдерде дүрбелең туғызғаны белгілі. Бірақ, Қазақстан халқы тағы да берекелі бірліктің үлгісін, Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың саясатын қолдайтындықтарын көрсетті.
Егемен еліміз осындай қиын жағдаймен алғаш рет бетпе-бет келіп отырған жоқ. Қазақстан мұның алдындағы экономикалық және қаржылық дағдарыстың да ащы дәмін татқан еді. Бірақ, сабырлылықты серік еткен, тынымсыз еңбек  еткен халқымыз болашағын болжай, келешегін көре білген мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ұсынған нақты іс-шараларға кең қолдау көрсетіп, шар болаттай шыңдала түсті.
Қазіргі таңдағы әлемді алаңдатып отырған экономикалық саясатқа қарсы Елбасы: «Бұл дүниежүзілік дағдарыстан ешкім де тыс қалмайды. Қазақстан – әлем мемлекеттерімен, экономикаларымен байланысы бар ел. Сондықтан бұл дағдарысқа алдын ала барлық жағынан дайындалып, еңсеруіміз керек. Бұл бүгінгі нақты жағдайға байланысты туындаған шара», – деп, өз ойын бүкпесіз, үлкен толғаныспен, аса жоғары жауапкершілікпен жеткізді. Бұны Елбасының кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорын басшыларына ғана емес, бүкіл отандастарына арнаған Үндеуі деп түсінген орынды шығар. Өйткені, Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіздіктің таң сәрісінен бастап, ширек ғасырға тарта уақытында еш уақытта халқынан ел күткен жақсылықты да келер күннің қиындығын да жасырған емес. Қайта ынтымағы мен татулығы жарасқан көпұлтты халқын жаңа өмірдің сынағынан даралығымен, даналығымен аман алып шыға білді. Сондықтан еркін айналымға түскен төл теңгеміз де, азды-көпті киындықтарды бастан өткеретін өндіріс орындары да ертең қайта еңсе көтереді. Жер қойнауында толған қазыналы байлығымыз бұл күрделі кезеңдерді еңсеруге септесіп, халқының қажетіне жарарына сенімім мол.
Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банктің теңге бағамына өзгерістер енгізу арқылы алдағы жылдарға арнаған стратегиялық бағытын қолдаймын. Бізді сынақтан тек қана сенім мен еселі еңбек алып шығады.
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев тұрғындардың қобалжуы мен жұмыс орындарын қысқартуға жол бермей, әлеуметтік және қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау, сондай-ақ аса қажетті тауардың бағасын көтермеуді жергілікті атқарушы билік органдарына жүктеп отыр. Арнайы құрылған штабтар күнделікті жағдайға, халыққа қажетті әлеуметтік тауарларға тұрақты мониторинг жасай отырып, сауда орындарындағы бағаны бақылауды үнемі назарда ұстап келеді. Ендігі жауапты міндеттердің бірі осы қалыптасып отырған экономикалық жағдайды халыққа түсіндіру деп есептеймін. Бұл мақсатты істерді іске асыру үшін «Нұр Отан» партиясының ақпараттық-насихаттық топтарының мүшелері ауылдарды аралауға шықты. Мұндай шараларға жергілікті штабтар құрамына енген партияның барлық деңгейдегі құрылымдарының өкілдері мен мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың мүшелері де белсенді атсалысуда. Өйткені, «Нұр Отан» партиясы қашан да алдыңғы шепте жүрудің берік тәжірибесін орнықтырған. «Нұротандықтардың» мақсаты – осындай күрделі кезеңде халықпен бірге болу, оның барлық жағдайын жіті бақылауда ұстау. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсету.
Бабалар аманатына қашан да адалдық танытып келе жатқан Қазақстан халқы бүгінде бірліктің арқасында алуан асуларды бағындырды. Бұл қиындықты да жеңері сөзсіз.

Масат Берік,
 «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы   
төрағасының бірінші  орынбасары,
облыстық мәслихаттың депутаты.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support