- Advertisement -

Өндірісімізді өркендетпей көсегеміз көгермейді

111

- Advertisement -

Сырлыбек СматовӨңдеу өнеркәсібін дамытпай, экспортқа бағдарланған өнім шығармай өркениетті елдердің қатарына қосыла алмаймыз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері үздіксіз айтып келеді. Ел керегін түгендеу жолында елімізде көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау, көмек көрсетілуде. Өкінішке қарай, кәсіпкерлеріміздің көпшілігі өнім өндіру орнына, қызмет көрсететін кәсіпорындар салуға көп көңіл бөлуде. Жер-жерде зәулім де сәнді мейрамханалар салу жарысқа айналды. Соның нәтижесінде халық тұтынатын тауарлардың дені сырттан ағылуда. Бұдан еліміз үлкен зардап шегуде. Ақша сыртқа кетуде және шетелдік жылтырақ тауарлардың сапасы көп ретте сын көтермейді. Біз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына экспорттық әлеуетімізді арттыру арқылы ғана қол жеткізетініміз айтпаса да түсінікті. «Ештен кеш жақсы», «Игілікті істің ерте-кеші жоқ». Өзімізде бәсекеге қабілетті өнім өндірсек, көздеген мақсатқа қол жеткізетінімізге кәміл сенімдімін.
Теңгенің еркін айналымға жіберілуін мен де қолдаймын. Мұның өзі отандық кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретіні сөзсіз. Өндірген өнімін лайықты бағаға өткерген кәсіпорындардың материалдық-техникалық жағдайы жақсарады. Экспортқа бағдарланған тауар өндірушілер қатары көбейеді. Мен басқаратын Тараздағы «Ғимарат Темір Бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс үшін темір бетон бұйымдарын өндірумен шұғылданады. Бүгінде темір бетон бұйымдарының 50-ден астам түрін өндіреміз. Бұған қоса кейінгі кезде аулалар мен аяқжолдарға төселетін сәндік тақта плиталар шығаруды қолға алдық. Жылына 2 миллиард теңгенің өнімін өндіруге әлеуетіміз толық жетеді. Жұмысшыларымыздың саны 150-ге жетті. Орташа жалақы – 100 мың теңге. Әлемдік қаржы дағдарысы бізді де айналып өткен жоқ. Елімізде құрылысқа бөлінетін қаржының шектелуіне байланысты бізге түсетін тапсырыстар азайып қалды. Соған қарамастан, биыл 1 миллиард теңгенің құрылыс құрастыру жұмысын игереміз деген ниеттеміз. Бірде-бір жұмысшыны қысқартпаймыз.
Шығарған тауарымыз негізінен облыс аумағына өткеріледі. Плита және бетон бағаналарымызға Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Атырау облыстарынан көптеп тапсырыс түседі. Су шаруашылығы үшін шығаратын бетон науаларымызға да сұраныс көп. Нарық заңы қатал. Бүгінде құрылыс жүргізушілер сапасы жоғары және бағасы қолжетімді материалдарды іздестіріп, сатып алуға күш салады. Сондықтан да тұтынушылар талғамынан шығу үшін барлық мүмкіндіктерімізді жұмылдырудамыз. Негізгі өндірістік қор тұрақты жаңартылып келеді. Бұл мақсатқа жыл сайын 30-40 миллион теңге жұмсаудамыз. Мұның өзі кәсіпорынның материалдық-техникалық жағдайы мен әлеуетін нығайта түсуге игі ықпалын тигізуде.

Сырлыбек Сматов,
«Ғимарат Темір
Бетон» ЖШС-ның
директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support