- Advertisement -

Қоныс той көбеймек

82

- Advertisement -

Бүгінде Қордай ауылына кіре берісте екі қабатты жаңа тұрғын үйлердің қатары көбейе түскенін көзіңіз шалады. Бұл бас мердігер – біздің тараздық «Сұңқар» ЖШС (директоры А. Сәрсенбаев) құрылысшыларының күшімен тұрғызылып жатқан «Әлжан апа» ықшам ауданының құрылыс алаңы. Қазіргі кезде мұнда он коттедждің төбесі жабылып, терезе әйнектері қойылды. Он үйдің екінші қабаттары қаланып жатса, тағы он үйдің іргетасы құйылып даяр тұр. Алдымен осы отыз үйдің және алпыс орындық балабақшаның құрылысын аяқтап, келесі жылы пайдалануға беру көзделуде. Ал, жоба бойынша мұндағы 12 гектар алқапта барлығы 70 коттедж бой көтеруі тиіс. Әр он коттедж бір аулаға (көшеге) біріктіріліп, балалардың ойын алаңдары салынбақ. Бәріне ортақ балабақша, стадион, инфрақұрылымы болмақшы. Коттедждердің әрқайсысы екі отбасыға арналғанын ескерсек, бұл жерге болашақта жүз қырық жанұя қоныстанатын болады. Мұндағы бір үйдің ені – 12,5 метр, ұзындығы – 18,5 метрден. Сонда жалпы тұрғын алаңы 400 шаршы метрді құрайды немесе бір отбасыға соның жартысы беріледі. Осыған қарап-ақ, оның қаншалықты кеңдігін білуге болады.
Тұрғын үй қалашығы мемлекет қаржысына емес, кәсіпкерлік қолдаумен салынып жатқанын айтуымыз керек. Нұрсұлтан Әбішұлының анасы Әлжан апаның атымен аталатын бұл құрылыстың мәнін перзенттерінің анаға құрметі мен халыққа қамқорлығы тұрғысынан бағалауға болады. 2013 жылы сәуір айында құрылыстың қазығын қағып, алғашқы кірпішін қалауға Әлжан апа балаларының атынан танымал кәсіпкер Болат Назарбаев қатысқан болатын. Ал, құрылыс бас-аяғы екі жарым миллиард теңгеге бағаланып отыр. Құрылысқа Алматыда және Таразда өндірілген ең сапалы материалдар пайдаланылуда.
Мұнда вахталық әдіспен жүзге тарта адам еңбек етеді. Көпшілігі Тараз қаласынан және басқа аудандардан келген жұмысшылар. Жиырмадан астамы жергілікті Қордай тұрғындары. Бұған дейін бригадир Сәбит Жаңабаев, шебер Руслан Ғалымбетов, тас қалаушы Абай Жарылқасынов, сылақшы Сағындық Раев, ағаш шебері Темірбек Бермаханов сынды өз ісінің білгірлері еңбек етсе, бүгінде прораб Ерғали Жорабаевтың ауысымында Әділбек Қалибаев, Жақан Әлімбаев, Құрбанбек Төлегенов, Асан Досболов, Оразбай Әбілов тәрізді шебер құрылысшылар тер төгіп жүр. «Әлжан апа» тұрғындар қалашығын – тұрғызу үлкен ауданның тұрғын үйге деген қажеттілігін өтеуге қомақты үлес болмақ.

Аманкелді Өндірбаев,
«Сұңқар» ЖШС құрылыс учаскесінің басшысы.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support