- Advertisement -

Ел керегін түгендеген

60

- Advertisement -

SAM_1087Облысымызда жол салумен шұғылданатын, білікті мамандар шоғырланған және қуатты материалдық-техникалық базасы бар кәсіпорындар көбейіп келеді.  Солардың бірі әрі бірегейі – Т. Рысқұлов ауданындағы «Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорынды «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, іскер де жігерлі, қайырымдылығымен ауылдастарының алғысына бөленіп жүрген Қонысбай Сағымбек басқарады. 2001 жылы құрылған серіктестік аймақта жол салатын мердігерлер арасында ИСО-9001 сапа менеджменті жүйесін алғашқыларының бірі болып енгізген болатын. Осы мерзімде компания облыс аумағында 150 шақырымнан астам жолды орта жөндеуден өткізді. Т. Рысқұлов ауданындағы елді мекендерде жүздеген шақырым жолды «сауықтырды».

Кәсіпорын құрылысқа қажетті материалдың 70 пайыздан астамын өздерінде өндіреді. Қарақыстақ ауылының маңындағы карьерде екі тас уататын қондырғысы және 1 асфальт зауыты бар. Асфальт зауытында сағатына 60 тонна өнім шығарылады. Оның денін өздері пайдаланады, артылғанын басқаларға сатады. Тапқан табысына жыл сайын жаңа техника алады. Қазір мұнда 52 бірлік қуатты техника бар. Мұның өзі қол жұмысын азайтып, еңбек өнімділігімен қатар сапаны арттыруға зор мүмкіндік беруде. Тас уатып, асфальт өндіретін карьерде – 12, ал жол салумен 68 адам шұғылданады. Орташа айлық – 90 мың теңге. Жолшылар қыста да жұмыспен қамтылған. Олар осы мерзімде құрылыс материалдарын әзірлейді және техника жөндейді.
Компания мемлекеттік сатып алу конкурстарында ірі нысандардың құрылысын ұтып алуда. Үстіміздегі жылы олар «Төле би – Шоқпар» автомобиль жолының 15-30 шақырымында және «Тараз – Аса – Ақкөл – Саудакент» автомобиль жолының 137-153 шақырымында орта жөндеу жүргізуде. Қазірге дейін белгіленген жұмыстың 98 пайызы еңсерілген. Бірқатар телімдерді жұмысшы комиссия қабылдауда. Бұған қоса Т. Рысқұлов ауданында елді мекендерде 6 көше орта жөндеумен қамтылған. Ағымдағы жылы тендерде ұтып алынған 230 миллион теңгенің 90 пайызы игерілген.
Қайырымдының қашанда жүзі жарқын, ісі ілгері. «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген қағиданы берік ұстанған Қонысбай Оразханұлы қайырымдылық шараларына белсене қатысады. Т. Рысқұлов ауданының тумасы Құлан ауылына субұрқақ салып берген. Аудандағы мүгедектерге қажетті керек-жарақтарын сатып әперіп тұрады. Үстіміздегі жылы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қаржылай көмек көрсетіп, сауапты іс жасады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында биыл Құлан ауылында 200 миллион теңгеге 100 орындық балабақша салып, пайдалануға берді. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, Қонысбайға ағынан жарыла ризашылығын білдірді. Қ. Сағымбек Қонаев қорына және Қазақ хандығының мерейтойын мерекелеуге арнайы ашылған есепшотқа қомақты қаржы аударды.

 

Ахан Жойқынбек,
журналист.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support