- Advertisement -

Спортшылар қашан Халық Қаһарманы атанады?

206

- Advertisement -

Еліміздегі ең жоғары дәрежелі мемлекеттік марапаттардың бірі – Халық Қаһарманы атағы. Осы атаққа елімізде біраз тұлға лайық деп танылды. Халық Қаһарманы атағымен ең алғашқы болып армия генералы, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің марапатталғаны белгілі (1994 жылы). Бұл атақ Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсеткен ардагерлердің бірқатары: даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына (қайтыс болғаннан кейін); партизан Қасым Қайсеновке, рейхстагқа тұңғыш ту тіккен батыр Рахымжан Қошқарбаевқа (қайтыс болғаннан кейін); РФ батыры Бақтыораз Бейсекбаевқа (қайтыс болғаннан кейін); атақты ұшқыз қызымыз Хиуаз Доспановаға, Мәулен Қалмырзаға, Алексей Кулаковқа, Мурдин Таиповқа, Александр Капоринге табыс етілді. Сондай-ақ Халық Қаһарманы атағы қоғам қайраткері, металлург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ахат Күленовке; Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, генерал-майор Тоқтар Әубәкіровке (1995 жылы); Қазақстанның екінші ғарышкері, генерал-майор Талғат Мұсабаевқа (1995 жылы); РФ ұшқыш-ғарышкері Юрий Маленченкоға; Қарағанды ғылыми-зерттеу совхозы – ауыл шаруашылығы институтының директоры Александр Христенкоға; академик Мұхтар Әлиевке; Қазақстанға еңбек сіңірген құрылысшы Аким Атмачидиге; академик, Қазақстан ҰҒА президенті Шафик Чокинге; КСРО Халық әртісі Роза Бағлановаға (1996 жылы); 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушы Қайрат Рысқұлбековке (қайтыс болғаннан кейін); атақты композитор Нұрғиса Тілендиевке (1998 жыл); КСРО Халық әртісі, театр режиссері Әзірбайжан Мәмбетовке (2000 жылы); армия генералы Мұхтар Алтынбаевқа; ҚР Қарулы күштерінің аға лейтенанты Азамат Жұмаділовке; генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевқа берілді.
Жоғарыда аталған тұлғалардың ішінде спорт саласы бойынша әлі бір адам Халық Қаһарманы атағын алған жоқ. Біле-білгенге қазақ халқының, Қазақстанның даңқын әлемге әйгілеп жүрген осы спортшыларымыз емес пе?!
Қазақ спортында батырлар көп. Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасұлы секілді аяулы азаматтарға халық сол кезде-ақ батыр, қаһарман деген ат беріп, еркелетіп төбесіне көтерді. Күрзі жұдырықты Әбдісалан Нұрмаханов та, алып балуан Әбілсейіт Айханов та қазақтың  марқасқа батыл ұлдары.
Ал бүгінде спортта халықтың батыр ұлы атанып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі де бірегейі, өзі айтқандай, «бір жапырақ» болса да елінің таңдауына ілігіп, алыптардың көшін бастап жүрген айтулы тұлғалардың бірі – Жақсылық Үшкемпіров. Яғни, қазақтан Қажымұқаннан кейін шыққан жарық жұлдыз. Сонау сұрапыл соғыста Р.Қошқарбаев Берлиндегі рейхстагқа жеңістің туын қалай қадаса, алғаш болып спорт әлемінде қазақтың атын алтын әріппен жазып қалдырған грек-рим күресінен Олимпиада және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров болатын.
Жақсылық Үшкемпіров – КСРО халықтарының жазғы спартакиадасында чемпион атанып (1975 жылы), 1975-80 жылдар аралығында КСРО чемпионатының алты дүркін жүлдегері (екі мәрте чемпион – 1975, 1980), Қазақстан чемпионатын талай мәрте жеңіп алған. 1980 жылғы Еуропа чемпионатында күміс жүлдеге ие болса, сол жылы Мәскеу Олимпиадасында жасындай жарқылдап, алтыннан алқа таққан қазақ. Олимпиададан кейін даңқты балуан әлем чемпионы (1981 жылы) атанып, Әлем кубогінің күміс жүлдегері болды (1982 жылы).
Осы жеңістің бәрі оңайлықпен келген жоқ. Мұндағы төгілген тер, ерен еңбек, жеңіс үшін боз кілем үстінде жан беріп, жан алысқан тайталастар. Бәрі де еңбек. Қай салада болсын еңбектің, төгілген тердің айырмашылығы жоқ секілді, екеуі де ел мерейі, қазақ халқының даңқына төгілген теңіздей тер.
Бүгінде Жақсылық Әмірәліұлы қос қолын қусырып қойып, бос отырған жоқ. Өмірін еңбекпен кестелеген даңқты балуан қазақ халқының мақтанышына айналып, жеке шаруа қожалығының басшысы ретінде көптеген адамды жұмыспен қамтып отырған ірі кәсіпкерлердің бірі.
Ендеше Халық Қаһарманы атағына Жақсылық Үшкемпіровті лайық десек, қателесе қоймаспыз деп ойлаймын. Ал сен не дейсің, оқырман?!

Қайырбек МАСАЛИМОВ,
грек-рим күресінен спорт шебері, мал дәрігерлік ғылымдарының кандидаты, зейнеткер.

Өскемен қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support