- Advertisement -

Тас түскен жеріне ауыр

130

- Advertisement -

Жалын шарпыған ғимарат қалпына келтірілуде

Газетіміздің өткен санында жазғанымыздай, Тараз қаласының Ы.Сүлейменов және Желтоқсан көшелерінің қиылысында орналасқан  9 қабатты еңселі ғимараттан тұтанған өрт дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Ақпараттық технологияның қарқынды дамыған заманы емес пе, бірқатар әлеуметтік желілерде «Облыс әкімі аппаратының ғимараты өртке оранды», «Тараз қаласының әкімдігі жанып кетті» деген жалған жазбалар желдей есті. Мәселенің мәнісін осы күні кешкі сағат 19.30-да облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен баспасөз мәслихатында сала мамандары жан-жақты түсіндіріп берді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Талғат Сабыровтың айтуынша, департаменттің бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметіне сағат 16.42-де облыс әкімдігіне қарасты әкімшілік ғимараттан өрт шыққаны туралы хабар түскен. Жұмылдырылған қызметтер мен  құрылымдары дереу іске кіріскен. Өрт ғимараттың төменгі және жоғары қабаттарына біруақытта жылдам жайылған. Жалынның тез өршуіне аликабонд деп аталатын сыртқы қаптама материалының да әсері бар. Нәтижесінде өрт пластик терезенің қуысы арқылы ғимараттың орталық бөлігі бойынша барлық қабатты шарпиды. Т.Сабыров өрт оқиғасының орын алуына алдын ала болжамдар бойынша электр жүйелерінің қысқа тұйықталуы себеп болғанын тілге тиек етті.
Жалпы, тілсіз жауды ауыздықтауға барлығы 350 адам мен 75 техника қатысқан. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Бірақ, жарақат алғандар бар. Ол туралы  облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Марат Жұманқұлов айтып берді.
– «Жедел жәрдем» қызметіне дабыл түсісімен біздің бригадалар оқиға орнына дер кезінде жетті. Зардап шеккен сегіз азамат №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Олардың ішінде алтауы  ауруханаға  жатқызылды. Үшеуінің аяғы мен омыртқасы зақымданған, үшеуі түтінге тұншыққан. Ал  екі азамат  амбулаториялық емге жіберілді. Бүгінгі таңда өмірлеріне қауіп жоқ, жағдайлары бірқалыпты. Керекті дәрі-дәрмекпен, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, – деді М.Жұманқұлов.
Айту керек, зардап шеккен азаматтардың қатарында ішкі істер органдарының да қызметкерлері болған.  Баспасөз мәслихатында облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Қасым Құлсеріков ғимаратты шарпыған жалынды көлікте келе жатып байқап қалғанын айтады. Ақ желеңді жандар  абдырап, сыртқа қарай ұмтылуда. Өзі және жанындағы әріптесі, полковник Самат Құсайынов  екеуі  дереу бұрылып,  №3 емхана ішіндегі  12 қызметкерді оқшаулауға қатысыпты. Полиция сержанттары Бауыржан Байсейітов пен Ринат Серкебаев та жанып жатқан ғимаратты көріп, еш ойланбастан оқиға орнындағы адамдарды құтқаруға кірісіп кетеді. Тәртіп сақшылары төніп тұрған қатерге қарамастан адамдарды қауіпсіз жерге көшіріп, өздері әртүрлі дәрежедегі жарақат алған. Өрт сөндірушілер келгенге дейін қарап тұрмай ерлік көрсеткен  полицейлердің әрекеті кім-кімге де үлгі.
Қ.Құлсеріков  оқиға орнында тәртіп сақшылары сотқа дейінгі тергеу ісімен айналысып жатқанын, ұрлық-қарлыққа жол берілмес үшін бейнебақылау камерасы мен арнайы күзет қойылғандығын қосып өтті.
Жалпы, жұмылдырылған қызметтер  мен  құрылымдардың тізе қоса әрекет етуінің нәтижесінде ғимараттағы өрт 1 сағат  24 минуттың ішінде толық сөндірілді.
Сенбі күні таң азанымен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев оқиға орнында болып, ғимаратты тегіс аралап шықты. Нысанды тез арада қалпына келтіру үшін тиісті тұлғаларға нақты тапсырма берді. Сонымен қатар Кәрім Нәсбекұлы №2 ауруханаға ат басын бұрып, өрт кезінде зардап шеккен азаматтардың хал-жағдайымен танысты. Мұнан соң облыс басшысы тілшілерге сұхбат берді.
– Ең бастысы дер кезінде адамдарды құтқару мәселесі  қолға алынды. Ғимарат ішінде жұмыс істеп жатқандарды толығымен оқшауладық. Адам шығыны жоқ. Тоғыз қабатты ғимараттың сол жақ бөлігі  толығымен аман. Көп жанған тұстары санитарлық бөлігі болып отыр.  Қазір арнайы комиссия жұмыс істеуде. Бүгінге беріліп отырған алдын ала мәлімет бойынша өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан.  Қара түтін қаптаған сәтте үш-төрт адам секіруге мәжбүр болған. Оларға қажетті ем-дом көрсетілуде. Жағдайлары дұрыс. Бүгінгі таңда ғимаратта қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатыр. Осында орналасқан мекеме – кәсіпорын ұжымдары өз бөлмелерінде тиісті жұмыстарды қолға алуда. Сонымен қатар сыртқы әрлеу жұмыстарына «Қазфосфат», «Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестері мен өзге де құрылысшылар, үлкен кәсіпорындар демеушілік көмек көрсетуде. Мұндағы жұмыстар бірер күннің ішінде толық аяқталуы тиіс, – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, өртке оранған ғимараттың сырты бүгінде толықтай сырланып бітті. Тіпті, мұнда өрт болды десе ешкім сенбейтіндей. Ендігі кезекте осы ғимаратта орналасқан  облыс әкімдігінің басқармалары, «Арай», «Жамбыл-Тараз» газеттерінің редакциялары мен №3 қалалық емхананың қызметкерлері уақытпен санаспай, өрт қалдықтарын тазалау және шығару, коммуникациялық жүйелерді қалпына келтіру және қызметтік бөлмелерді жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстарға шамамен 300 адам, 4 арнайы техника жұмылдырылуда.

 

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ,
«Ақ жол».
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support