- Advertisement -

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҚҚА 100 ҚАДАМЫ

81

- Advertisement -

Астана экономикалық форумының қонақтары Елбасы реформасына осындай баға берді

Кеше Астананың Тәуелсіздік сарайында VІІІ Астана экономикалық форумының пленарлық отырысы болды. Оның жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Пленарлық отырыс басталмас бұрын алдымен форумның басты қонақтарымен суретке түсу рәсімі болып өтті. Мұнан кейін залға кірген Қазақстан Мемлекетінің басшысын жиналғандар қол шапалақтап қарсы алды.
Пленарлық отырыстың мәжілісіне Бас бизнес тілші, әлемге танымал BBC телеарнасының Talking Business бағдарламасының жүргізушісі Линда Юэ ханым модераторлық етті. Отырысты жүргізуші өз сөзін Қазақстанда сегізінші рет өтіп отырған халықаралық деңгейдегі бұл маңызды шараның жақсы ұйымдас­ты­рылғандығынан бастап, осы үшін ел басшылығына форум қонақтары атынан алғысын білдірді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевты жуықта елімізде өткен сайлаудағы үлкен жеңісімен құттықтап, мұнан кейінгі қызметіне табыс тіледі.

Біз бүгін халықаралық қауымдастықтың алдында тұрған келелі мәселені талқыламақпыз. Негізгі назарды экономика мен қаржы саласындағы қиындықтарға, көліктік инфрақұрылымдарды дамыту мәселесіне, осы салаға инвестиция тарту жолдарына аудармақпыз. Аталған мақсатта Қазақстан қазір Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылығымен үлкен істерді қолға алды. Сонымен қатар, бұл елде мемлекеттік құрылыстың келелі мәселелерін кең ауқымды қамтитын реформалар тізбегі қолға алынып, оны жүргізу жолдары айқындалды. Осыған орай жиындағы басты сөз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне құрметпен беріледі, деді модератор.
Мінберге көтерілген Елбасы сөзінің басында Астана экономикалық форумына қатысуға келген жетекші саясаткерлерді, экономистерді, іскерлік, ғылыми қауымдастық пен халықаралық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін Қазақстанға келген сапарларымен құттықтап, форум жұмысына сәттілік тіледі. Содан кейін негізгі айтар ойларын баяндауға кірісті.
Астана экономикалық форумы 2008 жылғы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысқа жауап шараларының бірі ретінде құрылған болатын. Ол дағдарыстың әлемдік экономиканың 80 пайызын қамтығандығы белгілі. Міне, содан бергі аралықтағы жеті жыл уақытта әлемдік экономика өзінің бұрынғы қарқынына ие болатындай қалыпқа түсе алмай келеді. Оның іргелі проблемалары шешусіз күйінде сақталып қалды. Солардың қатарында жоғары деңгейдегі жұмыссыздық пен борыштың артуы секілді мәселелер бар. Қазіргі күні көптеген сарапшылар жағдайдың ептеп те болса қалыпқа түсіп келе жатқандығын айтады. Бірақ өсу белгілері бытыраңқылық күйінде қалып отыр. Көптеген елдер сол дағдарыстың салдарларынан әлі де еңсе тіктеген жоқ. Ал енді бір сарапшылар 2008 жылғы жаһандық дағдарыс мейлінше тоқыраушылық сипатқа ие болды. Ол өзінің түбегейлі себептерін – қазіргі терең үйлесімсіздікті тудырып отырған себептерді еңсермей оңалмайды деп есептеуде, дей келе осы мәселелерге кеңінен тоқталып өтті.
Қазақстанның Мемлекет бас­шысының айтуынша, болашақ жалпыға ортақ дамуға үлкен қауіп төндіретін бірқатар сын-қатерлер қазір жаһандық көлемде қалыптасу үстінде және дамып келеді. Біріншіден, әлемдік тәртіптің фрагменттелуі. Бұл ретте бүкіл әлем бойынша тәртіп пен тепе-теңдікті қамтамасыз етуші бұрынғы тетіктердің сөгілгендігі байқалып отыр. Ұлы державалар көшбасшыларының бір-біріне деген сеніміне селкеу түсіп, халықаралық құқықтың әлсірегендігі сезіледі. Халықаралық институттар тыныштық пен тұрақтылыққа кепілдік бере алмай отыр. Екіншіден, климаттың өзгеруі секілді табиғи апаттардың орын алуы. Климаттың өзгеруі күткендегіден де жылдамдап отыр. Бұл соңғы сұрапыл апаттардың өткірлігінен де көрінуде. Үшіншіден, азық-түлік тапшылығы өсу үстінде. Халық санының, кірістердің өсуі, урбандалудың күшеюі секілді үш қат-қабат үдерістің күш түсіруімен таяудағы 30 жылда тағам өндірісін еселей түсу қажет болатындығы анық. Мұның өзін жер ресурстары азайып бара жатқан уақытта жүзеге асыруға тура келеді.
Міне, осындай жағдайларға тоқталып өткен Елбасы аталған қатерлерге қатысты Қазақстанда қолға алынып жатқан шараларға да форумға қатысушылардың назарын аударды. Қазақстан аталған сын-қатерлерге жан-жақты жауап беруге ұмтылыс танытуда.
Көп ұлтты және көп дінді ел бола отырып, біз толеранттық пен ұлтаралық келісім идеяларын алға жылжытудамыз. Астанада әлемдік діндер жетекшілерінің съездері тұрақты түрде өтіп отырады. Қазақстан ТМД елдерінің арасында бірінші болып нарықтық экономикалы мемлекет ретінде танылды. Тәуелсіздік жылдарында біз жаңа экономиканы құрдық. Елдің ішкі жалпы өнімі осы уақыт аралығында 24 есе өсіп, оның жан басына шаққандағы үлесі 13 мың долларға жетті. Бұл – орта кірісі бар елдің көрсеткіші. Біз БҰҰ Мыңжылдық дамуындағы көптеген мақсаттар мен көрсеткіштерге қол жеткіздік. Елдегі кедейшілік деңгейін 20 есе (60 пайыздан 2,9 пайызға дейін) қысқарттық. Жүздеген мектептер мен ауруханаларды салдық. Біздің еліміз экономикаға 200 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартып, бұл жөнінде ТМД елдерінің ішінен жетекші орынға ие болды. 15 жылдың ішінде кең жазық далада еліміздің елордасы – Астана қаласы бой көтерді. Қала қазақстандықтардың мақтанышына және экономика өсіміне қуат берушіге айналды, деді Елбасы өз сөзінде.
Қазақстан – бүкіл әлем бойынша өзінің аумағы жөнінен тоғызыншы ел. Инфрақұрылымдар салу үлкен инвестицияларды қажет етеді. Бірақ оның біздің болашақ ұрпақтарымызға мұра болатындай ғасырлық мәні де бар. Тек алдымыздағы үш жылда жаңа жолдар, электр желілері, коммуникациялар құрылысы үшін 124 миллиард доллар бағытталмақ. Бұл қаржының үштен бір бөлігін Қазақстанның әріптестері болып табылатын халықаралық қаржы институттарындағы біздің әріптестеріміз бөліп отыр. Ел астанасынан өңірлерге күн шуағындай шашырап жататын автокөлік жолдарының желілері қалыптаспақ. Теміржолдар, көпірлер, электр желілері, мектептер, ауруханалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары және жаңа тұрғын үйлер салынбақ. Мұның өзі экономикалық даму жағдайында да, сондай-ақ, әлеуметтік демографиялық тұрғыдан да елдің барлық өңірлерін тепе-тең жағдайда дамытуға, әркелкілікті азайтуға қызмет ететін болады.
«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру бірқатар елеулі нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігін бермек. 2019 жылға дейін елдегі ірі қалалардың арасында жолға жүру уақыты үштен бір бөлікке дейін қысқара түсетін болады, көрші елдерге шығуды қамтамасыз етеді. Электр қуатына деген сұранысты толық қамтамасыз ететін бірыңғай энергожүйе құрылады. Сонымен қатар, бағдарлама жарты миллион жаңа жұмыс орнын қалыптастырады. АҚШ пен Оңтүстік Кореяда да осылай болған. Индустриялық-инновациялық бағдарлама мен «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде елде жаңа экономика құрылады және жаңа инфрақұрылымның келбеті қалыптасады.
Осы жайларды айта келе, Елбасы еліміздің өз алдына ірі өршіл міндеттер қойып отырғандығын алға тартты.
Біз оларды орындай аламыз. Біз тұрақты өсім және Қазақстанды дамы­ған елдер санатына қосу үшін институттық орта жағдайын жақсартатын терең реформалар қажет болатындығын түсінеміз. Осы үшін мен өзімнің сайлауалды науқанымда осындай реформаның бес бағытын алға тарттым. Олар – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, экономикалық өсімді ынталандыру, қазақстандық біртектілікті нығайту және ақыр аяғында, транспаренттілікті көтеру және мемлекеттің қоғам алдындағы есептілігі. Бұл реформаны жүзеге асыру үшін Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекетке 100 нақты қадам жоспары қабылданып жарияланды. Реформа аясында неғұрлым дамыған елдердегі мемлекет басқару стандарттары мен ең жаңа заманғы құралдар енгізілетін болады. Осы үшін біз ЭЫДҰ-мен елдік бағдарламасына қол қойдық, деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Астанада халықаралық қаржы орталығын құру жөнінде шешім қабылданғандығын айтып өтті.
Сонымен бірге, мен ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көрмесінің платформасында «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы Жарлыққа қол қойдым, деді Қазақстан басшысы. Біз Дубай орталығының өкілдерімен келіссөз жүргіздік және олардың тәжірибесін толығымен Қазақстанға көшіру жөнінде келістік. Сөйтіп, біздің орталық тәуелсіз қаржылық соты және жеңілдетілген салық режімі бар ағылшындық құқық қағидаттарына негізделетін болады. Біз Астана қаржы орталығы Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымының ядросы, ал алдағы болашақта бүкіл Орталық-азиялық өңірдің қаржылық хабы болатындығына сенімдіміз. Сонымен бірге, Қазақстанның көптеген қаржы институттары орналасқан Алматы ел ішіндегі қаржылық делдалдық және қаржылық қызмет шоғырланған орталық болып қала береді. Осы шаралардың барлығы бізге ұзақ мерзімді тұрақты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Одан әрі Елбасы халықаралық сауданың өсіп отырған сұранысын қолданыстағы теңіз сауда жолдарының қанағаттандыра алмайтындығын атап көрсетті. Қазірдің өзінде ҚХР және ЕО арасындағы сауда көлемі 600 миллиард долларды құрайды және болжам бойынша, ол 2020 жылдары 800 миллиард долларға дейін өсетін болады. Сондықтан өсіп бара жатқан Азия үшін Еуропаға апаратын құрлық жолдарын дамытудың үлкен маңызы бар. Осы орайда біз өзіміз үшін үлкен мүмкіндіктерді байқаймыз.
Алғаш рет Астана қаласында жарияланған Қытай Халық Республикасы жетекшісінің «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты бастамасы айрық­ша маңызға ие болып отыр. Біз алғашқылардың бірі болып бұл бастаманы қолдадық және қазірдің өзінде өзіміздің үлесімізді қосып отырмыз. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік магистралінің 2700 шақырымға созылған қазақстандық учаскесінің құрылысы біздің алғашқы ірі жобамыз болып табылады. Бұл жұ­мысты біз биылғы жылы аяқтайтын боламыз. Қазақстан учаскесіндегі жүк ағымының көлемі жылына 30 миллион тоннаны құрайды деп күтілуде. Трасса Қытай, Қазақстан, Ресейді ғана емес, сонымен бірге, Еуропаны да жалғастыратын болады. Оған Орталық Азия елдері – Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан да қосылуға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар, темір жол және жаңа логистикалық қуаттардың да құрылысы жүргізіліп отырғандығын айта келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында Сары теңіздегі Ляньюнган айлағында қазақстандық логистикалық терминалдың ашылғандығын атап көрсетті. Қазірдің өзінде контейнерлер тасымалдау басталды. Бұл темір жол арқылы Орталық Азия, Ресей арқылы Еуропадан Азия-Тынық мұхиты аймағына шығуға және керісінше жүруге болады. Жұмыс бастаған алғашқы жылдың өзінде Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүк көлемі 80 пайызға артты. Бұл ҚХР-дың шығыс және орталық аудандарының жүктері болып табылады. ҚХР-ды Қазақстан арқылы Каспийдегі теңіз айлақтарымен байланыстыратын Жезқазған – Бейнеу темір жолының құрылысы аяқталды. Бұл Қазақстан, Кавказ арқылы Еуропаға жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Осы темір жол магистралі қазірдің өзінде салынып біткен Қазақстан-Түрікменстан-Иран жолымен қосылды және одан әрі Парсы шығанағындағы Бандерабас айлағымен жалғасады. Біз үшін ол Үндістанның Батыс жағалауларына және Пәкістанның оңтүстігіне шығуға мүмкіндік береді. Бұл жол біздің өнімдеріміздің Таяу Шығысқа шығуына жақсы жағдай жасайды. Биылғы жылдың өзінде Қазақстан Иранға тек қана астық жеткізу көлемін 5 есе өсіре алады. Осы жолмен жүк тасу көлемі таяудағы жылдарда 10 млн. тоннаға жететін болады.
Бұл жобалардың барлығы біздің еліміздің, сонымен бірге, бүкіл Еура­зия­лық экономикалық одақтың транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл – жаңа Жібек жолы. Еуразиялық эконо­микалық одақпен еркін сауда жасауға 40 мемлекет қызығушылық танытып отыр. Алайда, біз мұнымен шектел­меуіміз керек. Мен жаңа жоғары жылдамдықтағы, мультимодульды «Еуразиялық трансконтинентальдық дәлізі» көлік бағытын құруды ұсынамын. Ол біздің еліміздің бүкіл аумағына созылып, Азиядан Еуропаға және керісінше, ешбір тосқауылсыз жүк тасымалдауды қамтамасыз ететін болады. Бұл мұхит арқылы жүретін жолдардан едәуір қысқа. Көлік артериясы өндірістің дамуына серпін береді.
Көлік саласындағы бірлескен бастамалар ынтымақтастықтың озық тұғыры болып табылады. Ол елдердің, сонымен бірге, өңірлік бірлестіктердің терең ынтымақтастығы мен интеграциясына серпін беретін болады. Мен Біріккен Еуразиялық Экономикалық кеңістік құруды ұсынамын. Бізге барлық қатысушылардың ұлттық мүдделерін ескеретін, сонымен бірге, өзара тиімді интеграцияны арттыруға және кездес­кен кедергілерді жоюға бағытталған бірыңғай ереже керек. Ереже ең алдымен сауда, тасымал және ресурстар қозғалысына тиісті болуы керек. Жібек жолы экономикалық белдеуін құру, өзінің түпкі мағынасында осы қағиданы орнықтырады. Біріккен Еуразиялық кеңістік шеңберінде құрлықты одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстар талқыланатын және белгіленетін, оның мүшелері арасындағы интеграция дең­гейін арттыратын тұрақты түрде жұмыс істейтін алаң құру керек. Астана эконо­микалық форумы нақ осындай алаң бола алады.
Форум жұмысының нәтижелері, сіздердің жаңа идеяларыңыз, жобаларыңыз және бастамаларыңыз өңірдегі мемлекеттердің барлық азаматтарының әл-ауқатын арттыруға ықпал ететіндігіне сенімдімін. Олар экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрақтылыққа және болжамдыққа кепілдік беретін ахуал қалыптастырады. Біз континенттің әрбір мемлекеті бүкіл әлемнің игілігіне оң ықпал ететін, Еуразияның арайлы жаңа таңының бір бөлшегі болуына ұмтылуымыз керек, дей келіп сөзінің қорытындысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушыларға жемісті жұмыс және сәттілік тіледі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support