- Advertisement -

Дайындық жұмыстары кестеге сай жүруде

111

- Advertisement -

Облыстық аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Махметғали Сарыбековпен сұхбат

Үстіміздегі жылдың 26 сәуіріне тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауына облыстағы дайындық барысы қандай? Облыстық аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Махметғали Сарыбековпен әңгімеміздің әлқиссасы осы сауалдың аясында өрбіді.

– Орталық сайлау комиссиясының 2015 жылғы 26 ақпандағы №5/262 қаулысымен сайлауды өткізу мен оның дайындық жұмыстарын жүргізу жөніндегі күнтізбелік жоспары бекітілген болатын. Қазіргі таңда барлық аудандар мен Тараз қаласы осы жоспар бойынша рет-ретімен дайындық жұмыстарын жүргізіп келеді. Жалпы төтесінен туындаған мәселе болған жоқ. Себебі, облыс көлемінде қалыптасқан сайлау комиссияларының мүшелері тәжірибелі мамандар.
– Облыс көлемінде қанша аумақтық және учаскелік сайлау комиссиясы бар? Олардың сапалық құрамы турасында айтып берсеңіз.
– Облыс көлемінде 12 аумақтық және 461 учаскелік сайлау комиссиялары құрылған. Олардың құрамдары өткен жылдың сәуір айында өткізілген тиісті мәслихаттардың сессиясында қаралып, бекітілген болатын. Нәтижесінде, 8 саяси партиялар мен 22 қоғамдық бірлестіктер тарапынан ұсынылған азаматтар сайлау комиссияларының мүшелері болып сайланды. Оның пайыздық үлесі саяси партиялардан – 84 пайыз, қоғамдық бірлестіктерден 16 пайызды құрады.
Биылғы жылы олардың құрамына бірнеше өзгерістер енгізілгенін айту ләзім. Оның басты себебі, тұрақты мекен-жайларының немесе жұмыстарының ауысуына байланысты болып отыр. Өзгертілген комиссиялар құрамдары биылғы жылдың 3 наурызы күні, барлық аудандық және қалалық газеттерде жарияланды.
– Cайлау учаскелері толыққанды жұмысқа кірісуі үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді ме?

– Сайлау учаскелерінің толық режімде жұмыс істеу мерзімі 5 сәуірден басталған болатын. Осыған орай барлық сайлау учаскелері қажетті кеңсе заттары, техникалық және басқа да керекті бұйымдармен толық қамтамасыз етілген.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес 5 сәуір күні барлық сайлау учаскелеріне тиісті әкімдер сайлаушылар тізімін актімен тапсырды. Кез-келген сайлаушыға өзінің сол тізімде бар-жоғын тексеруге мүмкіндік беріледі.
– Сайлау науқанына дайындық жұмысының алғышартына сайлаушылар тізімін нақтылау кіреді. Бұл тұрғыда ешқандай қиындықтар туындаған жоқ па?
– Сайлаушылардың тізімін нақтылау, жергілікті атқарушы органдардың үлесінде. Бұл Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық Заңының 24-бабымен рәсімделген.
Сайлауға деген халықтың көзқарасы оң. Барлығының бұқаралық ақпаратқа қол жетімділігі қанағаттанарлық. Оның есесіне, қазіргі таңда жастар белсенді де сауатты. Бұл сайлаудың саяси-әлеуметтік маңызын, біртұтас ұлттық саясаттағы рөлін барлығы жетік түсініп отыр. Сондықтан бұл жұмыста ешқандай қиындықтар туындаған жоқ деп есептеймін.
– Облыс бойынша сайлаушылардың саны қанша?
– 2011 жылы өткен сайлау науқанында облысымызда 488 мың 211 сайлаушы анықталған болса, биыл сайлаушылар саны 514 мың 815 адамды құрап отыр. Бұл әрине, халық санымен де есептеледі. 2011 жылғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыстағы халық саны 1 миллион 44 мың адамды құраған. Ал биыл облыста халық саны 1 миллион 97 мың адамды құрады, яғни 53 мың адамға артқан.
– Егер сайлаушылар тарапынан түрлі сауал туындаса, мәселен, өзі тіркелген сайлау учаскесінің мекен-жайын білгісі келді делік, қайда хабарласа алады?
– Бұл мәселе өте орынды, барлық аудандар мен Тараз қаласында «Call- center» орталықтары құрылған. Олардың байланыс телефондары мен мекен-жайлары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Ол жерде міндетті түрде мамандар тәулік бойы қызмет атқарып, барлық сұрақтарға жауап беретін болады.
Кез-келген сайлаушы осы орталықтан өзінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын біле алмаған күннің өзінде, тұрғылықты жері бойынша қай сайлау учаскесіне барып нақтылау керек екені туралы толық ақпарат алатын болады.
– Облысымызға сайлауды бақылау миссиясымен шетелдік байқаушылар келді ме? Олардың саны қанша?
– Біз ашық әрі зайырлы мемлекет болғандықтан, президенттік сайлауымыз да ашық өтуі тиіс. Шынайы демократиялық сайлау – бұл ел халқына тиесілі, еркін ерік білдіру, үкіметтің өкілеттіктері мен жариялылығының негізінде жатқан егемен құқықтардың көрінісі деп түсінуіміз керек.
Бүгінгі күнге облыс орталығында шетелдік байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ықпал ету орталығы ашылған. Ағымдағы жылдың 2 сәуірі күні облысымызға демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі Бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) тарапынан кезектен тыс сайлауын бақылау миссиясымен екі ұзақ мерзімді шетелдік байқаушылар келіп тіркелді. Олар: Норвегия мен Германия азаматтары. Олардың басты мақсаттары – сайлау науқаны мен оны өткізу шарттары тиісті заң талаптарына сәйкес өтуін бақылау.
Бұл екі азаматтан бөлек, әлі қысқа мерзімді шетелдік байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келеді. Олар Орталық сайлау комиссиясында тіркелген соң, тиісті облыстарға жолданатын болады.
– Байқаушылардың құқықтық әрекет шеңбері туралы айтсаңыз.
– Олардың құқықтық әрекет шеңберіне байланысты айтатын болсақ, байқаушылар Қазақстан Республикасының заңнамасын немесе халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған нормаларын бұзған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы Орталық сайлау комиссиясына шет мемлекет, халықаралық ұйым байқаушысының аккредиттелуін кері қайтарып алу туралы ұсыныс енгізуге құқылы. Оған негіз «Сайлау туралы» Заңның 20-2 бабы болып табылады.
– ҚР Президенттігіне кандидаттардың сайлауалды үгіт жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Облыс көлемінде тіркелген үш кандидаттың қоғамдық штабтары ашылған. Олар қазіргі таңда өз кандидаттарының сайлауалды бағдарламаларына сәйкес үгіт жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кандидаттардың барлығына бірдей, тең құқылы арнайы үгіт материалдарын орналастыру орындары белгіленген. Сонымен қатар, сайлаушылармен кездесу орындары да айқындалған. Аталған штабтар тарапынан ешқандай заң бұзушылық фактілері орын алған жоқ. Жалпы, үгіт жұмыстарының барысы құқық қорғау, прокуратура органдарымен қатар, облысымызда ашылған сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия филиалының тарапынан қадағалануда.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Фариза Әбдікерімова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support