- Advertisement -

Ағын судан қауіп жоқ

10

- Advertisement -

15 сәуір күні кешкілік толассыз жауған жаңбырдың салдарынан Жамбыл ауданының Жасөркен ауылында ағын су аулаларға кірген болатын. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев оқиға орнына жедел жетіп, мәселені өз бақылауына алды. Сондай-ақ, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің арнайы мамандары тұрғындарға ағын судан келер қауіп жоқ екенін айтып, ауыл ішінде жиналған суды сору жұмыстарын жүргізді.

«Жасөркен ауылында барлық қажетті жұмыстар жүргізілуде. Тау бөлігіндегі көлбеу ағынды кері қайтару үшін 300- ге жуық адам және 60-қа тарта техника жұмылдырылды», деген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жасөркен ауылының аумағын және оған іргелес аумақтарды тексерді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде су деңгейі 40 сантиметрден 10 сантиметрге төмендеді. Суды айдау үшін елді мекеннің су басқан үйлерінің аумағында мотопомпалар жұмыс істеді. Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету ұйымдастырылып, М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары уақытша онлайн білім алуға көшірілді.

Облыстың барлық су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, олардың толып кету қаупі жоқ екенін жеткізген аймақ басшысы облыс тұрғындарын қорқынышқа бой алдырмай, тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды. «Облыстың барлық су қоймалары штаттық режимде жұмыс істейтінін, олардың толып кету қаупі жоқ екенін растаймын. Сондай- ақ, қазіргі уақытта төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылында жұмыс жүргізіп жатқанымызды хабарлаймын. Мұнда толассыз жауған жаңбыр мен көлбеу ағындардың пайда болуы салдарынан 30-дан астам ауланың аумағы су астында қалды. Оқиға орнында барлық жауапты мекемелер жұмыс істеуде, қажетті техника жұмылдырылған, су сорылып жатыр. Жағдай менің жеке бақылауымда», – деді Ербол Шырақпайұлы.

16 сәуірде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жасөркен ауылындағы судан тазартылған бірқатар аулалар мен көшелерді аралап, тұрғындардың жай-күйімен танысты. Бүгінде ауылдағы барлық аулалар, көшелер судан тазартылған. Жарық, газ тұрақты берілуде. Ауылда ауыз судың сапасын тексеру қорытындысы нақтыланғанға дейін, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Уақытша онлайн оқуға көшірілген М.Әуезов атындағы орта мектеп балаларды қабылдай бастады.

Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға зардап шеккен аулалардың бәріне қысқа мерзімде тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар, ауыл ішіндегі арықтарды тез арада тазалауды міндеттеді. Жағдай қайталанбас үшін, тау бөктерінен Беларық каналына дейін 2,5 километрлік дренаж (сыйымдылығы 1 текшеметр) қазылды. Қазір аталған аумақта тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Еске сала кетсек, дүйсенбі күні кешке шамамен 20:00-ден кейін толассыз жауын-шашынның салдарынан көлбеу ағын пайда болды. Салдарынан 310 тұрғын үйі бар, 2209 адам тұратын Жасөркен ауылында бірнеше үйдің ауласына су кірген. Алайда, адам шығыны жоқ, мал өлімі фактілері де тіркелмеді. «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры Асқанат Қадыров филиал теңгеріміндегі барлық 7 су қоймасында су тасқынының алдын алу жұмыстары қатаң бақылауға алынғанын, олардан бүгінгі таңда еш қауіп жоқ екенін айтты. Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев те облыс тұрғындарына өңірдегі барлық су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, олардың толып кету қаупі жоқ екенін, жағдай өзінің жеке бақылауына алынғанын хабарлаған болатын. Сондықтан, тұрғындардың жалған ақпараттарға сеніп, даурықпауы, тек ресми дереккөздерге сенгені жөн.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ақпараттың толық бейненұсқасын QR арқылы көруге болады.

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support