- Advertisement -

Қайраткер

13

- Advertisement -

Кейінгі кезде тұлға деген кім немесе ол қандай болуы керек деген ой төңірегінде ұзақ ойланатын болдық. Жалпы, тұлға деп кімдерді айтуға болады деген де ойдың болатыны бар. Әлдебір әйдік басшы, болмаса әлеуметтік жағдайы асып-тасқан бай немесе ақыл айтып, пікірін қоғамға таңып жүретін адамдарды тұлға деп бірден кесіп айту қиын. Әрине, ол адам танымал болуы мүмкін, өзгелерден әрбір істе мүмкіндігі жоғары болуы мүмкін, алайда, тұлға дегеннің жөні бөлек болатынын уақыттың өзі көрсетеді.

Өзінің мәселесінен гөрі елінің мәселесіне, қоғамның ахуалына алаңдайтын адамды көпшілік тұлға деп таниды. Бәлкім, ұлтына, еліне пайдасы тиген, тиіп жүрген әр саланың азаматтарын тұлға деп ұлықтауға болар. Бірақ, тұлғалық қасиет бірді-екілі артықшылықпен өлшенбейтіні ақиқат. Тумысынан саналы, зияткер, ұлтшыл, білімді, парасатты, ұстамды жанды, жалпы шынайы адамға тән барлық қасиеті бір бойында үйлесім тапқан адамды тұлға десек, артық болмас. Өзіне дейінгі ұлт руханиятындағы ұлы тұлғалардың өнегелі жолын ұстанған, ілімін алған терең тарихшы, көрнекті көсемсөзші, білгір әдебиетші, байыпты азамат Дархан Қыдырәлінің өзі де бүгінде тұлғалық деңгейге жеткен, парасат биігінен ой қозғап, пайымды пікір білдіретін, азаматтық көзқарасы айқын тұлғаға айналды. Хакім Абай айтқан «Асыл адам айнымас» қағидатын берік ұстанған, адамдар арасына білім шуағын, ізгілік нұрын таратуға үлес қосып жүрген ғалымның ұстанымы да ұлттық мүдде, ұлт пен ұрпақтың жайы. Оны көпшілік мемлекет ісіндегі жұмысынан да, түрлі мәселелерге қатысты білдіріп жүрген азаматтық үнінен де көріп отыр.

Ғылым жолындағы әрбір жан ұзақ жолға шыққан жолаушы сияқты. Ол жолда түрлі кедергілер, күрделі асулар, жұмбақ жайлар кездесетіні анық. «Инемен құдық қазғандай» білім жолы – жеңіл жол емес. Ілім қазынасы толы алтын сарайды тапқанша, шын ғалымның жаны жай таппайды. Ал, сол жерге жету үшін қанша уақытты сарп қылатыны тағы белгісіз. Енді бұл кімге керек десек, әрине, әуелі ұлтқа, одан соң ұрпаққа керек. Онсыз да қазақтың басынан өткен алмағайып, аласапыран кезеңдерде тарихтың талай тағдырлы тұстары мен тұғырлы тұлғаларына қатысты деректер бұрмаланып кетті. Тек қазақ халқына ғана емес, түркі дүниесіне ортақ болған ұлы тұлға Мұстафа Шоқайдың да тағдыры оңай болған жоқ. Дархан Қыдырәлінің ұзақ жылғы ғылыми ізденісінің нәтижесінде «Мұстафа» кітабы жазылып, ұлт тұлғасына қатысты көптеген деректер нақты әрі дәл берілді. Аталған кітапта Мұстафа Шоқайдың күрескер өмір жолымен қатар, «Түркістан ұлттық бірлігі» комитеті», «Иені Түркістан» және эмиграциядағы Түркістан әдебиеті», «Шоқайшылдық» қайдан шықты?», «Прометей» қозғалысы», «Яш Түркістан» журналы», «Шығыс Түркістан һәм Түркия мәселесі» және өзге де дүниелер автордың тұтас Түркістан идеясына еңбек сіңіріп жүргенін көрсетеді. Барлық саналы ғұмырын Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығы жолында сарп еткен Мұстафа Шоқайдың жүріп өткен өмір жолы, Алашорда мен Түркістан автономияларын құруға атсалысқан ерен ерлігі мен еңбегі және өзге де мәліметтер кітапта мейлінше қамтылған. Бұл еңбектің ұлттың тұлғатану бағытына қосылған ауқымды еңбек екені даусыз. «Мұстафа» кітабы туралы көрнекті ғалым, Халықаралық Түркі академиясының президенті қызметін атқарған Шәкір Ыбыраевтың «Түркі әлеміне қажет құнды зерттеу» деп баға беруі де туындының айрықша маңыздылығын білдіреді.

Тарихи мекен Түркібасынан шығып, тұтас түркі халқының бірлігіне, рухани тұтастығына үлес қосқан академик Дархан Қыдырәлінің өзі де ұзақ жолдың үстінде келе жатқан тұлға. Сол ұзақ жолда жүріп, ұлттың рухани қазынасына елеулі үлес қосып отырған ғалымның еңбектерін оқи бастағаннан ұлттың ұлы мінезі, тағдырлы тарихы, шерлі де шынайы шежіресі, ұлық ұстанымы аңғарылады. «Ұлы дала тарихы» атты көлемді зерттеу еңбегінде ұлттың ұлы тарихы, алғашқы көшпенділердің шығу тегі, ұлы даланың адамзат өркениетіндегі орны туралы мәліметтер қамтылған. Сонымен қатар, ғылыми кітапта архив құжаттары, археологиялық және этнографиялық және жазба деректер пайдаланылған. Қазақ тарихының бұрмаланған жерлері нақтыланып, ғылыми дәлелдермен дәйектеліп, ұлы тұлғаларға қатысты жаңаша тұжырымдар берілген. Орнықты сөз, байыпты пікір, қоңыр мінез тылсымнан құйылғандай болып тарих бетінде қайта таңбалануда. Тұлғалық, зиялылық туралы сөз қозғағанда да әуелі бұл қасиеттердің ұлттың рухымен біте қайнасып, елдік мүддеге ғана қызмет етуі керектігі осындайда білінеді. Мұндай бақыт тағы да Абай айтқан «бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық» жанға бұйыратыны сөзсіз. Ұлы тұлғалардың ұлағатын тағдыр жолына темірқазық етіп алған ғалым «Адамның жаны жақұттай жарқырап, рухы салтанат құрар болса, сыртқы дүниесі де сәулеленіп, ізгілік пен мейірімге малынып тұрары анық», деп, ұлылар ұстанымын қуаттай түседі. Өзі де осы бір игілікті жолда еңбек етіп келеді.

Дархан Қыдырәлі көрнекті Алаш қайраткерлерінің қилы тағдыры мен терең тарихын, ұлтқа еткен еңбегін зерделеп, әр жылдары түрлі тарихи туындылар жазды. Сол қасиетті тұлғалардың жалғасындай болған өзі де ел ісіне белсене араласып, өзінің мемлекетшіл тұлға екенін көрсетті. Әр жылдары еліміздің жоғары оқу орындарында, Президенттік мәдениет орт а лығында, Білім және ғылым министрлігінде, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарды. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесі Бас хатшысының орынбасары болды. Одан кейін Халықаралық Түркі академиясының президенті болып жүрген кезде де түбі бір түркі халықтарының ортақ рухани мүддесін көксеген бірнеше жобаны іске асырды. Халықаралық Түркі академиясының Монғолияның Арханғай аймағы, Номғон жазығындағы ғылыми экспедициясының нәтижесінде Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуы табылып, бұл ғылыми жаңалықтың түркі әлемінде айтарлықтай оқиға болғаны белгілі. Осы бір істің басы-қасында да Дархан Қуандықұлы болды. Ғалымның айтуынша, бұл жазу тарихымызды тереңдетіп, адамзат өркениетіне қосқан үлесімізді тағы да елу жылға ілгерілетеді. Одан бері аталған тарихи кешендегі жазу зерттеліп, ЮНЕСКО-да және көптеген іргелі ғылыми орталықтарда кең көлемде таныстырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанында да Президенттің Түркі академиясының жұмысына жоғары баға бергені белгілі. Сондай-ақ, Түркі академиясының бастамасымен шығарылған оқулықтар мен Рашид ад-Дин, Науаи және өзге де түркі әлеміндегі ұлы тұлғалардың еңбектері жарық көріп, ұлт руханиятының ұлы қазынасына қосылды. Мұның барлығы да түркі әлемінде болған рухани жетістіктер мен жаңалықтар еді. Әрине, Түркі академиясының атқарған жұмысы ұшан-теңіз.

Еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» талай тарлан тұлғалардың табан ізі қалған, қолтаңбасы қалған киелі шаңырақ. Ке зінде Алаш қайраткерлерінің ұйымдастыруымен Орынбор, Ақмешіт, Алматы, кейіннен Астана қалаларында жүз жылдан астам уақыт бойы жарық көріп келе жатқан басылымның тарихы тым тереңде. Дархан Қыдырәлі «Egemen Qazaqstan» газетінің Басқарма төрағасы болып тағайындалған күннен бастап оқырман сұранысына сай басылым шығаруды мақсат етті. Жасыратыны жоқ, кезінде ел арасында аталған басылым туралы «сықиған СҚ» және тағы да басқа көптеген әңгімелер болушы еді. Дархан Қуандықұлы сол сеңді бұзып, ресмиліктен арылтып, заман талабына сай, оқырманның рухани дүниесін байытып, рухани сұранысын қанағатт андыратын мақалалар жариялап тұрды. Өзіміз де «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып жүргенімізде, халық арасына көп шығып жүріп, бас басылым туралы жоғары пікірлерді көп естуші едік. Аталған басылымда басшы болған кезінде еліміздің бірқатар аймағындағы талантты жастарды «Egemen Qazaqstan» газетінің аймақтардағы меншікті тілшісі етіп жұмысқа алды. Шерхан Мұртазаның жолын жалғаған басшының бұл таңдауы сол жастарды жаңа бағытқа бастады. Сондай-ақ, бірқатар азаматтарды орталыққа алдырып, әрқайсысына жауапты міндеттер жүктеді. Мұның бәрі де «Egemen Qazaqstan» сияқты тарихи басылымның бәсін төмендетпей, керісінше жұмысын ілгірілету бағытында жасалған қадам еді. Ол азаматтардың алды бүгінде елімізге танымал ақын-жазушы болып қалыптасты. Нәтижесінде, барлық саланың маманына қажетті дүниелер дер кезінде газет бетінде жарияланып тұрд ы. Өзі жазғандай, «Елдің сөзін сөйлемеген, көпшіліктің көкейіндегісін айтпаған, оқырманның ойындағысын таппаған сөзден серт, қаламнан қуат кетеді. Ақиқатын айтпаған, әділеттен аттаған жерде сенімге де селкеу түседі. Ал сенім болмаған жерде БАҚ- тың басынан бақ таятыны белгілі. Сондықтан құндылықтар құнсызданған құбылмалы заманда құбыламыздан жаңылмайық, қаламдас», деген ойы да бас басылымды басқарып жүрген кезінде де басты ұстанымы болды деп айтуға болады.

Жоғары лауазымды қызмет біреу үшін ұлтқа қызмет етуге берілген мүмкіндік, ал енді біреу үшін кәдімгідей мансап, дәреже. Дархан Қуандықұлы еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып бір жыл еңбек етті. Ол бұл лауазымға жауапкершілік, аманат деп қарады. Сол кезеңде Президент министрлікке елімізде жасалып жатқан түбегейлі реформалар аясында бірнеше салалық заңды қабылдауды тапсырған болатын. Аталған министрлік «Онлайн платформа және интернет жарнама туралы» заңды Парламентпен бірге дайындап, оған Мемлекет басшысы қол қойды. «Масс медиа туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісіне енді. Сондай-ақ, «Ақпараттық доктрина» мен «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды. Сонымен қатар, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірнеше концептуалды жобаларды да жүзеге асырды. Мәселен, қазақстандық қоғамдық даму институты жанынан Media Lab ашып, біліктілікті арттыру курстары, түрлі семинарлар, тренингтер ұйымдастырылды. Салалық бестеллерлердің аударылып, орталық және өңірлердегі мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларының алғаш рет IVLP бағдарламасы бойынша АҚШ мемлекетіне тәжірибе алмасуға жіберілуі де айтарлықтай жаңалықтың бірі болды. Тағы бір айта кететін мәселе, мемлекеттік тілдің бұқаралық ақпарат құра лдарындағы үле сі артып, мемлекеттік медиадағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 83 пайызды құрады. Сонымен қатар, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекіді. Әрине, тарихи «Қазақ» газетінің жарық көрген күнінің ұлт баспасөзі үшін маңызы айрықша. Аталған министрлік тарапынан «Өңірлік мерзімді басылымдардың форумы» Астанада ұйымдастырылып, еліміздің облыс, аудандарынан келген түрлі деңгейдегі басылым басшылары өзара тәжірибе алмасып, пікір бөлісті. Астанада Орталық Азия форумының алғаш рет өтуі де айтарлықтай оқиғаның бірі болды. Әрине, тұтас министрліктің ауқымды жұмысын шағын мақалада айтып шығу мүмкін емес. Министр кезінде Дархан Қуандықұлы Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің жүз жылдығына орай, редакциямызға да арнайы келіп, бірқатар журналистерді марапаттап, жақсы сөзін айтқаны да қаламгерлер қауымына серпін сыйлаған болатын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда қоғамдағы көптеген мәселелерді ашып айтты. Ұлттық Құрылтай төрінде көтерілген барлық мәселеге еліміздегі зиялы қауым өкілдері бейжай қараған жоқ. Дархан Қыдырәлі Ұлттық Құрылтай мүшесі ретінде де зорлық-зомбылық, соның ішінде харассмент мәселесін көтерді. «Зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу, оның кез келген түріне ымырасыз болу мәдениетін қалыптастыру тұрғысынан маңызды болғандықтан, тақырыпқа қайта тоқталдық. Заң үстемдігі салтанат құратын елімізде кез келген азамат жынысына және жасына қарамай өзін жайлы һәм қауіпсіз сезінуі тиіс», деген пікірі де азаматтық айқын ұстанымы. Парламент Сенатының депутаты ретінде де қоғамдағы түрлі күрделі мәселелерді билік назарына жеткізіп келеді. Шетел асқан балалар тағдыры да, аудан, ауылдардағы мәдениет үйлері мен клубтардың мүшкіл халі де депутат назарынан тыс қалған жоқ. Дархан Қуандықұлының түрлі сұхбаттары мен мақалаларынан да елдік мүддені көздеген, бірлік пен татулық идеясын қолдаған ұстанымын анық аңғаруға болады. «Біздің халықты біріктіретін қандай идея?» деген сауалға академик «Тарлан тарихқа үңілсек, біздің жоралы жұртымызды Жерұйық, Өтүкен, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман, Жиделібайсын – еркіндік, тәуелсіздік, тұтастық, тыныштық, барақат өмір сияқты идеялардың біріктіргенін байқаймыз. Керей мен Жәнібек ірге ажыратып, жеке хандық құрып шыққанда да халық осы идеялардың төңірегіне топтасып, Жиделібайсынға жетуге асықты», деп жауап береді.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлі елу жасқа толды. Осы уақытқа дейін ғалым ретінде де, ел ісіне араласқан қайраткер ретінде де қыруар шаруа тындырған академиктің жуырда «Атамұра» баспасынан «Абыздар аманаты» және «Тамыр» атты қос бірдей кітабы шықты. «Абыздар аманаты» – қалың көпшілікке арналған танымдық еңбек болса, «Тамыр» – біраз жылдар бойғы ғалымның ғылыми ізденісінен туған монография. Аталған кітаптардың да оқырманға берер рухани игілігі мол. Дархан Қыдырәлі бір мақаласында «Бәріміздің алтын қазығымыз, ортақ құндылығымыз – ұлттық мүдде», деп жазғаны бар. Шынында да, зиялы, саналы әрбір азамат үшін ұлттық мүдде қай кезде де бірінші орында бола бермек.

 

Хамит ЕСАМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support