- Advertisement -

Мамандықты дұрыс таңдау маңызды

15

- Advertisement -

Мамандықты дұрыс таңдау өз болашағың үшін өте маңызды. Сондықтан өміріңдегі басты шешімді қабылдамас бұрын, қай салада жұмыс істегің келетініне, моральдық жағынан саған ұнайтынына назар аударған жөн екен. Себебі, адамның әлеуметтік құндылығы, адамдар арасындағы орны, жұмысына қанағаттануы, физикалық және психикалық денсаулығы, қуанышы мен бақыты кәсіби жолдың қаншалықты дұрыс таңдалғанына тікелей байланысты көрінеді.

Мамандар: «Сізде бір затты немесе құбылысты білуге, зерттеуге қызығушылық болу керек. Болашақ мамандығыңыздан не қалайтыныңызды, кім болғыңыз келетінін, қандай қызмет саласында жұмыс істеу қызықты болатынын анықтаңыз. Егер сіз бір мамандыққа жақсы бейім екеніңізге сенімді болмасаңыз, бұл туралы ата-анаңыздан, басқа отбасы мүшелерінен, достарыңыздан және ұстаздарыңыздан сұрағаныңыз абзал. Олардың жауаптары сізді таңғалдыруы және сіз ешқашан ойламаған таңдауларға итермелеулері мүмкін. Еңбек нарығына талдау жасаңыз. Қазіргі уақытта қандай мамандықтар сұраныста, сол төңірегінде ақпарат жинаңыз. Сіз оқу бітірген кезде қандай жұмыс орындары мамандар іздейтінін біліңіз. Ең бастысы, таңдауды өз қалауыңызбен жасаңыз», – деген кеңес береді.

«Тіршілікте адам екі нәрседен жаңылыспауы тиіс. Біріншісі, жар таңдау болса, екіншісі, мамандақ таңдау» дейді дана халық. Алғашқысын қайдам, ал мамандық таңдауға біз әлі де аса мән беріп жүрген жоқпыз. Соның салдарынан, жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс таппай жүрген немесе мүлде басқа салада жұмыс істеп жүргендер аз емес. Сол үшін жастар өз таңдауларын еш шектемегені жөн. Мамандар айтқандай, сырттан келген барлық пікірлерді қабылдаңыз, бірақ іздеу ауқымын кеңейту үшін ғана. Содан кейін естігеніңізді жеке талдап, сіздің табиғатыңызға ұнамды ма, соны қарастырғаныңыз дұрыс екен. Әрине, бір шаңырақтағы бірнеше ұрпақ бір салада жемісті еңбек етіп жатқан жағдайлар да жиі кездеседі. Бірақ адамның белгілі бір кәсіпке бейімділігі мен қабілеті болмаса, ол ешқашан жоғары білікті маман бола алмайды. Өзіңіз тоқталған сала туралы туыстардан, отбасынан, түрлі мамандық өкілдерінен сұрау да маңызды. Олар сіз таңдаған қызмет саласы туралы құнды ақпараттармен бөлісе алуы мүмкін. Өзіңізге ұнайтын мамандықты оқытатын оқу орнын табу да пайдалы болады.

Бір сөзбен айтар болсақ, дұрыс таңдау жасау адамның мүмкіндіктерін, оның қабілетін, денсаулық жағдайын, білім мен дағды деңгейін ескере отырып, қызықты және тартымды, қолжетімді мамандық табуға мүмкіндік ашады. Сондықтан әне-міне мектепті аяқтағалы отырған түлектерге, ең бастысы өзіңіздің бейімділігіңізді, қабілетіңізді және еңбек нарығындағы сұранысты ескеру маңызды екенін еске салғым келеді. Таңдауыңыз өршіл болсын, егер сіз шынымен қаласаңыз жарты жолда тоқтамаңыз!

 

Гүлназ АЯПОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support