- Advertisement -

Қосалы-Қосай (әңгіме-элегия)

8

- Advertisement -

Қосай досым осыдан тура қырық жыл бұрын дүниеден өтті. Небары 25 жаста еді.

Ол мына өмірден не көрді? Не білді? Нені таныды? Қызығы мен қиындығы енді бастала берген өмірін қандауырмен қиып жіберетіндей тағдырына не жазып қойды?

Өзі соның алдында ғана үйленген. Келіншегі де бәденді болатын. Екеуінің жұптары аққудай жарасып, ауылдағы ақар-шақар қуанышқа толы шаңырақтардың біріне айналып келе жатқан.

Оның сол бал-шырын күндері кенеттен үзілді де кетті. Қазіргідей техника дамыған уақыт болса, әлеуметтік желіге жазып

, кінәлілердің үстінен қылмыстық іс қозғатып, дау-шар шығаруға болар еді-ау. Бірақ ол кезде біздің ауылдың момын шалдары мен кемпірлері ондайға жоқ еді. Әйтпесе, газет те бар, газетке жазатын адамды да алыстан іздемейтін. Өзінің немере ағасы ақынжанды Есалы көкесі де бар еді ғой.

Қосайдың облыс орталығындағы ауруханада жатқанын естіген соң қазіргі Төле би мен Әйтиев көшесінің қиылысындағы ғимаратқа келдім. Палатасын тез таптым. Кірсем, қасында ағасы Алдан (Алдаберген) отыр екен. Өзі аурухана төсегінде шалқасынан жатыр. Басы мен кеудесін көтеріп қойыпты. Өз көзіме өзім сенбедім. «Ат арыса – тулақ, адам арыса – әруақ» деген рас екен. Қу сүйегі ғана қалыпты. Шақар, шымыр, қайсар досымның дәрменсіз, аянышты халін көріп не дерімді білмедім. Әл үстінде жатса да мынандай мүшкіл жағдайынан оның да ыңғайсызданатынын сездім. Намысқой жігіт еді ғой.

Сөніп бара жатқан көз жанарын көріп-біліп тұрып «Халің қалай, досым? Жақсы ма?» дегеніңнің өзі өтірік сияқты, әншейін көңіл үшін ғана айтылған сөз сияқты боп естіледі екен. Оның «жақсы» деп кебірсіген ернін әрең қозғағанына өзі де, сен де сенбей, пенде басына бермес бір күйзеліске тап болады екенсің. Сенсеңіздер, сол күні ішкі жандүнием астан- кестең бір ауыр көңіл-күйді бастан кештім. Сол көңіл-күй, міне, қырық жыл бойы миымның бір бұрышында әлі тұр. Талай нәрсені ұмыттым. Бірақ Қосай досыммен сол соңғы кездесуімде ішімнің қан жылағанын ешқашан ұмыта алар емеспін.

Қасында отырған Алдаберген де тағдырдың тіктеп келген талайына мойынсұнған сияқты, иықтары салбырап, еңсесі түсіп кеткен.

– Өздерің сөйлесе беріңдер, – деп естілер-естілмес күбірледі де палатадан шығып кетті.

Көз жанары солғын тартып, ернін әрең қимылдатып жатқан адаммен арқа-жарқа қалай сөйлесем. Досым да сезімтал, намысқой жан, менің мұндай жағдаймен бірінші рет кездесіп, жандүниемнің әлем- жәлем боп отырғанын біліп, маған тек қана түсіністікпен мұңая қарап жатыр. Қайғы тұмшалаған көзінде қимастық бар сияқты.

– Балаларды көріп тұрасың ба? – деді әрең дегенде сөзін үзіп-үзіп.

Осы сәтті пайдаланып, көңілдендірейін дедім бе, ауылда қалғандардың бәрін көріп тұратынымды, жұмыс істеп жүргендерін, жағдайларының жақсы екенін айттым.

– Қандай бақыттысыңдар, – деді ол. – Мен, міне, аудандағы астамсыған бір қатыгез дәрігердің пышағынан қарадай азап шегіп, аурухананың төсегінен тұра алмай жатырмын. Бетім бері қарайтын емес, қайта күннен күнге ары қарай кетіп барам.

Ұзақтау сөйлеймін деп демігіп қалды.

– Қой, олай деме, әлі-ақ жазыласың. Әлі-ақ аттай шауып кетесің, – деймін сонда да көңілін аулап.

– Айтқаның келсін, досым, – дейді ол.

Деуін десек те айтқандарымызға екеуміздің де сенбейтінімізді бір- біріміздің көздерімізден көріп тұрмыз.

Осы кезде сырттан Алдаберген келіп, Қосаймен қоштастым. Қолын алып ем, құр сүйектері ғана қалыпты. Сонда да саусақ сүйектеріне жабысқан жұп-жұқа терісін аялай ұстап, сипай бердім. Кейбіреулер осындай сәтті «сол кезде мен онымен соңғы рет кездесіп тұрғанымды білген жоқпын» деп жазып жатады ғой, ал мен бұдан кейін досымды қайта көрмейтінімді ішім сезіп, кеуілім босап, үн-түнсіз жылап сыртқа беттеп бара жаттым.

Сыртта, талдың көлеңкесінде Әмина тұрған. Әйел ғой. Біз де жаңа үйленгенбіз. «Не болды? Көңілін сұрап шықтың ба? Халі жақсы ма екен?» деп жатыр. Мен оған не дерімді білмей, қайта-қайта күрсініп, «Қиын», «Қиын» деп басымды шайқай бердім.

Арада бір апта өтті ме, екі апта өтті ме, дәл қазір есімде жоқ, жұмыста отырсам «Қосай қайтыс бопты» деген дене түршіктірер суық хабар жетті. Ауылға қарай құстай ұштым. Құстай ұшып жеткенімді қайтейін, жас қазаның жоқтауын есту өте ауыр болады екен, жетпістен асқан әкесі Мүсәлі атам мен алпыстан асқан Зибарап апамның, әпкелері мен қарындастарының, ағалары мен інілерінің, ағайындарының, жастай жесір қалған келіншегінің жоқтауын естіп, аза бойым қаза болды. Қонақ асына деп сойылған малдың уылжып піскен етін қамырдың үстіне салып, буын бұрқыратып ыстықтай алып келген екен, тура бір Қосайдың етін алдыма әкеп ұсынғандай адал ас болса да бір ауыз дәм тата алмай сай- сүйегім сырқырады. Жесем, құсып жіберетін сияқтымын.

Құраннан соң сыртқа шығып, Байлаш атамның шарбағының сыртына қарай жүре бердім. Мені жас қазаның азабынан бір құтқарса ауылымның саф ауасы құтқаратындай. Даланың саф ауасын сіміре жұтып, баяғыда Мүсәлі атам киіз үй тігіп отыратын жерге қарап тұрып, Қосай екеуміздің балалық шағымыз есіме түсті. Жиырма беске енді ғана толғанда өмірден өткен жігіттің балалық шағын еске алмағанда, несін еске алам. Алпысқа кеп той жасап жатса «ана қызметті істеді», «мына іске ат салысты», «азаматтығы өте мықты еді» деп көсілер ем ғой. Ал, Қосайдың артында оның балалық шағы – патшалық шағы ғана шежіре боп қалыпты. Мына бейопа өмірден пәк болмысты бала күйінде аттанып кете барыпты.

***

Бір күні сурет сабағында қазақ батырларының бейнесін салып отыр ем, Қосай:

– Біздің үйде «Батырлар жыры» деген дәу кітап бар. Ішіне мынандай суреттердің неше түрін салған, – деді менің дәптерімдегі «батырлардың» болмысын иегімен нұсқап.

– Маған оқуға бере тұршы, – дедім табан астында. Кітап сұрап оқу – біздің ауылда қалыптасқан дәстүр болатын. Бірақ дәл сол сәттегі ойым батырлар жырын оқудан бұрын, Қосай айтқан кереметтерді көру еді.

– Онда түс қайта үй жаққа кел, – деді ол.

Біз түске дейін оқитынбыз. Түс қайта қолымыз бос. Бесінге қарай белсебетіме міндім де, Мүсәлі атамның үй жағына тарттым.

Біздің ауылда Қызылғұрттың Әлібек, Қанай және Бегісей деген үш баласынан тарайтын ұрпақтары тұрады. Қазақтың пешенесіне ата- ата боп отыру о бастан жазылған. Мен – Әлібекпін, демек, біздің көше бөлек. Қосай – Қанай, ендеше оның көшесі де басқа. Бегісей ата ұрпақтары да бірыңғай қоныстанған. Бірақ бір жақсы жері тату-тәтті, бір- бірімен қыз алыспайды.

Ирек-ирек терең сайды жағалай қоныстанған Қанай көшесі жақтағы Мүсәлі атамның сол кездегі сәнмен ұзынша етіп салған қоржын тамына келсем, есіктері құлыптаулы тұр. Біреулерден сұрап ем, «ана жақта, киіз үйде отыр олар» деді.

«Ана жағы» – Байлаш атамның шарбағының сырты екен. Одан ары кең жазық дала. Алыстан бүгінде «Талды ауыл» деп аталып кеткен бұрынғы Чкалов атындағы ауылдың талдары қарауытады.

Байлаш атам шаңырақ соғады. Біздің үйге де бір шаңырақ жасап берген. Сол шаңырақшы атамның Марат деген немересі мен Мүсәлі атамның баласы Қосай көрші болған соң ба, мектепке ылғи бірге келіп, бірге қайтады. Екеуінің бойы да, денесі де бірдей. Егіз балалардай жұптары да ешқашан жазылмайды. Үшеуміз дос едік.

***

Шаңырақшы атамның шарбағынан өтіп барып қарасам, анандай жердегі арықтың жағасында, көгалдың үстінде үлкен киіз үй тігулі тұр. Киіздері аппақ шағаладай. Бау-шуы да Зибарап апамның өрмегінен жаңа шыққандай, керемет. Іргесін түріп қойыпты. Керегелері қып-қызыл екен, аппақ түске әдемі жарасып тұр. Тура бір ертедегі байлардың ақбоз үйін көргендей болдым. Тіпті, мысы басып кетті ме, жақындап баруға қаймықтым. Анандай жерде Мүсәлі атамның түйесі шөгерулі жатқанына қарағанда, үйінде болуы керек. Сондықтан қарияның көзіне түспейін деп кластас досыма:

– Қос-а-а-ай, – деп алыстан айқайладым.

Түрулі туырлықтың астындағы қиықша керегелерден үйдің ішіндегі сөздер ап-анық естіліп тұр.

– Кім-әй сені шақырып жатқан анау, – деген атамның жіңішкелеу үні құлағыма жетті.

– Көсемәлі ғой.

– Көсем-ә-лі. Оның кім тағы?

– Сәттібайдың баласы ше.

Мүсәлі атам енді үндемей қалды. Менің атымды білмесе де, Сәттібай атамның атын ауылдағылардың бәрі біледі. Атамның атына қойылған «Сәттібай баз» деген баз да бар әуелі. Өйткені, атам сол базда жылқы да бақты, сол баздың қасындағы жоңыршқаның қарауылы да болды. Сол баздың қасына қауын да екті. Қысқасы, ауырып жатып қалғанша аттан түскен жоқ. Үш-төрт жыл бұрын ғана дүниеден өтті.

– Сәттібайдың баласы деймісің. Үйге кірмей ме онда? Шақырсайшы. Неменеге кепті?

Осы кезде:

– Ұялып тұрған шығар, бала неме ғой, – деген Зибарап апамның үні естілді. Зибарап апам – Ошақты атаның қызы, Мүсәлі атамның кемпірі. Қосайдың анасы. Осы кезде досым да үн қатты.

– «Батырлар жырын» сұрап кеп тұр.

– Оны неғылам дейт?

– Оқиым дейт.

– Өзің неге оқымайсың?

– ?

Мүсәлі атам ойлана келе «бер» деді-ау деймін, бір уақта Қосай үйінен «Батырлар жырын» алып келді. Батырлар жыры десе, батырлар жыры дейтіндей өте қалың кітап екен. Мүсәлі атамның қимайтынындай да бар сияқты. Салмағы да кәдімгідей ауыр. Сөздері тіпті сұмдық шығар деп ойлап қоям. Сосын аса қымбат кітапты Қосайдың қолынан алдым да, белесебетімнің артындағы жүк салғышына қойып, түсіп қалмайтындай етіп тас қып байлап тастадым.

– Жыртпай оқы, әкем ренжіп жүрер, – деді Қосай кетер кезімде.

Менің Қосаймен достығым осылайша «кітап жегжат» болумен басталған.

***

Ол дос тірлігіне келгенде де тік тұрып қызмет ететін. Қосай екеуміз бұл кезде баяғы балалық шақты артта қалдырып, он алты жасқа толғанбыз. Туған жердегі сегіз жылдық мектепті бітіріп, көрші ауылдағы он жылдық мектептің жанындағы интернатта жатып оқып жүргенбіз.

Интернатта бізден бұрын жатқан оныншы кластың балалары да бар. Оның ішіндегі «интеркомымыз» сегізінші кластың бір қызына хат жазыпты. Оны интернатты жинап жүріп, әлгі «бастығымыздың» жастығының астынан тауып алдық. Сосын түріме қарамай мен де өзіммен бірге оқитын бір сұлуға өлеңмен хат жаздым. Мүсәлі атамның «Батырлар жырымен» ауызданған «батырға» өлең жазу қиын боп па, диктант жазғандай ұрып шықтым. Бірақ ең қиыны хатты «ғашығыңа» тапсыру. Оның да өзіндік «ритуалдары» болады. Ақылға Қосайды шақырдым.

– Не істеймін? Қалай тапсырам?

Досыма бар шындықты айттым да, өлеңді көрсеттім. Ол оқып шықты да, бас бармағын қайқайтып, «күшті жазыпсың» деп жымиып алды.

Қықасы, хаттың құр өзін бермейтін болдық. Оны бір шоқ гүлдің ішіне салып береміз. Гүл теру де аса қиын болған жоқ. АН-2 дейтін самолет ара сияқты анда-санда пырылдап кеп ұшып- қонып жүретін аэропорт жақтағы құмақтың үстінен сарғалдақтар мен қызғалдақтарды көп қып теріп ап келдік те, соның арасына хатты салдық. Түнге қарай «махаббат жорығына» шықпақпыз. Мұның бәрі, әрине, Қосайдың ақылы. Қысқасы, «сүйетін» мен, «күйетін» ол боп тұр. Дос үшін солай қызмет ету заңды да шығар.

Түн ішінде «бала махаббатымның» үйінің қасына бардық. Қарап тұрмыз. Міне, мына жолмен ол таңертең сабағына барады. Ол жол бір топ шеңгелдің арасымен өтеді. Осы бір топ шеңгелдің жолға жақындау тұрғанының үстіне гүлді қойып кетсек, ертең сұлуымыз, қыздар гүлге құмар боп келеді ғой, сөз жоқ көреді. Көреді де, қолына алады. Алады да, оқиды…

– Табылған ақыл, жарайсың! – дедім мен досыма.

***

Айта берсем, мұндай қызықтар көп. Десем де Қосай туралы еңсені езген естелігімді тағы бір көңілді нотамен аяқтап, сөзімді доғарайын. Өзі де көңілді жүргенді ұнатушы еді, марқұм.

Сәбет өкіметіне қызмет еткеннің бәрін «сәбет өкіметінің саясатына «ләппай» деді» деп күстәнәлау да дұрыс емес. Ауылдағы қазақтардың бәрі коммунист басшылары тілін, ділін, дінін қанша ұмыттырамыз десе де ұмытпады. Салт-дәстүрге де адал болды. Соның бірі – Мүсәлі атам мен Зибарап апам. Коммунистік идеологияның уы қазақтардың алпыс екі тамырына жайылып, жегі құрттай жайпап бара жатқан кездің өзінде де Мүсәлі сияқты қиқар шалдар болды. Ошақтыдағы қайнысы Әбіш әдебиетші мұғалім ғой, Мүкеңді жездесініп қатты қағытатын. Бірде сол:

– Осыдан қара да тұр, сенің үстіңнен райкомға арыз жазбасам ба, – деді.

– Түсіңнен шошып ояндың ба? Не көрдің? Не боп қалды?

Мүкең де өтірік қорыққан бола қалды.

– Совет өкіметінің саясатына қарсы үгіт-насихат жасап жүр деп жазам сені. Нобайы да дайын.

– Не деп қарсы боппын сәбет өкіметіңе? Жүрміз ғой, міне, сасыған тері-терсегін жинап.

– Коммунистер атеист болу керек. Ал, сен дінді насихаттап жүрсің. Бір кезде партком болғаныңды ұмыттың ба, не?

– Дәлелің бар ма дінді насихаттағаныма?

– Бар.

– Айтсаңшы онда созбаламай.

– Ауылыңдағы Алдаберген, Молдаберген деген кімнің балалары?

– Менің балаларым.

– Міне, міне, сенің нағыз діншіл, кертартпа екенің балаларыңның осы аттарынан ап-анық көрініп тұр. Неге басқа ат қоймайсың? Мэлс, Коммунар деген аттар мына тақыр басыңдағы тақияңа тар келе ме? Аллаберген дегенді Алдаберген деп бүркемелеп қоясың тағы. Мені алдағанмен, партияны алдай алмайсың.

– Қосалы деген де балам бар ғой. Оны неге айтпай отсың?

– Өкіметтен қорыққаныңнан оны «отмазка» үшін қоя салғансың әншейін. Қарада тұр, Алдаберген мен Молдабергеннің мектептегі туу туралы куәліктерінің көшірмелерін дәлел ретінде арызға қосып жіберем райкомға.

Мүсәлі атам қыршаңқы қайнысының ащы әзіліне әбден еті үйреніп кеткен. Бұған да мәу демейді.

– Әй, орысым, мә, – Әбіш ағайдың көзі тотияйын сияқты көкпенбек болатын, – сенің дәметіп отырғаның мынау ғой, – дейді де үш сомдықты Әбіштің алдына лақтырып кеп жібереді.

– Атаукереңді іш те, қата қал.

Менің досым Қосай осы Әбіштің әзілінде аты аталатын Қосалының дәл өзі. Бірақ әке-шешесінен бастап бүкіл ауыл Қосай деп кетіп едік. Мен өсе келе Ер Қосай дейтін болғам.

***

«Кәрі өлсе, жылағанның шықсын көзі, Өлмейтін – патша Құдай жалғыз өзі. Жігіт өлсе, асқар тау құлағанмен бірдей» деген екен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.

«Бұл өлім қайда жоқ: жарқыраған айда жоқ, күркіреген күнде жоқ. өтері өтіп кеткен соң, мың теңгелік қайғыдан, бір теңгелік пайда жоқ» деген екен Шал ақын Құлекеұлы.

Ер Қосайым, бұл даналарға мен не алып-қосам?! Кереметтей ғып айтып кеткен ғой.

Сен 1959 жылы 23 наурызда Мүсәлі атам мен Зибарап апамның отбасында дүниеге келдің. Ал 1984 жылы 17 сәуірде дүниеден өттің. Құдай саған 25 жыл 25 күн ғұмырды нәсіп етіпті.

Жатқан жеріңнің топырағы жібектей жұмсақ болсын! Жаның жәннатта шалқысын! Әумин!

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support