- Advertisement -

Жағдай жіті бақылауда

12

- Advertisement -

Бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде күннің күрт жылынып, қардың жылдам еруінен су тасқыны орын алып, ондаған қала, ауылдардың су астында қалып жатқанын естіп, көріп отырмыз. Соңғы жылдарда болған ең ірі табиғи апаттың салдарынан он аймақта төтенше жағдай жарияланып, ондағы тұрғындардың елеулі зардап шегіп жатқаны бүкіл қазақстандықты күйзелтіп отыр. Дегенмен, аталған аймақтарда орын алған күрделі жағдайға байланысты Үкіметтің, тиісті органдардың, әсіресе жергілікті тұрғындардың қажыр- қайратымен қарғын судың салдарын жою, сондай- ақ оған қарсы іс-шаралар мен құтқару жұмыстарын жүргізу күні-түні жалғасуда. Су басқан аймақтарда тұрақты түрде аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізілуде.

Қазіргі кезде біздің облысымызда жағдай тұрақты және жіті бақылауда. Облыс аумағында елді мекендерде, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда су тасуы дерегі тіркелген жоқ. Өңірде су тасқыны кезеңін штаттық режимде өткізу мақсатында іс-шаралар жоспары бекітіліп, кезекшілік кестесі жасалған. Сондай-ақ, су басу қаупі кезінде халыққа қажетті іс-қимылдарды түсіндіру бойынша үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылуда.

«Қазгидромет» РМК-ның соңғы деректері бойынша, облыс аумағында топырақтың қатуы байқалмайды. Таулы аудандарда қар жамылғысының деңгейі 5-10 сантиметрді құрайды, ал облыстың қалған аудандарында қар жамылғысы жоқ. Сәуір айына арналған ауа райы бюллетеніне сәйкес, аймақта ауа температурасы жоғарылап, жауын- шашынның нормадан көп болатыны болжанып отыр.

Бүгінде облыс аумағындағы су қоймаларының жұмысына, оның ішінде шекаралас орналасқан «Шоң-Қақпа» (Киров) су қоймасынан судың тасталуына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Қырғыз республикасынан алынған ақпарат бойынша, алдағы мамыр айында «Шоң- Қақпа» су қоймасынан су тасталады деп күтілуде.

Бүгінде облыс аумағында барлығы 141 гидротехникалық құрылыс орналасқан. Оның 18-і, яғни 6 су қоймасы, 1 бөгет, 11 су торабы республика меншігінде болса, коммуналдық меншікте – 115. Оның 76- сы су қоймасы, 1 бөгет, 38 тоған. 2 су қоймасы, 6 тоған жеке меншікте. Бүгінгі таңда ірі су қоймалары толымдылығының жобалық көлемі Тасөткелде 94 пайызды, Теріс-Ащыбұлақта – 97, Ынталыда – 97, Ақкөлде – 25, Қарақоңызда – 99, Бүркіттіде – 47, Қақпатаста – 100, Шоң-Қақпада 81 пайызды құрайды. Ал, барлық су қоймаларының жалпы толымдығы 77 пайызды құрап отыр.

Күн жылынып, қар ерісімен облыс аумағындағы барлық каналдар, дренаж каналдары, арық желілері мен су өткізу құрылғылары тазартылды. Өңірдің елді мекендерін су басудың алдын алу мақсатында 3500 текшеметр тонна қар шығарылды, 1790 километр канал, 1833 километр арық, 437 километр дренаж жүйесі, 946 су өткізу құрылысы тазартылып, елді мекендердің айналасында 10 шақырымдық үйінді жасалды.

Сондай-ақ, су басу қаупі ықтимал 42 елді мекеннің 34-інен қауіп алынып, екеуінде (Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы және «Здоровье» саяжай алабы) төмендетілді, ал 6 елді мекеннің (Жамбыл ауданының Жасөркен, Қызылқайнар ауылдары, Байзақ ауданының Талас, Қазпоселок, Түймекент ауылдары және Тараз қаласының Тектұрмас учаскесі) су басу қаупі «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасына сәйкес жойылуда.

Бүгінгі таңда облысымызда су тасқынының алдын алу және жою мақсатында тиісті шаралар атқарылып, 1927 адам, 437 техника, 19 жүзу құралы, 132 мотопомпа және халықты эвакуациялау мен жеке құрамды тасымалдауға арналған 48 жолаушылар көлігі дайын тұр. Бұған қоса, 6900 тонна инертті материал, 16 140 тонна жанар-жағармай, 31 200 дана қаптың қажетті резерві құрылып, зардап шеккен халықты қабылдайтын 396 пункт, 32 шатыр, 890 төсек-орын, 460 кереует дайындалып, тамақтандыру бойынша 58 келісім жасалды.

Сондай-ақ, су тасқынына байланысты төтенше жағдай орын алған Ақмола өңіріне көмекке облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 57 адам мен арнайы құралдар (7 күштер мен құралдар тобы, 13 мотопомпа және 3 үрлемелі қайық) жіберілді.

 

Руслан ОРЫНБЕКОВ,

облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support