- Advertisement -

Жарқын болашақтың бейнесі бола білсек…

13

- Advertisement -

Ұлтымыз ежелден ата дәстүріне мұрагерлік етіп, түрлі жолдармен ертеңгі ізбасары болар ұрпағына рухани тәрбие беріп келеді. Тектілігі тереңге тамырлаған қазақ халқы бала тәрбиесіне баса назар аударған. Міне, біз осындай «ел болам десең, бесігіңді түзе» деген елдің елгезек еркелеріміз. Дәл осы бесікті түзейтін, елді ер ететін, ер тәрбиелейтін алтын саусақ «ақ періштелер» кімдер еді? Мағжан Жұмабаев та қазіргі жастарға сенген болу керек, «Мен жастарға сенемін» атты өлең жолдарында «Жаннан қымбат оларға ар, иман күшті оларда, алаш айбынды ұраны, қасиетті құраны, алаштың олар құрбаны» деп айтып өткен. Ал, ақын жырлаған осындай қасиеттерді бүгінгі жастарымыздың бойынан таба аламыз ба?!

Қай заманда болмасын, қоғамның қозғаушы күші – жастар. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры. Кешегі күн кетті, көп нәрсеге қолымыз жетті, бірақ ұлттық намысымызды, тілімізді әлсіретіп алдық. Біз күш-қайратымызды, жастық жігерімізді тәуелсіз Қазақстанның дамуына жұмсасақ, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жасампаз үлгісін жаңғырта беруді мақсатымызға айналдырып, татулық пен бірлікті қорғасақ, бізден асқан ел болмас еді!

Өмір – толғауы тоқсан ұласпалы күй, сондай-ақ, ол бақ пен сордың, жапа мен машақаттың, зейнет пен бейнет ырғақтарының қосындысы. Ал біз, жастар қауымы, уақыттың кез келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беріп, қиындыққа қасқайып қарсы тұрғанда ғана табысқа өріс аша аламыз. Ұлы ойшыл әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қасжауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», деген екен. Демек, ата-бабамыз қалыптастырған қалыпта тәрбиесі түзу болып бой түзесек, дауға да, жауға да берілмейтін ұрпақ боларымыз анық. Сондықтан ұлтымыздағы ұрпақ тәрбиелеу құндылықтарын заман талабына сәйкес пайдалана білгеніміз жөн. Ата-бабамызбен кеткен керімсал заманды кері қайтара алмайсың, оларда тәттілеу тегеурінсіз сал дәурен, біздікі электронды, ақпаратты, жанталасып жан бақпасаң, жар басында қалатын тар дәурен. Өкінішке қарай, қазіргі таңда жаттың жылтырағына қызығып, жақынның жармағына үздігіп, өз басындағы дәуренін мәнсіз сезінетін жастарымыз да аз емес.

Ел болып еңсемізді көтеріп, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылып, «ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешердей» заманды артқа қалдырып, бүгінгі таңда азаттықтың суын қанып ішкен тәуелсіз елдің білімді ұрпақтарына, яғни замандастарыма айтарым, есіргенге есік ашып, ессіздіктің есімін қайталауды доғарғанымыз жөн. Ғылым мен білім үйрен, кәсіп істеп, нәсібіңді молайт! Жаман қылыққа жарты өміріңді жегізбей, жақсы дүниені жаныңа жарық тұт! Жігерді құм қылатын түрлі қиялдармен әлек болмай, өмірге үмітпен қарап, адалдығымызды асыра берейік.

Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. Ал, қандай заман болмасын, елдің ертеңі, мемлекеттің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында екені анық. Иә, жарқын болашақтың бейнесі, ол – жастар! Ендеше, кешегі еркіндікке шөлдеген, талай зұлматты бастан өткеріп, қайсарлықпен жеңе білген халқымыздың рухын қашанда биік ұстап, талантымызбен тас жарып, атағымызды Алатаудан ары асыратын жарқын өмір үшін күресейік дегім келеді.

Жайнар МҰРАТ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support