- Advertisement -

Аманатқа адалдық

31

- Advertisement -

Биыл ақын Жамбыл есімін иеленген облыстың құрылғанына – 85 жыл толып отыр. Ал, осы өңірдің содан бергі аралығында дамуы мен өркендеуіне қаншама азаматтар тер төкті. Ол тұлғалар Әулиеата өңірінде әр саланың әлеуетін көтеріп, елеулі еңбектерімен еселенді. Сондай азаматтың бірі биыл көзі тірі болғанда 95 жылдығын тойлайтын, ел ішінде «Дала академигі» атанған Қаратай Адамбаев болатын. Бұл ардақты азаматтың өмір жолы – қазақтың, бір әулеттің тарихы.

Өткен ғасырдың басындағы аштық, зобалаң, нәубат Адамбаевтар әулетін де айналып өткен жоқ. Ата жолын берік ұстанған Әбдірахман Адамбайұлы мен Бибіш Жиенбайқызының кіндігінен тараған – Балтабай, Сыпатай, Жұматай, Қаратайдың, әрқайсысының бала кезінен көкейіне түйген пайымы, ертеңге деген сенімі, ата-ана үмітін ақтауға деген ұмтылысы бір ғасырдың тарихы іспеттес. Ашаршылық жылдары отбасын асыраймын деп аңшылықта жүрген Әбдірахман қыста өкпесіне суық тиіп қайтыс болған соң, ұлдарының тағдыры Бибіш ананың мойнына түсті. Десе де, қайсарлығы, қайраткерлігі, еңбекқорлығы, асыл ананың табандылығы бүгінге аңыз болып жетті. Заман қиындығын көтере білген ана белі қайыспай, қара түнек уақыттың да дүлейіне шыдап берді. Қайтсем балаларымды аман алып қалам деген уақытта төрт ұлы төрт балалар үйінде өссе де, кейін табанын тоздыра жүріп, ұлдарының басын қосты. Сондықтан да болар, Қаратай Адамбаевтың әр әңгімесінде анасына деген құрметі, парызы, алғысы анық сезіліп тұратын. Ал, Қаратай Әбдірахманұлы алғаш еңбек жолын «Сталин жолында» (Жамбыл облыстық «Aq jol» газеті) бастағанын біреу білсе, біреу білмес.

Қайсарлық, тектілік қаннан келеді. Кейінгі жылдары білімі мен парасат-пайымын ауылшаруашылық саласына арнаған Қаратай Адамбаев өз заманының асыл азаматы-тұғын. Білімге ерте құлаш ұрды. Өмірдің ащысы мен тұщысын ерте татып, ерте есейді. Бұл жол оны табандылыққа, өжеттілікке, қайсарлыққа, еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Ғажап ғұмыр кешу үшін де жанкештілік керек екенін ерте түсінді, қай істің басында жүрмесін, жанын салды. Еңсеңді тік ұстап, азаматтық, адамгершілік болмысыңды биіктету, еңбекпен өтеу – өзіңнің ғұмырлық соқпағыңды айқындау шығар. Бұл жолда Қаратай Әбдірахманұлы еңбек адамының, ел азаматының, отансүйгіштік қасиетімен озық өнегені көрсете білді. Оның мәдениеттілігі, беделінің биіктігі, тіпті жары Апуза мен қыздарына деген ерекше махаббатын көзкөргендер әлі күнге дейін аңыз етіп айтады.

Жоғарыда айтып кеткендей, еңбек жолын «Сталин жолында» бастаған Қаратай Әбдірахманұлы кейінгі жылдары Сарысу, Талас, Мойынқұм, Меркі аудандарында шаруашылықтарды басқарды. Бұл Қаратайдың нағыз еңбек көрігін қыздырып, ел ішінде аты шыққан кезең еді. Ел ішінде бұл кісіні «Дала академигі» деп тектен-текке атамаса керек-ті.

1957 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітіріп келген соң Қаратай Адамбаев Талас ауданында «Бостандық» қой совхозында екі жыл бас зоотехник болып еңбек етеді. Одан соң Мойынқұм ауданында жаңадан құрылған «Мойынқұм» совхозына директор болып келеді. Жаңа құрылған аудан, жаңа шаруашылық. Жас маманның алдында үлкен іс тұрды. Әрине, оның бұл істе тәжірибе жинақтап үлгерген уақыты. Дегенмен, 1929 жылдан кейін игерілмеген бұл аймақты әлі зерттеп, зерделеу ісі тұрды. Мойынқұм ауданымен иық тіресе жатқан «Бетпақ» даланың әсіресе, қой басын көбейтуге, оның қомдылығына тиімді екенін жете білді. Жалпы, Сарыарқа мен Бетпақдаланы ел игілігіне жаратуда еңбек еткен белгілі ғалымдар Кәрім Мыңбаев пен Социалистік Еңбек Ері, академик Уфа Ахмедсафиннен кейін өзіндік тұжырым жасаған – Қаратай Әбдірахманұлы. Ол бұл ойларымен Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевпен және Жамбыл облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровпен бөлісті. Сондай-ақ, игерусіз жатқан шөл даланың Талас, Сарысу, Шу, Мойынқұм малшылары үшін тиімділігін де ескерді. Мұнда қаракөл қойын өсіру өте тиімді болды. Қаратай Әбдірахманұлының уәжін мұхият тыңдаған Д.Қонаев «Қаракөл қойын өсіру тиімді болса өсіріңдер. «Етке өткізіледі» деген қойды сендер алыңдар. Тапсырма берілді. Бірақ, Қаратай мырза, нәтиже болатын болсын!» – дейді. Сол жылы жаңадан құрылған төрт шаруашылықта төрт мыңдай ғана саулық бар еді. Бірақ, осы жылдың өзінде «етке өткізіледі» деген мал басы 16 мың қойға жетті. Асанбай Асқаровтың ықпалы да ерекше болды. Төрт-бес жылда совхозда қой 60 мыңға жетті. Шу өзенінен Ұланбел ауылының тұсынан көпір салынды. Жер астынан су шығарылды. Шаруашылықтарда қоймен бірге жылқы, түйе, сиыр өсіріле бастады. Тіпті, Бетпақ даланы кезіп жүріп егіс өсірілетін алаңқайлар табылып, малға дайындалатын жемді де өздері дайындайтын болды. Совхоз аз жылда пайдалы шаруашылыққа айналды. Мойынқұм ауданы қайта құрылып, Қаратай Адамбаев аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары – аудандық өндірістік ауылшаруашылық басқармасының бастығы болды. Ауданның өсіп-өркендеуіне Айтбай Назарбеков, екі дүркін Социалистік Еңбек ері Жазылбек Қуанышбаевпен бір қатарда жүріп, 21 жыл еңбек етті.

Шаруашылық жұмыстарына ғылыми бағыт берген азаматтың Жамбыл облыстық тәжірибе стансасының директоры болып тағайындалуы да жоғарыда айтылған жұмыстарының нәтижесі болса керек. Тура сөйлеп, шындықты айтатын Қаратай Адамбаев аз уақыт ішінде ғалымдарға ауылға не керек екенін өміршең нұсқауларымен түсіндіре білді. Төрт жыл нәтижелі жұмысынан соң 1984 жылы облыстық партия комитеті оны Меркі аудандық агроөнеркәсіптік бірлестігінің төрағасы етіп жібереді. Бұл жылдары Меркі шаруашылықтарында тоқырау кезеңі еді. Аспара аймағындағы бос жатқан жерлер игеріліп, қант қызылшасы алқабына айналды. Шопандарға ерекше жағдай жасалды. Тұңғыш рет аудан шаруашылықтарында қой басы 450 мыңға жетті. Қаратай Адамбаевтың көп жылғы жемісті еңбектері де еленді. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері, бірнеше медальдармен марапатталды.

Осыдан бес жыл бұрын Қаратай Әбдірахманұлының 90 жылдығында бір шаңырақтың астында 50 жыл ғұмыр кешкен Апуза Мүтәйқызымен сұхбаттасқаным бар еді. Сонда Қаратай атамыз жайлы сұрағанымда «Ұзын бойлы, сымбатты жігіт еді. Өжетті, қайратты болатын. Анасын бауырларының бәрі жақсы көрді. Үлкені Балтабай ағамыз інілерінің қамқоршысы, анасының жанашыры, туыстарының тілеушісі еді, жарықтық. Үлкен абысыным Төре-Жаңыл Досымбекқызы да сондай парасатты кісі, ғалым еді. Тоқсаннан асып өмірден қайтты. Үйден қонақ үзілмейтін. Шаруашылықтан қанша шаршап келсе де, қонақтардың көңілін тауып отыратын. Бұл кісілер төрт ағайынды, тату еді. Ол татулықтың басында Бибіш анамыз тұрды. Тіпті, Қаратайдың алдындағы Жұматай қайынағам ҚазҰУ «Журналистика» факультетінде оқыған кезде, ол кісінің жұбайы мен сегіз баласы біздің қолда тұрды. Шәй дескен кезіміз болған емес. Қаратай шаруашылықтарға жиі шығады, сонда совхоздарда көзінде жалыны бар, іскер жастарды көрсе лезде аудан орталығына немесе облысқа қызметке баруына мұрындық болып жүретін. Оны елі жақсы көрді. Балаларына деген махаббаты тіпті ерекше болды. Еліне рақмет, Меркіде Қаратайдың атында көше бар», – дегені бар еді. Иә, өткен ғасырдың ортасында жоғары білімі бар санаулы нәзік жандылардың қатарында болған, химия пәнінің ұстазы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Апуза Мүтәйқызының да өмірден өткеніне біраз жыл болды. Ал, қыздары әр салада еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, әулет абыройын асқақтатып жүр. Дәулеті тасыған әулет деген осы.

Меркі ауданындағы Асанбай Асқаров атындағы колледжін ұйымдастырушылар да осы Қаратай Адамбаевтың қыздары. Осы арнаулы оқу орнында соңғы бес жылда Қаратай Әбдірахманұлын еске алу іс-шарасы, яғни шахматтан жарыс өтіп келеді. Биыл бұл шара Мойынқұм ауданында ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, аудандық музейде Қаратай Адамбаев бұрышы жасақталу үстінде.

Иә, жылдар еңбекпен еңселенеді. Ал, еңбектің қадірі – тұлға болып қалыптасқан ер азаматтың парасат-пайымының, білімінің биіктігімен бағаланады. Бүгінде жамбылдықтар 2019 жылы жарық көрген Қаратай Адамбаевтың «Ойлар, Жылдар» (Алматы. «Нұрлы әлем») кітабынан көп деректер алып отыр. Әсіресе, өңірдің арғы-бергі тарихына үңілген өлкетанушылар үшін бұл құнды кітап болып отыр.

 

Ерман ӘБДИЕВ,

Ақпарат саласының үздігі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support