- Advertisement -

Жат әдетке жуымаған жөн

18

- Advertisement -

Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда нашақорлық індеті жыл өткен сайын кең таралып келеді. Нашаға тәуелділіктің салдарынан адамның ішкі ағза мүшелері: жүрек тамырлары, өкпе, ас қорыту және эндокриндік жүйелері зақымданады.

Жастайынан наша шегуді серік еткен жасы үлкен, қырықты алқымдаған жігіт ағасын білемін. Осы уақытқа дейін үйленбеген, не жұмыс істемейді. Ата-ана, бауырларына тиісіп, отбасының шырқын бұзатынын да хабарым бар. Ата-анасы өмірін еңбекке арнаған адамдар. Көп бала тәрбиелеп, өмір бойы шаруашылықта еңбек еткен, әр баласын өбектеген олардың не жазығы бар, десеңізші! Бір қуанып жүрген күндері жоқ, көздерінен жас кетпейді. Ол шаңырақта береке жоқ, үнемі қорқыныш пен күдік араласқан өмір. Оны көзім көріп жүр.

Сонда ғасыр дертіне жоламаудың жолы қандай? Ата-ана тәрбиесін толыққанды алған, мектепте де түрлі іс-шаралардың бел ортасынан табылатын жасөспірімдер – мұндай қате жолдан алыс болады. Өмірде алдына қойған мақсат-мүддесі бар жасөспірімдер – мұндай кедергіден аулақ адамдар. Дені сау адам еңбекке құлшыныспен кіріседі. Өзінің денсаулығының сау болуын қадағалап, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстайды. Бізді өмірге әкелген, бізден үміт күткен ата-анамыздың, ұстаздарымыздың еш жазығы жоқ. Есірткіге елітіп, өз өміріңді ойран ету – қасірет. Осыны естен шығармаған дұрыс.

Жақында өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы нашақорлық, насыбай туралы айтты. Оның ұрпақ денсаулығына орасан зор зиян екенін жеткізді. Президент халықты, жастарды жаман әдеттен сақтандырып отыр. Оны түсінуіміз керек. Саналы, денсаулығы зор, білімді ұрпақ – ел байлығы мен болашағы.

Сіздер мен біздер жаһандану заманында өмір сүріп отырмыз. Қоғамда біздер айналысатын, біздер қолға алатын шаруалар жетерлік. Бүгінгі таңда оқимын, еңбек етемін және еліме пайдалы тигізетін деген әрбір жасқа жол ашық. Мемлекетіміз жастар үшін түрлі бағдарламаларды іске қосып, оқу бітірген жас мамандарға да жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Ендеше, жаман әдеттерден аулақ болайық. Сөйтіп, ата-аналарымыз бен еліміздің сенімін ақтайық!

 

Сұлтан НҰРТАЙ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз Өңірлік университетінің 4-курс студенті

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support