- Advertisement -

Тарихтың тағылым алатын тұсы көп

13

- Advertisement -

Ұлттық рухты көтерудің жаңа тәсілін мойынқұмдықтардан кездестірдік. Мойынқұм ауылдық округіне жеті ай бұрын әкім болып сайланған Рүстем Тұрарқұл ауыл жастарына «Барлық адам аялдамай кетпейтін аялдамаларды қазақылықты көрсететін суреттермен безендірейік» деген өз ойын ұсынады. Жастар түгел қолдап, ортақ іске жұмыла атсалысыпты.

Қазір Мойынқұм ауылына бара қалсаңыз, ондағы аялдамалардан көкке ұмтылған алып таулардың етегінде тізбектеліп бара жатқан көш, күн нұрына малынып қанат қаққан қыран, найза мен қалқан, ертедегілерден қалған тасқа қашалған мүсіндер және ақ шаңқан киіз үйлер тігілген ауыл көрінісін көре аласыз.

– Ауыл әкімі қызметіне келгеннен соң аймақтың экономикалық- әлеуметтік дамуына байланысты атқарылатын жұмыстармен қатар, халықтың ұлттық рухын көтеретін бір нәрсе істелсе деген ой келді. Әрине, бұл мақсатта көптеген мәдени көпшілік іс-шаралар, әдеби туындылар бар. Дегенмен, күнделікті өмірде ауылымыздың бет-бейнесінен көрініп тұратын әлдебір нақыш болса деп ойладым. Байқасақ, кез келген елді мекендердегі аялдамаларға тоқтамайтын адам болмайды екен. Тіпті, қоғамдық көлікке мінбей, жеке көлікпен жүреді дегеннің өзінде кейде барар бағытты аялдамамен болжайды ғой. Сондықтан, ауданымыздың орталығы Мойынқұм ауылындағы аялдамаларды ұлттық көрнекіліктермен сәндегенді жөн көрдім. Бұл ойымды ауыл жастарына айтып едім, бәрі қолдады. Қажетті қаржыны да ауыл азаматтары өздері бірлесіп жинады. Сөйтіп, қылқалам шеберлерін ауылымызға шақыртып, бірнеше суреттер салғыздық. Онда ұлтымен мақтанып, халқын, жерін жат пиғылдылардан қорғауға дайын болатын өр рух сезіндіретін бейнелер бар. Сонымен қатар, мұнаралы таулар мен ұшар шыңда қалықтаған қыранға қарап, биік ойға жетелейтін, бұрынғы бабаларымыз бізге аманаттаған жерді қорғаудан танбаған ерлігін танытатын қалқан мен найза өжеттілікке баурайтын бейнелерді ескергенді жөн санадық. Сондай-ақ, шет елге саяхаттауға құмартатындар өз жеріміздің байлығына, тамылжыған табиғатына сүйсінсін деген ниетпен байтақ даламыздың сұлулығын да суреттеуді ескердік. Ортақ іске жұмыла білген, қолдау көрсеткен ауылдастарыма, мойынқұмдық жастарға алғысымды айтамын, – дейді ауыл әкімі Рүстем Бакенұлы.

Бұл енді басталған жаңа бастама болғандықтан, әзірге үш аялдама толықтай жасалған. Енді тоғыз аялдамада жұмыс жалғасуда. Ауылдың келбетін қазақылықпен көріктендіруді көздеген мойынқұмдық жастар ұлттық тәрбиеге бет бұруды басқа да істермен жалғастыруға дайын.

Айтпақшы, ұлттық нақыштағы аялдамаларда ертеде ел билеген өжет қыз Тұмар ханшаның да бейнесі суреттелген. Ол қазақ қыздарының қайсарлығын дәріптеп, елдің ертеңі үшін қыз балалары да өз жұртының намысын қорғап, адал жүруге ой салады. Ал, тасқа қашалған көне түркі жазбаларын бейнелеумен мойынқұмдық жастар бүгінгі ұрпақ тегінің түп тарихын біліп, болашаққа мағыналы мақсатпен нық қадам бассын дегенді көздепті.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Мойынқұм ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support