- Advertisement -

Түркістан төріндегі аламан

19

- Advertisement -

Мемлекет басшысы атап өткендей, биылғы Наурыздың мәні бөлек, мазмұны жоғары. Ол екі аймақ арасындағы тартысты өнер жарысымен де ерекшеленіп отыр.

Түрленген өлке, қасиетті Түркістанның төрінде Наурыз мерекесіне арналып, Қайырымдылық күніне орай өткен «Төрлет, Наурыз төріме!» атты Түркістан мен Жамбыл облысы арасында командалық республикалық айтыс мағыналы сәттер мен тартысқа толы болды.

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған жобаны айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы төрағасының міндетін атқарушы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді. Алғашқы құттықтау сөзді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдиев алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Мен мұндай ұлттық сипаттағы, рухани, берері көп жобаны қолдауға дайынмын», – деді Түркістан облысының әкімі.

Мұнан соң Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай оқып берді.

Жамбыл облысы командасын айтыскер, облыстық айтыс ақындары мен жыршы, термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков, Түркістан облысының командасын айтыстың арыстаны атанған Бекарыс Шойбеков бастап шықты.

Қазылар құрамында халық ақыны Әсия Беркенова, ақын Бауыржан Бабажанұлы, күйші Секен Тұрысбеков, жырау Алмас Алматов, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова секілді өнер майталмандары болып, өз бағаларын беріп отырды.

Сүре айтыспен іс-шараны жамбылдық Дархан Әбдіманат пен түркістандық Нұрмахан Жақыпбек бастап берді.

Әнұран мен Көк тудың авторлары,

Шәмші мен Шәкен – біздің даңғылымыз.

Ынтымағы жарасып тек өнермен,

Жарыссын Түркістан мен Жамбылымыз.

Көк туымыз құламай көк аспанда,

Әнұранмен басталсын әр күніміз, – деп Дархан ақын ынтымақ пен елдік қасиеттерімізді кең жырлай білді. Нұрмахан да тереңнен толғайтын шын жүйрік екенін әр шумағымен танытты. Қазылар алқасының шешімімен 20:18 ұпай айырмасымен Нұрмахан Жақыпбек командасын алға шығарды.

Қайым айтыста Түркістан облысынан Аян Ниязбек өнер көрсетсе, Әулиеата өңірі Асхат Қылышбекке сенім артқан болатын.

Екеуі де намысты қолдан бермей небір қиын ұйқасты жалғастыра білді. Жерлесіміз Асхаттың:

Төле би бізде туған, сізде тұрған,

Құндылық табамыз сол із нақылдан.

Өнер үшін тартысып отырмыз ғой,

Әйтпесе араздық жол бізде тұрған, – деген шумақтары ынтымақ, бірлік, қайырымдылықты көздейтін Наурыз той талаптарымен де үндесіп жатты. Қазылар алқасы 20:20 ұпайымен бұл жұпты тең бағалады.

Жамбылдық Қанат Мырзахан мен түркістандық Қажымұхан Абзалов арасындағы түре айтыс сәтті болды.

Бұрыннан бірін бірі жақсы білетін қарсыластар бұл жолы да көсіле шапты.

Қажымұхан:

Әз Наурыз барша елге дәріптелген,

Жәнібеков сара жолға салып берген.

Өзбековке рақмет, командасын,

Өзбекәлі ауылына алып келген, – десе Қанат:

Түркістан мен Жамбылым жайнай берсін,

Қос көрші тойды бірге тойлай берсін.

Өзбекәлі әкелген тайқазанда,

Қазақтың берекесі қайнай берсін, – деп әдемі ой толғады. Бұл жұптың айтысы да ең жоғары 20:20 ұпайымен бағаланды.

Түркістандық Дәурен Ақсақалов пен жамбылдық Алина Айдаралы жігіт пен қыз арасындағы айтыстың үлгісін көрсетті.

Тәжірибелі Дәурен қарсыласына жылы шумақтар жолдап, қолдап, демеп отырды:

Кесенеге келеді көп оқушы,

Бір қасиет жұқсын деп бойымызға.

Ұлттық құндылық бойынша келсеңіз де,

Ұлттық тест жоқ па екен ойыңызда, – деп әдемі әзілдей келе,

Білімде талай нәрсе ақсап жатыр,

Ұстазды талай жерде жасқап жатыр.

Ағарту министрі ағартуды,

Ұстаздардың шашынан бастап жатыр, – деп мәселе де көтере білді. Бұл айтыс 20:19 ұпаймен Дәурен Ақсақаловтың пайдасына шешілді.

Терме бойынша Жамбыл облысы командасынан термеші Маралбек Бабақұлов өнер көрсетсе, Түркістан облысынан Руслан Ақынбек өнер көрсетіп, 10:10 деп тең бағаланды. Жыршылық өнер бойынша Түркістан облысынан Аязбек Рүстамов өнер көрсетсе, Әулиеата намысын Бекарыс Көшеров қорғады. Бұл сайыста 10:9 нәтижесімен басымдық Түркістан облысының өнерпазына берілді. Күй аталымы бойынша Жамбыл өңірінің намысын Дидар Басықараев қорғаса, Түркістан облысының атынан Жандос Құлымбетов өнер көрсетті.

Әсіресе, Дидар тартқан Боранқұл Қошмағанбетовтың «Жұртта қалған» күйіне түркістандық барша көрермен еріксіз қол соқты. Әйгілі күйші Секен Тұрысбеков «Дидар, айналайын, сенің «Жұртта қалғаның» жұрт көңілінен шықты», – деді. Бұл сәттер Дидардың нағыз жеңісі еді. Алайда, бұл сайыс 10:10 есебімен тең бағаланды.

Дәстүрлі ән аталымы бойынша Жамбыл өңірінің намысын Мерей Әбуова қорғаса, Түркістаннан Мағжан Әлденбаев өнер көрсетті. Бұл өнер сайысы да 10:10 ұпаймен тең бағаланды.

Нәтижесінде 100:96 ұпай айырмасымен Түркістан облысы алға шығып, келесі айналымға өтті.

Ал, Amanat партиясы мен айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы бірлесіп ұйымдастырған өнер додасы өзге өңірлерде де сәтті жалғасуда.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support