- Advertisement -

Әзімбектің айтыстағы алғашқы ұстазы

28

- Advertisement -

Қазақ халқының төл өнерінің бірі – айтыс. «Айтыс – сөз барымтасы, қайта айтпаса, қайтпайды қарымтасы» деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтып өткендей, осынау қасиетті өнер жан- жақты қабілетті болуды қажет етеді. Айтыскер үшін бойыңда ақындық қасиеттің болуы аз. Кейде сахна мәдениетінен хабары жоқ адамдар: «Айтыскерге ұстаздың қажеті қанша? Ұстаз не үйретеді? Суырып салма ақын өздері айта бермей ме?» деп ұшқары пікір білдіріп жатады. Айтыскерге ұстаз керек болмаса, Жамбыл Сүйінбайдан бата алмас еді. Жамбыл Жабаевтың өзі де бірнеше шәкірт дайындап, Кенен Әзірбаевқа ақ батасын берген.

Біз бүгін әйгілі айтыс ақыны Әзімбек Жанқұлиевтың айтыстағы алғашқы ұстазы туралы айтамыз. Бұл жөнінде көпшілік біле бермейтін мәліметтер бар. «Талантты тану – қиын, танымау – қиянат», – деп, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза айтқандай, таланттарға жол ашқан ұстаздарды, өнер жанашырларын танымау да қиянат болса керек.

Әзімбек Жанқұлиевтың суырып салма ақындығы әскерге бармай тұрып, байқалып, іле-шала ақын борышын өтеуге кетіп қалады. Сол кезде ақынның ағасы Алтынбек Жанқұлиевпен құрдас, сыныптас, ақын Қасқырбай Нарбатыр: «Әзімбек інім әскерден келген соң, оны айтыскерлікке өзім дайындаймын», – деп уәдесін берген екен.

Арада екі жыл зымырап өте шығып, 1982 жылдың көктемінде Әзімбек ақын әскерден келеді.

Әзімбек елге сағынышын басқан соң, ағасы Алтынбек оған Қасқырбайдың уәдесін айтады. Жас айтыскер аға сөзін құп алып, ол кезде Мырзатай ауылында тұратын Қасқырбай ағасына сәлем бере келеді. Қасқырбай да ақын інісін құшақ жая қарсы алып, кең пейіл көрсетеді. Әзімбек Мырзатай ауылында жаңадан ашылып жатқан құрылыс тре сіне құрылысшы болып жұмысқа орналасады. Міне, Қасқырбайдың ұстаздығы осы уақыттардан басталады. Ертелі-кеш жас ақынға тарихи кітаптар оқытып, теңеуге толы шумақтар жаттатқызады. Әзімбектің әзіл айтысқа бейім екенін де назарға алып, қарсылас әзілге қандай жауап беруі мүмкін, қарсылас Әзімбекке қарсы қандай әзіл айтуы мүмкін деген сұрақтарға да жауап іздейді.

Содан келесі облыстық айтыста Әзімбек Жанқұлиев жүлделі орын алады. Әзімбек Қасқырбайдың үйінде алты- жеті ай жатқан соң, аудан орталығы Сарыкемерге қарай ауысады. Бұл уақыт оның есімі облыс аумағына айтыскер ретінде танылып қалған кезі. Көп ұзамай аудандық Мәдениет үйіне жұмысқа ауысқан. «Әзімбектің домбырашылығы және жаттау қабілеті жоғары болды. Радио, телеарнадан айтылған бір шумақ өлеңді естіген сәтте жаттап алатын. Жастығы мен сұлу келбеті де оны өзгеден ерекшелеп тұратын. Қысқасы, Әзімбектің жұлдызды жылдары осылай басталды», – дейді ұстазы Қасқырбай Нарбатыр.

Сол жылдары Қасқырбай Нарбатырдың өзі де облыстық, аймақтық айтыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Оның айтысына белгілі қаламгер Арғынбай Бекбосын оң бағасын берген.

Одан кейінгі жылдары Әзімбек Жанқұлиевтың ақындық қабілеті ашылып, шабыты шалқып, бағы жанды. Әйгілі Әселхан Қалыбековамен айтысы барша қазақ даласына аңыз болып тарады. Көпшілік көрермен теледидар алдына Әзімбектің айтысын көру үшін жиналатын. Республика сарайына Әзімбек Жанқұлиевтың айтысын тамашалау үшін баратын сәттер туды. Тәуелсіздік жылдарында да Әзімбек Жанқұлиев қазақтың айтыс өнерінің дамуына өз үлесін қосты. Аяулы ақынның Аманжол Әлтаевпен, Айтақын Бұлғақовпен, Ербол Қамбатыровпен сөз сайыстары – айтыстың алтын қазынасы. Өкініштісі сол, бар болғаны 41 жыл ғана ғұмыр кешті.

Аяулы айтыскер інісінің қазасы ұстазының да жанына батты. Байзақ ауданынан шыққан белгілі азамат Досжан Әміровке демеуші болуын өтініп, Әзімбек Жанқұлиев атындағы аудандық ақындар айтысын 2005 жылдары алғаш ұйымдастырған да ұстазы – Қасқырбай Нарбатыр. Ол айтысқа байзақтық Алтынкүл Қасымбекова, Ертай Тазабеков, Болат Басықараев бастаған бірқатар айтыскерлер қатысса, танымал айтыскерлер Шорабек Айдаров, Серік Қалиев пен Мұхамеджан Тазабеков қазылар құрамында болған екен. Сол айтыста қорытынды сөз алған Шорабек Айдаров: «Осы кезге дейін мен оншақты шәкірт дайындадым. Серік Қалиев те бес- алты шәкірт баптады. Бірқатар шәкіртке Айтмұханбет Исақов та ұстаз болып жүр. Біздің еңбегіміз де текке кетпес. Біздің шәкірттеріміз де өз уақытымен танылып жатыр. Ең кемінде адал, өлеңді түсінетін азаматтар болатын шығар. Ал, Қасқырбай Нарбатыр бір ғана шәкірт дайындады. Ол – Әзімбек Жанқұлиев. Қасқырбайдың дайындаған шәкірті республиканы шулатып, алты Алашты мойындатты», – деп ағынан жарылыпты.

Содан кейінгі жылдары Әзімбек Жанқұлиев атындағы айтыс облыстық деңгейге көтерілді. Тіпті, бір жылдары Сарыкемерде ақын атындағы республикалық деңгейдегі айтыс өтіп ол жыр додасына Әселхан Қалыбекова, Абаш Кәкенов, Қуаныш Мақсұтов секілді саңлақ айтыскерлер келгенін де білеміз.

Әзімбек Жанқұлиевты еске алуға арналған бір айтыста ағасы Алтынбек Жанқұлиев сахнаға Қасқырбай Нарбатырды шақырып, шапан жауып құрмет көрсеткені бар. Мұны Қасқырбай ақынның адалдығына, ұстаздық еңбегіне берілген алғыс деп қабылдаған дұрыс болар.

Түйіндей келе айтарымыз – әскерден жаңадан келген жиырма жастағы Әзімбектің бойындағы аяулы өнер өлмесін деп оны айтысқа баптаған Қасқырбай Нарбатыр өзінің шәкіртін еске алуға арналған айтыстың ұйымдастырушысы болды, бастауында тұрды. Бәлкім, ұстаздың шәкіртке деген адалдығы осы шығар. Бәлкім, Қасқырбай Нарбатырды биіктетіп тұрған да осы адалдығы мен жанының кіршіксіз тазалығы болса керек.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support