- Advertisement -

Әз Наурыз Әулиеатада лайықты деңгейде тойланады

15

- Advertisement -

Наурыз мейрамы – ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет- ғұрыптарға негізделген, көктемнің келуін, жаңа жылдың басталуын бейнелейтін басты мереке. Биыл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы жаңа тұжырымдамаға сәйкес жаңаша форматта өткізілмек. Ұлттық мерекенің облыста қалай ұйымдастырылатыны жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов мәлімдеді.

Ұлана Сламбекқызының айтуынша, тұжырымдамаға сәйкес, Наурыз мейрамын атап өтудің іс-шаралар жоспары әзірленіп, мерекенің жаңа бірыңғай логотипі бекітілген. Биылдан бастап Наурызнама онкүндігіне сәйкес мейрам 14-23 наурыз аралығында тойланатын болады. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналады. Атап айтсақ, 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі, 15 наурыз – Қайырымдылық, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 17 наурыз – Шаңырақ, 18 наурыз – Ұлттық киім күні, 19 наурыз – Жаңару, 20 наурыз – Ұлттық спорт, 21 наурыз – Ынтымақ, 22 наурыз – Жыл басы, 23 наурыз – Тазару тақырыптарымен атауына сай іс-шаралар арқылы ұйымдастырылады. Наурызнаманың қорытынды күні жаңа жылды тұтас ел болып жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай мерекенің концепциясына сәйкес, іс-шара өтетін алаң тұтас бір этноауылды құрайтын бірнеше аймақтан құралатынын айтты. Алаңға кіреберіске Ұлы Жібек жолының бойындағы қамалдың кіреберісі іспетті, шығыс стилінде «АРКА» жасалады. Арканың екі жағында екі-екіден төрт алып батыр тұрады. Алып денелі батырлардың қолында қыран бүркіт, жетегінде тазы иттер болады. Келген меймандарды ұлттық киімдегі әжелер қарсы алып, Наурыз мерекесіне тілектерін, ұлттық әндерін айтып, шашу шашады.

Алаңда Шеберлер ауылы болады. Мұнда қолөнер шеберлері мастер-класстар өткізіп, түрлі бұйымдар жасайды. Сонымен қатар, «Әз Наурыз», «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» деген жазулармен безендірілген екі әуе шары болмақ. Алаңдағы келесі бөлім садақ ату, одан кейін «Топжарған» этноөнер орталығы көшпенді халықтардың жауынгерлік ойындарын көрсетеді. Мұнда тек ойындар ғана көрсетіліп қоймай, жиналған халыққа оның мән-мағынасы түсіндіріліп отырады. Негізгі іс-шара өтетін сахнада мерекелік шара театрландырылған көрініспен басталып, балалар хорымен жалғасады. Халық арасында өнерпаздар, садақшы қыздар, сұңқармен құс ілу өнерін көрсететін құсбегі қыз-жігіттер, ежелгі жауынгерлік өнерді паш ететін жауынгер жігіттер, алып батырлар халықпен қоян-қолтық қарым-қатынаста болады. Олардың белгілі бір фотозоналарда халықпен бірге болуына жағдай жасалады.

– Аталған көріністердің барлығы үздіксіз қайталанып тұрады. Бұл Наурыз-думанды тамашалауға келген қонақтарға этноауылмен толық танысып, біте қайнасуына мүмкіндік беріп, ұмытылмас эмоция сыйлайтыны сөзсіз. Сонымен қатар, сахнада эстрада жұлдыздары мен облыс өнер шеберлерінің концерттік бағдарламасы ұйымдастырылады. Белгілі әншілер Наркенже Серікбаева, Ернар Айдар, «Алатау серілері» халық үшін ән шырқайды. Басты мақсат – Наурыздың нағыз халықтық мереке екенін көрсету, – дейді Ерлан Жүнісбай.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметовтың мәлімдеуінше, Наурыз мейрамы барысында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен спорттық көрсетілімдер қамтылады. Олар қазақ күресі, гір тасын көтеру, армрестлинг, асық ату, тоғызқұмалақ, алаңдағы тоғызқұмалақ, арқан тарту, мас-рестлинг, садақ ату, бұқа тартыс, допты ауада тебу, мерген, ләңгі тебу ойындары. Сонымен қатар, күш пен шыдамдылықты сынайтын қой көтеру, ұн көтеру, шекер көтеру және кермеге тартылу, кермеге уақытқа тұру сияқты мерекелеуші жұртшылық арасында жарыстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, брэйк данс, каратэ (ағаш сындыру), у-шу (найза, қылыш), таэквондо спорт түрлерінен спорттық көрсетілімдер болады.

Ұлттық спортты халық арасында насихаттау мақсатында батыр киімін киіп, ерттелген жүйрік аты, бүркіт және тазы иттерінің көрмесі ұйымдастырылып, көкпар ойынының жасанды жаттығу аты мен серкенің муляжы орнатылады. Ат ерттеу әдістері мен ноқта түю үйретіліп, көрсетіліп тұрады. Іс-шара барысында мыңға жуық адамның қамтылуы жоспарлануда. Жеңімпаз-жүлдегерлер тиісті дәрежелі медаль, диплом және естелік сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар, 20 наурыз күні Тараз қаласы мен аудандарда ұлттық спорт түрлерінен 44 жарыс түрін ұйымдастыру жоспарланған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support