- Advertisement -

Мемлекет басшысының атынан ауызашар берілді

14

- Advertisement -

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол, ізгілік айы. Қасиетті айда Мемлекет басшысының атынан еліміз бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде ауызашар беру рәсімі ұйымдастырылып келеді. Биыл бұл игі бастама жаңа қабылданған Наурызнама тұжырымдамасына сай 15 наурыз – Қайырымдылық күніне тұспа-тұс келіп тұр. Осыған орай, Тараз қаласындағы облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ауыз бекіткен жамағатқа арнап ауызашар берілді.

Ауызашар дастарханға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосып келе жатқан қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, әр салада еңбек етіп жүрген сала майталмандары мен еңбек адамдары қатысты.

Жиын барысында Ербол Шырақпайұлы жұртшылықты Рамазан айымен құттықтап, бірлік пен береке, мейірім мен ізгілік, қанағат пен сабыр салтанат құратын қасиетті уақытта жасаған қайырым, дұға- тілектерінің қабыл болуына өз тілегін білдірді.

– Биыл қасиетті ораза айы ұлық мейрамымыз Наурыз мерекесімен қатар келіп тұр. Рамазан айы – адамдарды бауырмалдыққа, кішіпейілдік пен сабырлылыққа шақырады. Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды қалыптастыруда еліміздің тұрақтылығы мен бірлігін сақтап, сындарлы кезеңде сыр бермей сабырлық таныту керектігін ұдайы айтып келеді. Ал, дініміз бен дәстүріміз бізді адамзаттың ізгі құндылықтарын дәріптеп, өзгеге қиянат жасауға жол бермей, осы мақсатта жұмыла іс қылуға үйретеді, – деп өңір басшысы Ербол Шырақпайұлы жиынға қатысушыларды Рамазан айымен құттықтады.

Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз сөйлеп, елдің амандығы мен береке-бірлігінің артуына тілектестігін білдірді. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев Құран оқып, қазақ халқының амандығы үшін дұға жасады.

Айта кету керек, Рамазан айының бірінші жұмасында еліміздің барлық өңірлері мен аудандарында Мемлекет басшысының атынан бір мезгілде ауызашар берілді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support