- Advertisement -

Құрметке бөленген құрылысшы

20

- Advertisement -

Онымен қазыналы қарт Қаратау жотасындағы ел-жұрт Көсегенің Көкжоны деп атаған өңірдегі ат төбеліндей шағын Үшбас ауылында тел қозыдай қатар өсіп, думанды балалық бал дәуренді бірге өткіздік. Киелі Көсегенің Көкжонында кім болмаған, кімнің ізі қалмаған? Бұл аймақ жөнінде ықылым заманнан қалған аңыздар бар.

Желмаяға отырып, қара қобызын серік етіп, қоңыр күйді аңыратып, Жерұйық іздеп, төрткүл дүниені кезген Асан қайғы баба Қаратаудың қырқасындағы көрікті Көсегенің Көкжонына қызыға қарап:

Басқаның бәрін қисаң да,

Көкжонды шіркін, қимайсың.

Өңгеріп алып кетер ем,

Ат сауырына сыймайсың, –

деген екен. Осы бір шумақтың өзі Көкжонның биік бағасын беріп тұр емес пе?!

Ту сонау ерте ежелгі жаугершілік заманда масагеттердің ханшайымы Тұмар (Томирис) осы жерде қол астындағы ақылман азаматтардың басын қосып, Кир патша бастаған парсы әскерлерін қай жерде қарсы алғанымыз жөн деп кеңес өткізіпті деген аңыз бар. Кейінірек қалмақтармен болған талай қақтығыстың куәсі болған мына қожыр-қожыр, моп-момақан болып жатқан қойтастар мен жартастар тарих сырын ішіне бүгіп жатыр. Көкжондағы Арыстанды ауылының маңында Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ бар. Ол отандық археологияда байырғы адамдардың өмiрiнен, шаруашылығы мен тұрмысынан мол мағлұмат беретiн бiрегей ескерткiш болып саналады. Аталған тұрақта әр жылдары қазақстандықтармен бірге Жапония, Германия, Ресей Федерациясының археолог-тарихшылары зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Елімізде 1954 жылы басталған тың және тың жерлерді игеру жылдары мына тып-тыныш керіліп жатқан кербез далалар жыланбауыр тракторлар мен комбайндардың үнімен оянды. Сол 1955 жылы халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов жаңадан ұйымдастырылған шаруашылыққа атбасын арнайы бұрып, ел-жұрттың тыныс-тіршілігімен танысып, зерделей келе, «Түркістан солай туған» атты көркем очерк жазды. Қазақтың көрнекті жазушысы Тәкен Әлімқұлов та жас шағында осы өңірдегі «Үшбас» колхозында жер өлшеуші-табельщик болып еңбек жолын бастағаны мәлім. Иә, тізе берсек бұл өңірден тарихтың талай көмбесіне кезігесіз…

Сол тарихы терең өңірде дүниеге келіп, балалық дәуренді өткізіп, ат қомын тартқанымызды әркез мақтаныш етеміз, сағынышпен еске түсіреміз. Жаздың жайдарлы айларында, шуақты күндерінде ауыл сыртынан ағып жатқан мөлдір сулы тау өзенінен балық аулап, армансыз суға шомылдық, тау шатқалдарынан баданадай-баданадай қызыл күрең түске боялған тіл үйірер тау шиесін теріп, тастан-тасқа секіріп кекілік қудық. Желмен жарысып көкмайса белестерден көз тартар әсем Гофман, Грейг қызғалдақ гүлдері мен бәйшешек тердік, тіл үйірер қозықұйрық жинадық. Шаң-шаң болып доп қуып, көрші ауылдың балаларымен жарысып, есекпен көкпар тарттық. Бұлақтар мен саздарда аяққа оралатын жасыл шалғындарын кешіп, иісі мұрын жаратын сарымсақ-жуасын теріп, пішен ордық. Есейе келе ауыл тұрғындарына тән қара жұмысқа жегіліп, кесек құйып, шөп шаптық, қырманда бидай «суырдық». Көкорай жасыл беттерде қозы қайырып, қой бағып жүріп дала жыршысы бозторғайдың ту сонау көз жетпес көкке көтеріліп құлақ құрышын қандырар керемет симфония-сазын тыңдап өстік. Көршілердің үй тұрғызуға ұйымдастырған асарына қатысып, кірпіш қаладық, үй сыладық. Ал, қыс туралы әңгіме ерекше бөлек. Апталап ішін тартып көз аштырмай соққан дауылды бұрқасын борандар, бүкіл әлемді аппақ түске енгізіп, сай-салалар мен жыраларды, көше-көшелерді, үй мен қора аулаларын омбы қарға толтырып, барлығын «сипап» тастайтын қыс көрінісі күні кешегідей көз алдымызда. Ойынға бір тоймайтын біздер шаңғы тебуді бір адамдай меңгергендіктен, жарыс ұйымдастырып, жүзімізді аязға «өптіріп», тау беткейінен шанамен армансыз сырғанадық, мұзбен су-су болып аққала тұрғыздық. Сөйтіп жүріп ержеттік, орта мектепті бітіріп, қиял-арман қуып, сан құбылған өмір жолына түсіп, біреуі болашақта мұғалім, екіншісі – инженер, үшіншісі – агроном, төртіншісі – дәрігер және тағы да басқа мамандық иесі боламын деп әр тармаққа кеттік. Біреулеріміз жергілікті СПТУ-ға, екіншілеріміз Алматыға, үшіншілеріміз Шымкентке немесе Жамбылға (қазіргі Таразға) білім іздеп жол тарттық. Біразымыз жоғары оқу орнын бітіріп, туған аймағымызға маман иесі болып кері оралдық, отбасын құрдық, балалы-шағалы болдық. Зымырандай зулаған мына уақыт барлығымызды өз икеміне көндіріп әкетті. Бүгіндері барлығы сағынышқа айналған. Кейде тіпті сол күндерді аңсайсың. Бүгіндері тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрдастарымызбен, қазір әр өңірде жүрген жерлестерімізбен сиректеу болса да сағына көрісеміз, өткен-кеткенді еске алып, қалжыңдасып, көңілді бір демдеп аламыз. Шынында, кейде сол қызықты жылдарды аңсайсың.

Міне, сол өңірдің тумасы, бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері сақа құрылысшы-инженер Сейтбек Унипаевпен Тараздан шығып Көсегенің Кокжонындағы кіндік қанымыз тамған туған ауылымызға Жаңатас қаласы арқылы сапарлап келеміз. Жол қысқарту үшін әр нәрсенің басын шалып, әңгіме қозғап келеміз. Жаңатасқа жете бергенімізде Сейтбек:

– Мына Жаңатас қаласымен бірге, жарыса өстім десем болады, – деп бастады әңгімесін. – Бұрын бұл жерде саман кірпіштерден соғылған жүдеу 5-6 үйден тұратын Бүркітті деген шағын ауыл болған. Кейде оны Көксу деп те атайтын. Өйткені ауылды жаналап өтетін тау өзенінің суы мөп-мөлдір таза, көкшіл түсті болып сарқырап ағып жататын. Аудан орталығы – Байқадамға (қазіргі Саудакентке) сол ауылды басып өтетінбіз. Сонда көзге ілінетіні, сол маңның тұрғындарында бидайын ұнға айналдыратын шағын су диірмені болатын. 1950-жылдардан бастап өңір өзгеріске ұшырады, жаңа техникалар мен жұмысшылар тұратын вагондардан құралған жұмысшылар ауылы, кейінірек поселок пайда болды. Қаратаудың қатпар-қатпар тауларын қопарып, карьерлер ашылды. Поселке көз алдымызда дамып, көптеген көпқабатты үйлер, дүкендер, асханалар, клубтар, медпункттер, қоймалар, әртүрлі өнеркәсіп орындары бой көтерді, қай жерге бармағын, қызу еңбектің үстінен түсетін едік. Сөйтіп, өзгеріске ұшыраған мына алдымыздағы Бүркітті ауылы 1969 жылы Жаңатас қаласына қосылды. Алғашқы үйлерді әскери құрылысшылар мен абақтыдан шыққандар, бұзақылар тұрғызды. Вагон-вагон болып пойыздармен әр өңірден жеткізілген жігіттер жергілікті халыққа алғашқыда біраз проблемалар туғызған. Сол кезеңде қалаға тиіп тұрған Түркістан (қазіргі Әшір Бүркітбаев) ауылындағы мектепті оқып жүргенде қалада соғылып жатқан зәулім үйлерді, кәсіпорындарды тамашалап, қызыға қарап, «өскенде мен де осындай үйлер салуға осында келемін» деп бала қиялға берілетінмін. Әкем Унипа мен шешем Маңғаз ес білгелі мал шаруашылығымен айналысып, шаруашылықтағы алдыңғы қатарлы шопан болды. Отбасымызда 4 ұл, 4 қыз болып жарысып, қатар өстік. Қысы-жазы бір бітпейтін ауылдың тіршілігі біздерді өмірдің қиындығына да үйретті. Орта мектепті бітіргеннен кейін ауылды тастап, бірден оқу іздеп кетпей, бірер жыл ауылдағы құрылыстарда, кірпіш зауытында еңбек еттім. 1972-1974 жылдары әскерге алынып, азаматтық борышымды сонау солтүстіктегі Северодвинск қаласындағы жағалау әскері құрамында өткердім. Одан оралғаннан кейін Шымкент қаласындағы қорғасын зауытына кран жүргізушісі болып еңбек еттім. 1975 жылы Шымкенттен Қазақ химия-технологиялық институтына түсіп, одан инженер-құрылысшы, технолог мамандығын алып шықтым. Бірден Жаңатас қаласына келіп, «Қаратаухимстрой» мекемесінің құрылыс шебері болып еңбек ете бастадым. Бірте-бірте қызметім өсіп, прораб, бас инженер болып қызмет еттім. Қазіргі мына тұрған құрылыстарда табанымның ізі қалды деп мақтануыма болады. Еңбегім еш кетпеді, құрылыс саласының майталманы, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атандым. Тәубе, сол жылдар мен үшін үлкен мектеп болды, өнімді істерге толы, табысты жылдар болды. Жаңатас қаласының аумағы құрылыс алаңына айналды. Қалада заман талабына сай көпқабатты тұрғын үйлер бой көтердi. Қалаға көрік берген «Үш батыр» жастар комплексі, мәдениет үйі, халық «Бастилия» деп атап кеткен көз тартар тұрғын үй, қалалық аурухана, мектептер мен балабақшалар ғимараттарына, бірнеше саябақтың құрылысына біздердің үлесіміз бар десем қателеспеймін. Құрылыс сапасының жоғары болып, мерзiмiнде аяқталуына бар күш-жiгерiмізді жұмсадық. Әрбiр нысанның құрылысын бiтiрiп, ел игiлiгiне бергенімізде рахат сезiмге бөленетінбіз.

Кеңес Одағы ыдыраған 1990-жылдары қалаға сырттан келген өзге этнос өкілдері тарихи отандарына кете бастады, құрылыс тоқтады, қала қаңырып, карьерлер ашық-шашық қалды. Қатар жүрген әріптестерім де Алматы, Астана, Шымкент, Тараз қалаларына қоныс аударды. Менің де солар сияқты басқа өңірге кетіп қалуыма болар еді, бірақ атамекенімді, туған жерімді қимадым. Өйткені бұл менің бабаларымнан мұра болып келе жатқан атамекен, ақ мекен. 1998 жылы «Талапкер» атты ЖШС ұйымдастырып, жұмыссыз қалған жігіттердің басын қосып, қолдан келер үлкенді-кішілі жұмыстарды атқара бастадық. Жылдар өте өмір түзеліп, халықтың жағдайы қалпына келді, жұмыс көздері қайта ашылды. Енді міне, өз қолымызбен тұрғызылған Жаңатасқа да рең кіріп, жыл өткен сайын жақсарып келеді. Елімізге танымал «Қазфосфат», «Еврохим» алып компаниялары еңбек көрігін қыздырып, тұрмыс-тіршілікті жандандырып отыр. Ел-жұртқа керекті жай жасап, жұмыс орындарын ашып, қаланың қайта көркеюіне өз үлестерін қосып отыр.

– Анау Жаңатастың «желкесіндегі» тау қыраттарындағы көз сүрінер қаздай тізілген жел электрстанцияларының бағаналарына көңіл аударыңызшы. Сол күрделі құрылыстардың сапасын бақылайтын техникалық қадағалаушы инженері болдым. Бүгіндері өңірдегі энергия көзіне айналған сол құрылыс сәтті аяқталып, халықтың игілігіне айналды. Түрік ағайындардың қаржылай қолдауымен Тараз-Саудакент тас жолындағы Сорбұлақ маңында «Қазсода» құрылысы басталды. Ол да келешегінен мол үміт күттіретін өңірдегі күрделі құрылыстардың бірі. Сол құрылысқа суды Аққөл көлінен тарту жоспарланған. Тәжірибелі құрылысшы ретінде соны маған сеніп тапсырды. Қазір сол істі қолға алып, техникалық бақылау инженері болып еңбек етудемін. Шыны керек, бүгіндері жүргізіліп жатқан құрылыстарда білімді, білікті мамандар тапшы. Сол себептен барлық жерде құрылыс сапасы төмендеп кетті. Көп жылдардан бері сөз болған, шешімін таппай келе жатқан Құрылыс министрлігі биыл құрылды. Бұл өте құптарлық іс болды. Алдағы уақытта жаңа министрліктен көп жақсылық күтеміз, – деген ойын жеткізді Сейітбек.

Жаңатастан оңтүстік батысқа қарай бірер шақырым жүргеннен кейін Сарысу ауданының ең биік нүктесі – Аққырқа асуына келіп жетіп, бір сәт аялдадық. Таудың ерке самалы жүзімізді аймалайды. Алдымызда көсіліп жатқан қыраттар, белестер, ой-адырлар түгелдей ақ көрпе жамылып, мұрты бұзылмаған қалың қарға оранған. Күнге шағылысып, көз қариды. Сонау төбешік баурайында біздің Үшбас ауылы қарауытып көрінеді. Жүрек шіркін кеудеге симай лүпіл қағады, көңіл ерекше толқиды. Туған жердің тартылу күші дегеніміз, сірә, осы болу керек. Танымал қаламгер Шерхан Мұртаза «Мен дүниежүзінің барлығын аралап шықтым, бірақ сәл көзімді жұмсам, түсіме өзімнің кішкентай ауылым – Мыңбұлақ кіреді», – деген екен жарықтық. Сондай сезім, тәтті түс менің бойымда соңғы кезде сиректеу болса да болады. Туған жер аңсатады, сағындырады, өзіне шақырады. Кей сәттерде өткен-кеткенді ой таразысынан өткізіп, ой-қиялға еріксіз орын бересің. Сонау тың игеру жылдарындағы осы өңірдің қыс көрінісін көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов:

«Жон (Көсегенің Көкжонын базбір кезде жергілікті тұрғындар қысқартып Жон деп атай береді– С.О.) үсті жақында жауған қарын қуғылайды. Алыс жиек қана емес, жақын жерлердің өзінде де ирек-ирек күртіктер үстінде түтіндей, құйындай бұралып шалқи түсіп, жаяу боран – ақ жорға жүре бастады.

Күн анық аязды, желді борасынға айнала берді. Айқын жол жоқ. Бұларды бастап келе жатқан бірер машинаның ескі сүрлеуі ғана. Ол кей жерлерде боран астында басылып қалады. Кей тұстарда омырылған томар-томар қар кесектерін, үлкенді-кішілі қиыршықтарын көрсетіп қояды. Кешке де, таңғы елең-алаңда да, қазіргі жаяу боранда да жат жолдағы жатырқағыш жолаушы-тракторшыны бастап келе жатқан соқыр жол осы.

Жон енді біразда кей тұстарда жақпар тастарды, қатпарлы қатар төбелерді, сирек бұталарды жиілетті. Боран қара тастан да, қалтылдаған тікенді шеңгелдің үсті-басынан да, бауырынан да ұйтқып өтіп жатыр. Новиковтың көзі тек қана алда, соқыр жолда болатын», – деп суреттейді өзінің «Түркістан солай туған» атты шығармасында. Жазушының аталмыш очеркі 1955 жылы «Әдебиет және искусство» журналының 12-санында жарияланып, кейіннен жеке кітап болып шыққан.

Одан бері, міне, 70 жылға жуық уақыт өтсе де бұл аймақтың қыс көрінісі баяғыдай, сол қалпы, тым көп өзгеріске ұшырай қоймаған. Аталған тың кеңшары Орталық Азиядағы Түркістан әскери округінің шефтік қамқорлыққа алынуымен құрылған. Сондықтан да бұл кеңшарға Түркістан атауы берілген.

Негізінен тың және тыңайған жерлерде жаңа кеңшарларды ұйымдастыруға әскерилерді тарту арнайы қаулымен реттелді. Кеңес одағы Министрлер Кеңесінің 1954 жылдың 14 қазанында «Запасқа шығатын әскери қызметкерлерді ауыл шаруашылықтарында пайдалану жайлы» қаулысы шықты. Сол қаулыға сай 85-90 мың әскери қызметші жаңадан ұжымдасып жатқан кеңшарларға жолдамамен жіберіліп жатты. Мәселен, Орталық Азияда орын тепкен Түркістан әскери округі Сарысу ауданындағы Түркістан кеңшарын өз қамқорлығына алған. Запасқа шыққан солдаттармен бірге техника, әскери шатырлар, көшпелі монша, асхана, үлкен су, жанар-жағар май құятын ыдыстар, құрылыс материалдарын жеткізді. Олар кеңшарда 1955 жылдың жазында бір көшенің бойында 2 пәтерлік 6 үй, 4 пәтерлік 12 ағаш үй тұрғызды. Сол себепті де жаңа құрылып жатқан кеңшар осы әскери округтың атымен Түркістан деп аталды. Кейін кеңес заманы өткенде ауылға осы өңірдің тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері Әшір Бүркітбаевтың есімі берілді. Ал, біздің Үшбас ауылы осы Түркістан ауылдық округінің құрамына кіретін ауылдың бірі.

Құрметке лайықты емес мамандық сирек шығар, сірә. Ал, құрылысшы мамандығы дегенiңiз – бойыңыздағы жетi өнерiңiз де аздық ететiн қыры да, сыры да мол кәсiптердiң бiрi. Қыстың қақаған аязы мен шiлiңгiр шiлденiң аптап ыстығында ел игiлiгi жолында еңбек етiп жүрген жандарды бейбiт күннiң батырлары десек болмас па?!

Иә, құрылысшылар – жер жүзіндегі мәңгілік, жасампаз, ең бейбіт кәсіптің иесі. Сәулетті құрылыстарымен, материалдық құндылықтарымен болашаққа жол тартар өркениетті жасайтындар да солар. Көне дәуірдегі ескерткіштер мен күні бүгінгі көкпен таласқан зәулім ғимараттар құрылысшылардың құрыш қолымен жасалған. Сондықтан болар, олардың еңбегі әрқашан да елеулі, заманауи және қажетті. Қырық жылдан астам уақытын қызығынан гөрi қиындығы басым құрылыс саласына арнаған жандардың бiрi жанымдағы жерлесім – Сейтбек Унипаұлы екен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады. Себебі отаншылдық, ең алдымен, туған елінің игілігі үшін қызмет ету деген сөз. Ол үшін, әрине еңбекқор, іскер болу керек. Ұлы Абай айтқан «Толық адам» ұғымы – болмысы кемел, көзқарасы терең, көкірегі ояу, еңбекқор адам дегенді білдіреді», деп дәл осындай еңбек адамдары туралы айтты. Себебі, халықты Сіз бен біз жарыса айтудан алдымызға жан салмай жүрген жарқын болашаққа тек осындай атпал азаматтар ғана алып барады.

Бүгiнде Сейтбек Унипаұлы жұбайы Зина екеуі ұл-қыз тәрбиелеп отырған үлгiлi отбасы. Ұлы Азамат – республикамыздың бас прокуратурасында бөлім бастығы, қызы Асылай – Астана қаласындағы емханада дәрігер-терапевт. Жарыса өсіп келе жатқан немерелері көз қуаныштары. Абырой биiгiнен көрiнiп, ел игiлiгi үшiн еңбек етiп жүрген әкесiн ұл-қыздары әрдайым мақтан тұтады. Ал, Сейтбек пен Зинаш ұл мен қызының өмiрден өз орнын тапқанына дән риза.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support