- Advertisement -

Бірлік – берекеге бастайды

29

- Advertisement -

Еліміз егемендік алғаннан кейін көптеген әулет өздерінің шаруа қожалықтарын ашып, ынтымақ пен бірліктің нәтижесінде істерін ілгерілетті. Солардың бірі – Сарысу ауданы, Түркістан ауылдық округіндегі Дүтбаевтар әулеті. Әкелері Аманбай Дүтбаев өңірімізге, Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарына да көкпаршы, шабандоз ретінде танылған.

Аманбай ақсақал осыдан отыз жыл бұрын ауылдағы алғашқы шаруа қожалықты өзі ашып, жаңашыл іске тәуекел еткен екен. Төрт түлік малдың жай-күйін жақсы білетін Аманбайға мал өсіру, шаруашылықты дамыту қиынға соқпапты. Беріректе балаларына еншілерін бөліп берген. Қазіргі таңда Есенқұл, Мейрамхан, Айтбек Дүтбаевтардың аты аудан көлемінде жақсы жағынан шығып келеді. Үш баласы үш шаруа қожалықтың төрағасы. Атап айтқанда, «Мұрат», «Мейірлан», «Саят» шаруа қожалықтары ағайынды үш жігітке тиесілі. Үшеуінің де шаруашылығы өркендеп, тауып жатқан табыстары да қомақты. Бөлек-бөлек шаруа қожалық болғанымен, маусым кезінде біріне-бірі қарасып, көмектесіп, қолұшын беріп тұрады.

Біз жақында Түркістан ауылдық округінде ел қоныстанған аймақтан алыстау орынға 150 жылқы бордақылап отырған «Саят» шаруа қожалығында болып қайттық. Мұнда бір мезгілде 150 жылқы бордақылауға арналған, іші жылы, қажеттіліктермен жабдықталған баз бар. Ол баздың құнарлы жем тұратын қоймасы, жылқы союға арналған алаңы қарастырылған. Бірнеше жылқыны сойып алуға қыстың бораны, дауылы мен жаздың ми қайнатар ыстығы да әсер ете алмайды. Қасапшыларға қиындық тудырмайтын қолайлы жағдайдың бәрі мұнда бар. Бір сөзбен айтқанда, жыл он екі ай қорасынан да, жайылымынан да мал үзілмеген бұл шаруашылық Жаңатас қаласының 60 пайыз тұрғынын етпен қамтып отыр.

Жалпы, бұл шаруа қожалықтың 560 гектар жайылымында 400 жылқы жайылып жүр. Ал, жайылымдағы жылқының ішінен бордақылауға лайықты 100 шақты басты іріктеп әкеліп, қорада күтімге алады.

– Бордақыларды шетінен дайын болғанын сойып, еттей сатамыз. Жаңатас қаласында ет сатумен айналысатын төрт жеке кәсіпкермен тұрақты түрде жұмыс істейміз.

Баққан малдың етті болуы үшін беретін жем-суына да мән беру керек. Біз бордақылайтын жылқыларға бидайды қайнатып, бөктіріп береміз. Сонда ол малдың асқазанына жайлы, тез сіңімді әрі семіруіне жұғымды болады. Сол себепті осы бордақылау алаңын салған кезде-ақ екі тайқазанды әкеліп, орнатқанбыз. Бұл жерге электр желісі, көгілдір отын тартылған. Екі тайқазанды газбен қайнатамыз, от жақпаймыз. Ал, көкпарға баптайтын аттарымызға күш-қуаты артсын деп жаздың күні алма, додаға түсер алдында сәбіз береміз. Өз облысымызбен қатар, көршілес жатқан Түркістан, одан ары Қызылорда облыстарында қандай көкпар болса, бәріне қатысып жүрміз. Ұлым Саят та көкпаршы. Көкпарға түсетін аттарға да бөлек күтім керек. Алдымен аяғын тазалап, тұяқтарына таға саламыз. Содан соң екі ай суытамыз, яғни қатты шаппай, жай жүріспен серуендетеміз. Содан соң ғана көкпарға шығарылады. Әрбір суыту кезінде, көкпарға түсерде және додадан келгеннен соң шомылдырып тұрамыз. Осы базымызда арнайы ат шомылдыратын орынды да жасап қойғанбыз, – дейді шаруа қожалық төрағасы Айтбек Дүтбаев.

Енді Айтбек Аманбайұлы «Ауыл аманаты» жобасының да қолдауын көруді дұрыс көріп отыр. Аталған жоба аясында 8,6 миллион теңге несие алып, оған 15 бие сатып алып, жылқы санын өз төлімен көбейте беруді көздейді. Алдағы жылдары 200 жылқы бордақылауды жоспарлап отырған шаруашылықтың ауылдық округтің экономикалық дамуына қосар үлесі зор.

Жылқы шаруашылығынан бөлек, бұл қожалық оншақты сауын сиыр ұстайды. Қымыз бен сиырдың сүтін әлі сатылымға шығара қоймапты. Бұл да қазақы болмыстан аспағаны, қанағатшылдықтары шығар деп ойладық. Айтбектің жұбайы Назира он сиыр мен бірнеше биені де өзі сауады. Жақында келін алып, жұмысы біраз жеңілдеп қалыпты.

Біз «Саят» шаруа қожалығының мал бордақылау кешенінен береке мен ынтымақты, маңдай терді көрдік. Мал бордақылау кешенінің айналасына тегіс бейнебақылау камералары орнатылған.

– Округ аумағында мұндай дамыған шаруа қожалықтың болуы өте тиімді. Ағайынды үш азамат әулеттің қажеттілігінен бөлек, округтің қажеттілігінен де көмектерін аямайды. Ауылдағы жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық жасап, қоғамдық іс-шараларға қатысып, елдік мәселелерге демеушілік жасап жүр. Туған жерге туын тіккен азаматтарға ауыл халқы дән риза, – дейді Түркістан ауылдық округінің әкімі Ақан Шортанбаев.

 

Есет ДОСАЛЫ

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support