- Advertisement -

Жаңаша ойлайтын жастарға мүмкіндік

33

- Advertisement -

Былтырдан бастап өңірде жастар кадрлық резервінің игілігін көретін салалар саны артты. Енді аймақтағы басшылық лауазымы бос тұрған мектептерге аталған бағдарлама аясында әзірленген мамандар директор болып тағайындала алады. Бұл үрдіс былтыр сәтті жүзеге асқан болатын.

2023 жылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы мен Президенттік Жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша білім берудегі өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау жөніндегі жобаны іске асыруда. Еліміздегі білім сапасын одан әрі арттыру, менеджментті нығайту және мақсатында ұйымдастырылған кадрлық резервке тіркелген үміткерлер сегіз айдың ішінде іріктеуден өтіп, жеке, кәсіби, басқарушылық, аналитикалық дағдылар мен құзыреттерін дамытқан. Үміткерлерді іріктеу және біліктілігін арттыру бойынша іс-шараларды «Педагогикалық шеберлік орталығы» өткізген болатын. Бұл туралы аталған орталықтың басшысы Гүлмира Тортаева айтты.

– Педагогикалық шеберлік орталығы өткен жылды табысты аяқтады. Бұған дәлел боларлық жетістіктеріміз аз емес. Мәселен, «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы шеңберінде «Мектеп басшыларының кадрлық резерві: әлеуеті және даму стратегиялары» курсына 9 педагог қатысып, 7-еуі оқуды сәтті аяқтады. Бүгінгі таңда педагогтің 4-еуі мектеп директоры лауазымына тағайындалды. Курстан кейінгі қолдау жоспары аясында 455 іс-шара өткізіліп, 10 зерттеуге қатысты, – дейді орталық директоры.

Айта кететін жайт, бағдарлама бүгінгі таңда пилоттық режимде іске асырылуда. Жоба шеңберінде Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен республикалық кадр резервіне қабылданған кандидаттардың тізімі бекітілді. Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, бастапқы кезеңде барлығы 8068 өтінім түскен, соның ішінен білім беру ұйымдарының басшылары лауазымына үміткер 208 адам іріктеліп алынды. Білім берудегі өзгерістің көшбасшыларын іріктеу бес кезең бойынша жүзеге асырылған.

Орталық тарапынан оқыту базалық, ілгері және кәсіби деңгей сынды үш модуль бойынша жоспарланған. Үміткерлер әр деңгейден кейін аралық және қорытынды бағалаудан өтіп отырған. Соңғы модуль шеңберінде ең күрделі тақырыптарды, яғни білім беру саласындағы заңнама және мемлекеттік бюджет, әлеуметтік капитал және әлеуметтік әріптестік, жобалық менеджмент бағыттары талданды. Үшінші кезеңде қатысушылар «Мектеп басшыларының кадрлық резерві: әлеуеті және даму стратегиялары» болашақ топ- менеджерлердің тағылымдамасы негізінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінде, «Білім инновация» лицейінде тағылымдамадан өтті. Төртінші кезеңде – қорытынды бағалау рәсімінен және бесінші кезеңде – министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өткен. Қорытынды бойынша басшылардың республикалық кадрлық резерві құрылып, 19 қаңтар күні Астана қаласында резервшілерге салтанатты түрде сертификат тапсырылды. Бүгінде резервшілердің дені бірінші басшының бос орнына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалуда. Орталық берген мәліметке сүйенсек, биыл «Мектеп басшыларының кадрлық резерві: әлеуеті және даму стратегиялары» курсында 232 педагогті оқыту жоспарлануда.

Бүгінде аталған жобаны сәтті аяқтаған ұстаздар басшылық қызметке келіп, алған білімдерін өз тәжіриебелеріне кеңінен пайдаланып жатқан жайы бар. Соның бірі – Марал Туғанбаева. Білікті маман жобаның қалай жүзеге асқаны жөнінде баяндап берді.

– Мен былтыр «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы шеңберінде «Мектеп басшыларының кадрлық резерві: әлеуеті және даму стратегиялары» курсына қабылданып, білім алуға мүмкіндік алған ұстаздың бірімін. Берген өтінімімнің негізінде Назарбаев Зияткерлік мектебінде тест тапсырып, жоғары нәтижеге жетіп, жобаға қатысуға шақыру алдым. Бұл – бірінші кезең. Ал, екінші кезеңде Алматы қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығында оқыдым. Үшінші кезеңде Тараз қаласындағы Білім-Инновация лицейінде тағылымдамадан өттім. Төртінші кезеңде қорытынды бағалау рәсімін сәтті аяқтадым. Бесінші кезеңде министрлік жанындағы комиссияның алдында әңгімелесу жүргізілді. Үміткерлер әр кезең сайын іріктеліп, соңында 208 адам курсты сәтті аяқтадық. Курс барысында білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз екеніне көзім жетті. Атап айтқанда, білім беруге қойылатын жаңашыл талаптар, білім саласындағы жаңа трендтер, заманауи парадигмасы, кәсіби сауаттылық, оқыту мен тәрбиелеудегі құндылыққа бағдарланған тәсілдемелер, тайм менеджмент, өзгерісті басқару, мектептегі педагогикалық кәсіби өзара әрекеттесу, көшбасшылық стиль және мектеп директорының басқару стилі, басшының жеке кәсіби бренді мен имиджі, деректер негізіндегі мектепті басқару бағыттары бойынша өз біліктілігімді арттырдым. Жобаға қатысудың мен үшін маңызы жоғары болды. Себебі, өзімнің жұмысымды әрі қарай жетілдіруге, жаңа тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік алдым. Әріптестеріме де осы жобаға қатысуға кеңес беремін. Бүгінгі таңда аталған жобаны сәтті аяқтағанымның нәтижесінде биылғы 25 қаңтардан бастап Жамбыл ауданы, Гродеково ауылындағы Гродеково орта мектебінің директоры лауазымына тағайындалдым, – деді ол.

Білім саласына қашанда жаңашылдық қажет. Бұл үдерістер ұстаздардың біліктілігін арттыру негізінде жүзеге асатыны белгілі. Билік тарапынан бұл жағы кемшін болып жатқан жоқ. Бұған жастар кадрлық резервінің білім саласында да қанатын кеңге жайғаны дәлел бола алады. Биылғы нәтижелер жеміс берсе, өңіріміздегі бірталай мектепте жаңаша ойлайтын, заманауи үрдістерді меңгерген директорлар басшылыққа келеді деп жоспарлануда.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support