- Advertisement -

Финдік білім берудің артықшылығы

39

- Advertisement -

Білім саласында фин оқушылары әлемнің ең биік жоғары деңгейін көрсетіп отырғанын баспасөз жарыса жариялап келеді. Финдік білім беру моделі баланың еркіндігі мен қаржылық ой-өрісін биіктетіп, функционалды дамуына септігін тигізіп, оқушы бойындағы шығармашылық қабілеттерін, білімге деген қызығушылығын дамытуды көздейді. Бұл бағыттың жетістігіне баға берген зерттеушілер осы оқытудың оң нәтиже беріп отырғаны сол – білім саласынан финдіктер оқ бойы озық болып тұр.

Абай бастауыш гимназиясы өткен жылдың қыркүйек айынан бастап финдік білім беру жүйесінің элементтерін дәстүрлі форматпен ұштастырып, жұмыс жасап келеді. Бүгінде бұл мектепте 22 мұғалім қызмет атқарса, 300 оқушы білім алады. Жоспар бойынша 2023-2029 жылдар аралығында мектеп ұжымы осы тәжірибені қолдану арқылы нәтижеге қол жеткізуді мақсат тұтқан.

– Біздің мектеп жүйесіндегі ең басты қағида – оқушылардың сабаққа қызығушылығын ғана арттырып қоймай, өмірде өз орнын табуға үйрету. Олар білім алуда өздерін еркін ұстайды. Дәстүрлі форматтағыдай тек қана партада отырып оқымайды. Өз қалауымен коворкинг әдісі бойынша кілемге жайғасса да, тұрып жүріп оқимын десе де өз еркі. Басқа пәндер финдік білім беру жүйесінің элементтерімен өткізілсе, қаржылық сауаттылық пен жаратылыстану пәндері финдік бағытта жүреді. Жаратылыстану пәнінде 25 минут кабинетте теориялық білімін өтетін болса, қалған 20 минутын практика жүзінде «GREEN HOUSE» зертханалық кабинетте өсімдік өсіріп, түрлі зертханалық жұмыс жасауға ұмтылады. Ал, қаржылық сауаттылық сабағы бойынша, бала өз қаржысын басқаруды, ұйымдастыруды және қаржылық тәуелсіз болуды үйренеді. Жаңашылдық пен ізденіс оқушыларды жан-жақты дамытады. Мемлекеттік мектептен ерекшелігіміздің бірі – бізде тек үздіктермен жұмыс жасау деген жоқ. Ашық сабақ, басқа да іс- шараларда оқу озаты, үлгерімі нашар оқушы деп бөлмейміз. Оқушылардың барлығын қатыстырып, ашылуына, оқу процесі барысындағы нәтижесін көрсетуіне мүмкіндік береміз. Одан бөлек, «Practical life» жобасы ұйымдастырылған. Мұнда оқушы өз-өзіне қызмет етуге, алған теориялық білімді өмірде қолдана білуге үйренеді, – дейді бастауыш сынып бірлестігінің жетекшісі Айнұр Аюбаева.

Бұл мектептің ұстаздарына «Финдік білім беру жүйесін енгізу қазақ халқына жасалған қиянат емес пе?» деген сұрақ жиі қойылады екен. Алайда, ұстаздардың айтуынша аталған мектеп финдік білім беру жүйесінің элементтерін дәстүрлі форматпен ұштастыра оқытады. Себебі, мектеп жан-жақты тәжірибеге мән бере отырып, ұлттық қағида мен құндылықтардан асып кетпеуді бірінші орынға қояды.

Сондай-ақ, осы тұста «Ілім- біліммен ғана шектеліп қалмай, баланы өмір сүруге бейімдеудің несі артық?» деген сауал туындайды. Қазіргі дәстүрлі жүйенің түлектері қолына аттестат алып, үлкен өмірге қадам басқанда үлкендердің көмегіне жүгінетіні жасырын емес. Ал, финдік білім жүйесінің ең басты мақсаты – бала мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, үлкен өмірге бейімделеді, қоршаған ортамен өз бетінше қарым-қатынас жасап үйренеді. Сондықтан баланың өмір сүруге деген қабілеті артып, заманауи сұраныстарға икемді болып жетіледі.

Мәселен финдер өз кезегінде: «Біз оқушыларды өмір сүруге әзірлейміз», – деген екен. Расында финдіктерде мектепте өмірге керек нәрселерге қатты мән беріледі. Мәселен, оларға бір үлкен құрылғының құрылымы, схемасы қажет емес. Оның орнына қаршадайынан портфолио, контракт, банк картасының не екенін жақсы біліп өседі. Мұрадан, болмаса болашақ айлықтан алынатын салықты есептеп, интернетте сайт-визитка жасай алады, құнсызданған тауар бағасын есептей алады. Ал, бұл нәрсе заманауи ұрпаққа жат па? Өмір сүру үшін де ең керегі осы емес пе?

– Қыркүйек айында бірінші сынып оқушыларын қабылдаған сәт әдеттегідей отбасынан ұзай қоймаған балаларды ортаға үйрету, бейімдеу оңай болмады. Себебі, бірі даярлық сыныбына бармай, мектеп табалдырығын аттаса, енді бірі ата-анасының еркесі болғандықтан мектеп тәртібіне үйренуі үшін уақытты қажет етті. Финдік бағыт бойынша ең бірінші мәселе – ол баланы еркін тәрбиелеп, көңіл-күйіне мән беру болды. Бүлдіршіндерді еркін тәрбиелеу барысында оң нәтиже көре бастадық. Олар бүгінде ойын анық жеткізеді. Сондай-ақ, оқушылардың тез арада мектепке үйренуі ол мұндағы үйірмелердің де жетістігі. Себебі, бала түстен кейін де мектепте отырып өзінің сүйікті ісімен айналысып, уақыттарын қызықты өткізеді. Сол себептен сабаққа қатысулары да белсенді, – деді мектеп психологы Жанар Қанатбекова.

Тапсырма орындау бағытындағы тағы бір ерекшелік – ұстаздың түсіндірмесінен кейін оқушы ортаға шығып, әдеттегідей сабақ айтуға міндетті емес. Оның орнына әр оқушы өз қалағанындай бірі өз түсінігін суретпен жеткізсе, енді бірі түрлі кейіпкердің образында роль ойнағандай кейіпте айтып беруге немесе өз қалағанындай жеткізуге мүмкіндік берілген. Мұндағы басты себеп, кейбір оқушының көпшіліктің ортасына шығып, түсінік айтуға қысылуы. Сондықтан, әр оқушының өз икеміне қарай тапсырма орындауына жағдай жасалған.

Осы орайда балалардың ата- анасымен де сұхбаттасып, олардың да ойын сұрап көрдік.

– Ұлым Хамит Айсұлтан 2-ші «в» сыныбында оқиды. Балам бұрын тұйық, ынжық еді. Оған бір себеп, кішкентай кезінде қатты қорқып қалған. Содан бойында үрей қалып кеткені сезілетін. Сондықтан ортаға үйренуі қиындық тудыратын. Сабаққа деген қызығушылығы болмайтын. Біз осы маңайға қоныс аударғандықтан, басқа мемлекеттік мектептен ауысып, Абай мектебіне келдік. Қазір ұлым мектепке баруға асығады. Бұрын өзімен өзі тұйықталып қалған бала, бүгінде өзіне нық сенімді. Кез-келген ортаға кіріп, әңгіме-дүкен құрып кете алатындай қабілетті. Оған себеп – Абай мектебінің ұстаздары баланың бағытына қарай, мінез-құлқы, қабілетіне қарай икемдеп оқытады. Мен ғана емес, жалпы барша осы мектепке оқушы берген ата-аналар мақтап отыр. Басшылығына да разымыз. Ұстаздары да ерекше. Баланы ашудан, өзіне деген сенімін оятудан, қызықтырудан финдік білім расында алда келеді екен, – дейді ата-ана Алина Айтжанова.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support