- Advertisement -

Тісжегі көбейіп барады

28

- Advertisement -

Статистикаға сенсек, еліміздегі балалар арасында тіс жегісінің таралуы 75 пайызды құрады, ал ауылдарда 98 пайызға жеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2023 жылы тісін «құрт жеген» балалар санын 20 пайыздан асырмауды ұсынды. Алайда, жыл сайын мемлекеттік және жекеменшік емханаларға қаржы бөлінгенмен, статистика жақсармай тұр. Облыс балаларының 25 пайызының ғана тісі сау. Көпшілігі тіс жегісі және пародонтит ауруына шалдыққан.

Бүгінде қазақстандық әр бала тіске құрт түсу, тіс жегісі, ұры тіс шығу, стоматит, тістің қисық өсуі сынды мәселенің кемінде біреуімен бетпе-бет келеді. Мамандардың айтуынша, қазір ауыз қуысы сау бала жоқ. Оның алдын алып, уақытында емдемесе тісі түзу, түгел болмауы әбден мүмкін. Өйткені қаншама ата-ана баласының тісіне немұрайлы қарайды. Оны ауруға жатқызбайды. Бала қатты ауырып, жылағанда ғана емхана іздейді. Ол ауру асқынған кезде баланың тісін жұлып тастауға тура келеді.

Тісжегі дегеніміз – микроб. Ауыз қуысында 2000-ға жуық микроб болады. Бала аузын шайып, тісін тазалап тұрмаса, микробтар көбейе береді. Ол тістің көрініп тұратын бөлігін жоқ қылып, тек түбірін қалдырады. Мамандар тіс жегісі мен оның асқынуына баланың тәттіні көп жеп, газдалған тәтті сусындарды ішуі әсер етеді дейді. Бұған қоса, балалардың тамақты асығыс шайнап, қатты тағамды толық шайнамай жұта салғаны да мәселені ушықтарады.

– Баланың тісін ана жүкті кезінен бастап ойлауы керек. Аяғы ауырлағаннан бастап құнарлы тағамдар ішіп, түрлі витаминдерді тұтынғаны жөн. Әсіресе, жүктіліктің 18 аптасында баланың тісіне қажетті кальций витаминін міндетті түрде қолдану керек. Сондай-ақ, ананың да денсаулығы бұл жерде өте маңызды. Егер онда тіс ауруы болса, нәрестенің де тісі сондай болады. Көбіне ата- аналар сүт тіске мән бермейді. Ол құрттап, өзі түсіп, орнына сау тіс шығады деп ойлайды. Шындығында, сүт тістері зақымданған болса, орнына сау тіс шықпайды. Міне, осыны естен шығармаған жөн. Кішкентай баланың өзіне тамақ ішкеннен кейін аузын таза сумен шайғызып отыру керек. Таңғы ас пен кешкі астан кейін міндетті түрде тісін тазалауды әдетке айналдырып, қадағалап отыру қажет», – дейді облыстық орталықтандырылған емхананың балалар тіс дәрігері Анар Естемісова.

Дәрігердің айтуынша, тіс ауруының алдын алу тек тісті қорғап қана қоймайды, ішкі құрылысқа қатысты түрлі аурулардың алдын алады. Сондықтан, баланың тісі ауырмаса да жылына екі рет тексеруден өтіп тұрғаны дұрыс. Себебі, тіс ауруының асқынған түрін емдеу өте күрделі. Ал, ондай жағдайда толық емдеткен абзал.

«Ауылымызда арнайы тіс емханасы жоқ. Жалпы, емханада арнайы кабинет, қажетті құрылғылар да бар. Бірақ маман жоқ. Сондықтан тісті жұлғанымен, емдеу шараларын жасату үшін баланы Таразға әкелеміз. Ол үшін арнайы жұмыстан сұрану керек, тағы ол бір күнде күтетін шаруа емес. Осындай сылтаулармен жүріп қалатынымыз рас. Жақында ғана 6-сынып оқитын қызымның тісі ауырып, қалаға әкелдім. Ауыз қуысындағы өзгерістен соң, тістері бірінің үстіне бірі шығып кеткен еді. Бұл оның жақ сүйегінің дұрыс дамымауына әсер етіп жатыр екен. Оны уақытында дәрігерге көрсете алмаған болатынбыз. Енді пластинка қойды. Әр ауылдың өз тіс дәрігері болса, мұндай машақат та болмас еді», – дейді Талас ауданы, Амангелді ауылының тұрғыны Гүлнәзия Тәтенова.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support