- Advertisement -

Жамбылда да жер сілкінді

38

- Advertisement -

Төтенше жағдайлар министрлігінің Сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 минут, 02 секунд және 00 сағат 42 минут, 32 секундта жерасты серпілістерін тіркеді. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 километр жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы болды.

Сейсмологтардың мәліметінше, еліміздің оңтүстік астанасында MSK- 64 шкаласы бойынша 5 және 2 балл жер дүмпуі тіркелген. Сонымен қатар, Астана, Шымкент қалалары мен Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында да жер сілкінісі сезілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің дағдарысты жағдайларды басқару орталығы азаматтық қорғау қызметтерін тарта отырып, жедел тәртіпте төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық штаб құрып, жұмыс жүргізді. Осындай штабтар аумақтық деңгейде де құрылды. Барлық азаматтық қорғау қызметтеріне ұйымдастырушылық сипаттағы тапсырмалар беріліп, күштер мен құралдар жоғары дайындыққа келтірілді. Жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша, республика қалалары мен облыстарында зардап шеккендер мен қиратулар туралы мәліметтер түспегені нақтыланды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары алдағы күндері елімізде 7 балдан асатын зілзала болмайтынын хабарлады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, Алматы қаласында және еліміздің басқа да өңірлерінде жағдай тұрақты.

Сейсмология институтының ресми деректеріне сәйкес, Жамбыл облысының аумағында (MSK-64 шкаласы бойынша) 3 балға дейін серпіліс сезілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде штаб жұмысы ұйымдастырылып, психологиялық көмек көрсету үшін «жедел желі» телефоны іске қосылды.

Жер сілкінісі – бұл жер қыртысында немесе жоғарғы мантияда кенеттен орын ауыстыру және жыртылу нәтижесінде пайда болатын және серпінді тербелістер түрінде ұзақ қашықтыққа берілетін жерасты дүмпулері мен тербелістер. Жер сілкінісінің қарқындылығы 12 балдық сейсмикалық шкала (MSK-86) бойынша бағаланады. Мәселен, 7-8 балдық күші бар қиратушы жер сілкінісі аймағына Тараз қаласы және облыстың 8 ауданы (Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай және Талас) енеді. Осы аудандарда шамамен 1 миллиондай халық тұрады.

Мамандардың айтуынша, жер сілкінісі кезінде адамдардың зардап шегуінің басты себебінің бірі – төтенше жағдай кезіндегі дүрбелең. Сондықтан тұрғындар жер сілкінісі кезінде қарапайым ережелерді сақтап, сенімді дерек көзінен алынған мәліметтерге ғана сенгені жөн. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті егер сіз төтенше жағдайға тап болсаңыз және өрт сөндірушілер немесе құтқарушылардың көмегі қажет болса, «112», «101» бірыңғай нөмірлеріне қоңырау шалу керектігін еске салады.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support